Жамбылда не жаңалық?

Талпынған жетер мұратқа

Талпынған жетер мұратқа

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы үнемі айтып келеді. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында да саланы серпілтуге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Ең бастысы елімізде өз ісін ашамын деген азаматтар үшін лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Осы орайда Тараз қаласының тұрғыны, «Айымбекова» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шолпан Айымбекованың батыл бастамасы бас бармақпен бағалауға тұрарлық. 12 жыл тіс емдеу саласында еңбек еткен ол отағасымен бірге «Make Smile» жеке клиникасын ашты. Сәйкесінше бірнеше маманды жұмыспен қамтып отыр.

– Өзім Жамбыл медициналық жоғары колледжін тіс емдеу мамандығы бойынша тәмамдадым. Жолдасым Мақсат Сламов та осы саланың өкілі. Екеуміз де он жылдан аса тіс емдеу саласында еңбек етіп жүргендіктен қызметке сұраныстың қашанда жоғары екенін жақсы білеміз. Содан бір күні «Неге жеке клиникамызды ашпасқа?» деген ой туды. Әрине, іс бастау оңай шаруа емес. Ғимараттан бөлек тиісті рұқсат құжаттары, қажетті құрал-жабдықтар, бәрі-бәрі алтын уақытты сарп етіп қана қоймай, жүйкеге де жүк түсіретіндігі белгілі. Бірақ белді бекем буып, кәсіп ашуға кірісіп кеттік. Көпқабатты тұрғын үйде орналасқан пәтерді тіс емханасына лайықтап қайта жасақтадық. Қаншама қиындықпен бетпе-бет келдік. Бірақ соның бәрін еңсеріп, өз клиникамызды аштық. Атауын да заманауи етіп таңдап, «Мәкеден әдемі күлкі» деген мағынада қойдық, – дейді Шолпан Айымбекова. Ерлі-зайыпты тіс емдеу мамандарының ерік-жігері «Талпынған жетер мұратқа» деген аталы сөздің ақиқат екенін айқын аңғартып тұрғандай. Біз клиниканың жұмысымен таныса отырып, мұнда мұнтаздай тазалыққа баса мән берілетініне көз жеткіздік. Қажетті құрал-жабдықтардың бәрі де соңғы үлгіде екені көрініп тұр. Жоғары білімді мамандар да өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарауда. Солардың бірі – стоматолог-терапевт Сымбат Халықбердіні әңгімеге тарттық. Өзі Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде «Стоматология» мамандығы бойынша білім алған. Ал 2019-2020 жылдар аралығында интернатураны тәмамдапты. Күнделікті айналысып отырған жұмысы болғандықтан ол тіс күтімі туралы сұрағымызға да мүдірместен жауап берді. – Ең әуелі тіс күтімі баланы жоспарлағаннан басталуы керек. Жүктіліктің алғашқы екі аптасында баланың тістері қалыптаса бастайды. Сол кезде болашақ анасы мүлде ауырмау керек. Созылмалы аурулары болса, алдын ала емдеу қажет. Яғни денсаулығы 100 пайыз жақсы болғаны абзал. Нәресте аман-есен өмірге келгеннен кейін 1 тісі шықса да қолға киіп қолданатын арнайы щеткалармен үнемі тазалап бастау керек. Баланың тісін 12 жасқа толғанша ата-анасы өзі қадағалап, жуу керек. Өйткені бала қалай тазалау керек екенін білмейді. Одан кейін күнде таңертең және кешке, яғни ұйқыға жатардың алдында міндетті түрде тіс жуу керек. Тағамдық рационда көмірсуларды азайтып, жеміс-жидек, көкөністерді көбейткен дұрыс. Сонымен қатар өзінің тұрақты стоматолог дәрігері болса жылына екі рет немесе әр үш ай сайын келіп отырғаны жөн. Ең басты қағида – дұрыс тамақтану мен гигиена, – дейді Сымбат Қайратқызы. Бүгінде «Make Smile» клиникасында ортодонт, ортопед, хирург, терапевт дәрігерлері еңбек етуде. Білікті мамандар тіс емдеу, тіс жұлу, протез салу, брекет жүйесін орнату сияқты бағыттары бойынша қызмет көрсетуде. Бір атап өтерлігі, зейнеткерлердің, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің тісін емдеу тегін жүргізіледі екен. Ақысыз қызметтердің өзінде де көптеген жеңілдіктер қарастырылған. – Өзіміз таңдаған сала болғандықтан әрі өсіріп отырған балаларымыздың болашағы үшін деп осы ұжымды қалыптастырдық. Әзірше мемлекет тарапынан ешқандай көмек алған жоқпыз. Қолда бар мүмкіндіктерімізге иек арттық. Болашақта қызмет түрлерін кеңейтсек деген ойымыз бар. Қазіргі таңда жұмыс кестесі сағат 9:00-19:00 аралығында болса, алдағы уақытта халықтың сұранысына орай түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Шолпан Айымбекова. Міне, «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы. Талпынды. Мақсатқа жетті. Біз жаңадан кәсіп бастап, қазірдің өзінде жұртшылықтың ықыласына бөленіп отырған мамандардың ісіне сәттілік тіледік.  

Бақыт ЖАЛҒАС,

журналист.

Тараз қаласы.