- Advertisement -

Достыққа қолдау көрсеткен «Даму»

47

- Advertisement -

Аймақта кәсіпкерлердің қаржылық мәселесін шешіп, екінші деңгейлі банктерден несие алуына облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он жылдан бері қолдау көрсетіп, жұмыс істеп келеді. Қордың облыстық филиалының басшысы Бақытжан Исаковтың айтуынша, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыстағы кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетуде. «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы іске асырылған сәттен бастап облыс кәсіпкерлері жалпы құны 255,9 миллиард теңгені құрайтын 4700-ден астам жоба қолдау тапқан. Оның ішінде 3200-ден астам жобаға «Даму» қорының кепілдігі беріліп, алынған несиенің жалпы сомасы 56,6 миллиард теңгені құраған.

Қордан қаржылық қолдау алған өндіріс орындарының бірі «Достық и К» ЖШС. Бұл компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағы сыйымдылығы 1, 2 және 3 литрге дейінгі шыны банкаларды шығарумен айналысады. Аталған кәсіпорын 2020 жылы «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «субсидиялау және кепілдік беру» құралы арқылы процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ өзге де құрал-жабдықтар сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы қаржыландырылған. Несие сомасы 314 миллион теңгені құрады, ал компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайызға айналды, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құрады.

Серіктестіктің цех бастығы Есберген Еламановтың айтуынша, шыны банкалар шығаратын цехтың жұмыс бастағанына да үш жылға жуықтапты. Зауыттың өндірістік цехында шыны банкалары өндірісі жақсы жолға қойылған. Зауытта тәулігіне 70-80 мың шыны банка шығарылады. Яғни банканың 12 түрін шығаратын зауыт цехында 56 адам жұмыс істейді. Ондағы бір желі сыйымдылығы 0,5-тен 1 литрге дейінгі банкаларды шығаруға арналған. Биыл оның екінші желісі іске қосылып, екінші желі сыйымдылығында 2 мен 3 литр аралығындағы банкалар шығарылуда.

– Зауыт банкаларды кең ассортиментте шығара алады. Жиынтықтар формаларының жеткілікті таңдауы бар. Өндірілетін өнім сапасы бойынша «Консервіленген тамақ өнімдеріне арналған шыны ыдыс» формасы мемлекеттік талаптың барлық стандартына сай келеді. Кәсіпорында шығарылатын өнімге Еуразиялық экономикалық одақ сәйкестігі туралы декларациясы бар. Бұл банктерді Кеден одағы елдеріне өткізуге мүмкіндік береді, – дейді цех бастығы.

Зауыт ауласында бір айға жететін шикізат қоры жинақталған. Цех басшысы Есберген Еламанов шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатынын айтты. Кейбір маңызды қоспаларын Ресей мен Өзбекстан Республикасынан алдырады екен.

– Біз бір тәулікте 40 тонна шикізатты шыны сынықтарымен қосып балқытамыз. Күнделікті халық тұтынатын бөтелке құтысы, есік және терезе сынықтарын, айна мен басқа да шыны қалдықтарын қаланың түкпір-түкпірінен жинатамыз. Өзге облыс орталықтарынан жинатып, жүк көліктерімен тасымалдап аламыз. Осы арқылы табиғатқа, жасыл белдеу қалыптастыруға өз үлесімізді қосудамыз десек те болады. Біріншіден, қала көшелерінде, табиғат аясында шыны ыдыстары қалдығының азаюына себепші болсақ, екіншіден, оны қайта өңдеп, банка жасап шығамыз. Әуелі шыны ыдыстарды арнайы тазалаудан өткізіп, құм мен соданы, басқа да қоспаларға араластыра отырып ұнтақтаудан өткіземіз. Одан кейін ол шикізат 1500 градустағы балқыту пешіне түсіп, 102 тонналық ваннада қайнап, балқып шығады, – дейді цех басшысы.

Сұйықтық цехтың екі желісі арқылы 0,5 грамнан 3 литр аралығындағы банкалар құймасына құйылып, ары қарай дайын өнімге айналу сәтін де көзбен көрдік. «Цех жұмысы тоқтап қалмас үшін бір ай бұрын бір айлық шикізат қорын дайындап аламыз. Құмнан бөлек, бөтелке, шиша қалдықтары республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналып, осында жеткізіледі. Қор жинақтау мәселесі шешімін тапқан», деді ол.

Дайын өнім Қырғыз және Өзбекстан Республикаларына экспортталуда. Ал зауыттың Қазақстандағы негізгі тұтынушысы Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы консервілеу зауыттары.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support