- Advertisement -

Қайраткер әйелдер – қоғам тірегі

79

- Advertisement -

«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы және партияның облыстық филиалы «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форум ұйымдастырды. Әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға ауылдық жерде тұратын әйелдер, үй шаруасындағы аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, көпбалалы аналар, бюджеттік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлер, депутаттар және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ Астана және Алматы қалаларынан арнайы қонақтар келді. Олардың арасында үй шаруасында жүріп-ақ елге танылған әйелдер де бар.

Жаратылысынан жаны нәзік болса да ауқымды жауапкершілікті көтеріп жүрген қыз-келіншектердің ел дамуына қосып жүрген үлесін көрсетіп, мәселелерін талқылауды көздеген форумды «Анаға тағзым» орталығының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали ашты.

– Кез келген қоғамда әйел-ананың орны ерекше. Кешегі өткен бабалардан қалған «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Ұрпақ жалғап, жас нәрестеге дүниені танытуды ақ сүтімен, әлди әнімен бастап, бала тәрбиесінің тұтқасын ұстайды. Сөйте отырып, елінің болашағын қалауға елеулі үлес қосады. Бүгінгі әйелдер табиғи міндетімен қоса елдің қоғамдық, әлеуметтік, саяси жұмыстарына да ер азаматтармен қатар араласып отыр. Міне, сондықтан да қыз-келіншектерге деген ықылас та, ниет те өзгеше. Соның бір болмыс-нышанын өз алдына іргелі мемлекет болып отырған біздің елімізден де көруге болады, – деді модератор.

Алғашқы сөз «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұловқа берілді.

– «AMANAT» партиясының билік пен халық арасындағы көпірді жалғаудағы рөлін өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Қоғамдық қабылдаулар арқылы жұртшылықтың мұң-мұқтаждарын билікке жеткізіп, жергілікті басқарушы органның өкілдерін елді мекендерге ертіп барып, оларды тұрғындармен жүзбе-жүз кездестіре отырып та талай мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болып келеді. Бұл саяси ұйым қайырымдылық істерге де ұйытқы болып жүр. Халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетіміздің саясатын ел арасында насихаттауда да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Осындай ауқымды жұмыстардың сәтті жүзеге асуына әйелдер де атсалысып келеді. Жалпы әйел адамдардың қоғамда алатын орны ерекше. Партияның бірқатар жобаларында нәзік жандылардың маңызы зор екенін айта кеткім келеді. Мұндай жиын «нәзік жандылардың» ел дамуына қосқан үлесін айта келіп, ауылдық аймақтардағы әйелдерге қоғамның назарын аудартуды көздейді, – деп форум жұмысына сәттілік тіледі.

Жамбылдық қыз-келіншектермен жүздесуге келген Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова өз сөзінде:

– Әйел азаматшалардың, соның ішінде ауыл әйелдерінің мәселелерін талқылауға арналған, «AMANAT» партиясы ұйымдастырған бұл форум бүгінгі қоғамдағы ең керекті іс-шара деп ойлаймын. Себебі, әйел – отбасының ұйытқысы және дүниеге жаңа ұрпақ әкелуші. Қазіргі уақытта біздің мемлекетте әйелдердің кез келген салада еңбектенуіне, өз бизнесін ашуға барынша жағдай жасалған. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ісін алға қойған әпке-сіңлілеріміз де жетерлік.

Бүгінде Қазақстанда 9 миллион 800 мың әйел тұрады. Біз, әйелдер, әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлетініміз рас. «AMANAT» партиясының білім беру, денсаулық сақтау саласындағы комиссияларында, қоғамдық қабылдау бөлмесінде көптеген әлеуметтік мәселелерді талқылап, оң жолын қарастырып жүрміз. Мәжілістің әлеуметтік даму комитетінің мүшесі ретінде көптеген проблемаларды қараған кезде ауылдағы ағайынның жағдайымен, ана мен баланың мәселелерімен қанық боламын.

Биыл балалардың құқығын қорғау және ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірлік сапасын жақсартуға арналған заң жобалары қабылданды. Оған көптеген өзгерістер енгізілді. Мен өзім дәрігер болғандықтан, денсаулық саласына көбірек көңіл бөлемін. Жақында ғана көтерген депутаттық сауалым мүгедектіктің алдын алу турасында болды. Себебі соңғы 10 жылда балалардың мүгедектігі екі есе өсті. Бұл мүгедектік тек сол адамның басындағы проблема емес, отбасы, ата-анасы үшін де қасірет. Оған қоса бюджеттің триллиондаған қаржысын жұмсауға да себепкер болады. Яғни, экономика жағынан да пайдалы емес.

