- Advertisement -

Функционалдық сауаттылық – заман талабы

837

- Advertisement -

Оқыту формалары мен әдістерінің алуан түрлілігі көрсетіліп отырған білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпараттармен қамтылып отырылуы қажет. Осы ретте функционалдық сауаттылық тілдік тұлғаның қазіргі қоғамдағы әрекетінің нәтижелігін анықтайтын әлеуметтік мәдени құбылыс ретінде әрекет етеді.

Біз өз кезегімізде функционалдық сауаттылық ұғымының шығу тарихына шолу жасап, бүгінгі таңдағы білім беру үрдісіндегі рөлі туралы сөз етеміз. Шет тілін меңгертудегі функционалдық сауаттылық түсінігі коммуникативті құзыреттілікпен тығыз байланысты. Осы екі ұғымды қатар қою арқылы шет тілін меңгертуде жоғары нәтижеге жеткізетін жаттығулардың сипаты құрылады.

Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарай ілесіп отыруы, адамның мамандығын әрдайым жетілдірді.

Базалық сауаттылық – мектеп қабырғасында қалыптасатын, болашақта өзін-өзі дамытуды, адамның сауаттылық деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін сауаттылықтың негізгі деңгейі. Ал функционалдық сауаттылық – тұлғалық құзыреттіліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін жоғары сауаттылық деңгейін сипаттайтын ұғым.

Сауаттылық ұғымы – дәстүрлі түрде жеке тұлғаның грамматикалық нормаларға сай оқу мен жазу дағдыларын игеру дәрежесі. Ұлттың мінез-құлқына сай – бірден-бір базалық көрсеткіштер мен әлеуметтік-мәдени дамуының бет-бейнесі. Сауаттылық ұғымының мазмұны тарихи тұрғыда қоғамдық талаптар мен индивидке қойылатын талаптардың ең төменгі шектік деңгейінің өзгеруіне байланысты өзгеріске ұшырады.

1969 жылы қыркүйек айында Тегеран қаласында өткен сауатсыздықты жою бойынша ағарту саласы министрлерінің Дүниежүзілік конгресінде «функционалдық сауаттылық» термині енгізілді.

1970 жылдардың ортасына дейін функционалдық сауаттылық ұғымы адамдардың кәсіби қызметімен байланысты болды. Кейіннен ғылымда бұл ұғым жан-жақты зерттеле бастады. Функционалды сауаттылық компьютерлік сауаттылықты, саяси, экономикалық сауаттылықты және т.б. қамтитын әмбебап әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылды.

Функционалдық сауаттылық білімнің әртүрлі қызметімен байланысты біріктіретін жеке тұлғаны әлеуметтік бағдарлау әдісі ретінде әрекет етеді және қолданбалы білім негізінде өмірлік міндеттерді шешу қабілеті ретінде айқын көрінеді. Мұндай сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметке қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін факторға, қоғамдық әл-ауқаттың индикаторына айналады.

Қазіргі кезеңде функционалдық сауаттылық ұғымы мағынасы жан-жақты зерттеліп, қоғам дамуын тежеуші сауатсыздықты жою мағынасында ғана емес, ұғымдық мағынасы іс-әрекеттің нәтижесі тұрғысында сауатсыздықты жою механизмдері мен тәсілдерін іздеу мәселесі ретінде де қарастырылады. Қазіргі ақпараттанған жаңа қоғамда функционалдық сауаттылық барлық қоғамдық деңгейлердің әрекет нәтижесінің жетістік түйіні болмақ. Жаңа сипатта функционалдық сауаттылық мағыналық тұрғыда кеңейіп, мәдениеттілік атрибуты дәрежесіне дейін көтерілді.

И.А.Мещеряковтың пікірінше, функционалдық сауаттылық – дағды мен білімді қамтамасыз ететін жеке тұлғаны дамытуға, жаңа білім алу мен мәдениет жетістіктерін игеруге бағытталған білім нәтижесі, жаңа техниканы қолдануды игеру, кәсіби міндеттерді жетік меңгеру, жанұялық өмірдегі сәтті үйлесімділік құра білу, өмірлік түрлі жағдаяттарды шеше алу болып есептеледі.

М.А.Холодная еңбектерінде жалпы білім беру процесін реформалауда екі базалық ұғымды анықтауға болатындығы айтылған. Олар құзыреттілік және функционалдық сауаттылық ұғымдары екенін атап өтті. Аталған ұғымдар оқытудың нәтижесі және білім мазмұны бағдары ретінде қарастырылады. Ол нәтижелер оқу әрекетінде, ақпараттық қолдануда, шығармашылық іс-әрекетте, жетістікте, еңбек әрекеттері нәтижелерінде көрініс табатынын қарастырды.

Құзырет ұғымына терминдік тұрғыда үңілсек ағылшын тілінен еніп, competencе «құзыреттілік», «құзырлылық» деген мағына береді. Мұндағы құзыреттілік ұғымы қабілеттілік, біліктілік деген мағына берсе, ал құзырлылық – іс-әрекет барысындағы құзыреттілік мағынасын береді.

Функционалдық сауаттылық пен құзыреттілік білім алушы игеруі тиіс сапалық қасиеттер ретінде қарастырылады.

Сонымен қоса М.А.Холодная функционалдық сауаттылық ұғымының оқу нәтижесі ретінде қолданылуымен қоса келесі айырмашылықтарын атап өтті. Олар:

1) тұрмыстық мәселелерді шешу бағытында;

2) жеке тұлғаның әлеуметтік жағдайдағы өзін ұстауының сипаттамасы;

3) дәстүрлі, стериотиптік міндеттерді шешудің байланысы;

4) оқу және жазу дағдысы деңгейінің элементарлық базалық деңгейі;

6) сауатсыздық мәселесін аз уақыт бірлігінде шешу мағынасында қолдану.

Жоғарыдағы ойлардан білім берудің әр деңгейі функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталатындығын байқаймыз.

Тұлға өзінің кәсіби білімінің, бірліктерінің, іскерліктерінің, дағдыларының, тәжірибесінің және тұлғалық қасиеттерінің деңгейімен, оның өзіне қатысты үздіксіз білім алуымен, атқарған ісіне шығармашылықпен, жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленеді. Осы аталған барлық қасиеттер білім берудің құрылымы мен мазмұнында ғана емес, сонымен қатар сауаттылық құрылымында да болуы тиіс. Біріншіден, бұл дегеніміз – тек қана кәсіби деңгейде өзекті болатын, сұранысқа толы функционалды сауаттылық, екіншіден, оның тек пәндік мазмұнға ғана тәуелді емес, сонымен қатар тұлғаның қасиеттерін қалыптастыратын компоненттері болып келеді. Функционалдық сауаттылыққа қол жеткізген студент білім алуы барысында өмірдің қалыпты жағдайларында кездесетін түрлі жағдаяттардың шешімдерін таба алатын қабілетке ие болған. Негізінен, қолданбалы білімін жүзеге асыра алатын деңгейдегі білім иесі болып табылады. Жинақтай алғанда, функционалдық сауаттылық студенттің жеке тұлғасының әлеуметтенуіне игі ықпал ететін басты тірек деп есептеледі.

В.А.Кан-Каликтің пікірі бойынша, студент қарым-қатынас жасай біліп, шығармашылық қызметті, қарым-қатынасты мақсатты түрде ұйымдастыры алуы керек. Осындай басқара білу коммуникативтік дағдыларын меңгеруі қажет.

Психология ғылымдарының докторы А.К.Маркова педагогикалық шеберліктің психология-педагогикалық қарым-қатынасқа қатысты екі тобын бөліп көрсетеді. Оның алғашқысы қарым-қатынаста психологиялық қауіпсіздік шарттарын құру және қарым-қатынас кезінде білім алушының не серіктестің ішкі резервтерін ашып, іске асыру тәсілдерін меңгертуі болса, екіншісі қол жеткізуге ықпал ететін жоғары деңгейдегі қарым-қатынас тәсілдері. Ал педагогика саласында ресейлік ғалым А.В.Мудрик қарым-қатынасқа тиісті ерекшелікті ойлау, сөйлей білу, байланыс жасауға бейімділік, зейінділік, белгілі бір бірлескен мәселені айқындай білу, жағдаяттарды бағдарлау деп беске бөліп көрсеткен.

Осындай психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде көрсетілген студенттердің функционалдылығын талдай отырып, тұлға қалыптастырудағы құзыреттілікті педагогикалық қызметтің тиімділігін айқындайтын жиынтық ретінде қарауға болады. Қорыта келгенде, студенттердің функционалдық сауаттылығы – сөйлеу, дискурсивтік, тілдік, әлеуметтік-мәдени құзыреттілікті қамтитын күрделі құрылым. Студент бойындағы танымдық қасиеттерді дамыту арқылы оның жалпы сауаттылығын қалыптастыруға болады.

 

Марфуға ҚОЖАМБЕРЛИЕВА,

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support