Біз көбіне тұқымқуалаушылық ауру болса, оған ем жоқ деп ойлаймыз. Бірақ ауруды ерте анықтаса, емдеуге мүмкіндік бар. Нәрестелерге түрлі скринингтер жасаса, ауруды алдын ала анықтай аламыз. Мысалы, жаңа туған нәрестеде соқырлық бар болса, ол туғанына 1-2 апта болған уақытта анықталса, лазерлік операциямен емдей аламыз. Яғни, жарық сәулесін көріп, өмір сүре алады. Сонымен қатар керең немесе мылқаулығы бар балаларда да туғанына 6 ай болған уақытта анықтаса, операция арқылы құлағының есту қабілетін қалыпқа келтіруге болады. Ал құлағы естіген баланың тілі де шығады. Құлағы естіп, сөйлей алатын баланың психологиялық тұрғыда дамуы да кешеуілдемейді. Міне, осы мәселені қолға алсақ, балаларымызды мүгедектіктен алдын ала құтқарамыз. Бүгінгі форумнан осындай маңызды мәселелердің шешімін табатын ұтымды ой-пікірлер күтемін. Сонда ғана бұл жиынымыз нәтижелі болмақ, – деді

Алқалы жиынға облысымыздың Мойынқұм ауданынан шыққан, бүгінде талантымен дүйім елді тамсандырып, өнерімен көпке танылған актриса Дариға Бадықова қатысты. Шалғайдағы ауылда туып-өскен қарапайым қыз өзінің еңбекқорлығымен, өжеттігімен талай кедергіні жеңіп, елордада білім алып, өнерімен қалай танылғанын әңгімелеп берді.

– Туған жер десе, елең етпейтін жан жоқ шығар. Топырағында түлетіп өсірген туған өлкем шақырғанда бар жұмысымды жиып тастап, сіздермен емен-жарқын жүздесу үшін осы басқосуға қуана келіп отырмын. Мен туып-өскен Мойынқұм ауылына жетуде жолдың қандай қиын болғаны бәріңізге белгілі. Оның үстіне өзім шиеттей бала-шағалы, тұрмыстық жетіспеушілігі жетіп-артылатын отбасында өстім. Дегенмен өнер байқауларынан қалмай, облыстық додаларға да келіп тұратынмын. Мойынқұмнан Таразға жетудің өзі ол кезде қиын еді. Жол шығындарын ешкімге салмақ салмай өзім табу үшін ауылда жеке концерттерімді беріп, тапқан тиын-тебеніммен облыс орталығындағы байқауларға келетінмін. Тараз мені ешқашан өкпелеткен емес. Үнемі қатысқан байқаулардан бірінші орынды алып кететінмін. Сөйтіп жүріп кейінгі байқауға бару үшін «Ауданның атынан барамын, жол шығындарын өтеп беріңіздер» деп аудан басшыларының алдына тіке кіретін болдым. Алдыңа қойған мақсатыңа жету үшін өжеттік керек екен. Нақты мақсатыңыз бар ма, онда қысынып-тартынбаңыз. Мектеп бітірерде үйдегілер мені Тараздағы жоғары оқу орнына түсірмекші болды. Ал мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсемін деп, қайткенде де соған барудың жолын қарастырдым. Үйде ата-анам болмаған кезді пайдаланып, тұрған газ плитаны сатып, Алматыға қашып кеттім. Онда да эстрадаға түсемін деп барғанмын. Бойымдағы талантымды байқап, түр-болмысыма қараған декан: «Қазақы түр бар, эстрада емес, театрға барсын» деп ойымды өзгертті. Міне, осылай әртістік өнерге келдім. Оқу бітірген соң театрға келгеніммен мені кино саласы қызықтырып, сонда келдім. Ең алғашқы түскен сериялым – «Тракторшының махаббаты» болды. Міне, осыдан кейін сомдайтын рөлім де айқындалса керек, киноларға көптеп шақырыла бастадым. Әрине, қандай жетістікке жетсем де ол менің бойыма бар қасиетін сіңірген туған жерімнің топырағы және сондағы ата-анам, ұстаздарым, жерлестерімнің берген тәлімі деп білемін. Сондықтан да әрдайым туған жерім жүрегімнің төрінде тұрады, – деген актриса Дариға Бадықова туған жеріне деген перзенттік тілегін ақтарды.

Бұдан соң сөз алған «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаева бизнестегі әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер турасында мәлімдеді.

– Еліміздің бас партиясы ұйымдастырып отырған бүгінгі форумды әйелдерге деген көзқарастың нақтылануына бастаған бетбұрыс деп білемін. Биыл облысымыздағы іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Сонау қайта құру кезеңінен кейін Людмила Сушкова бастаған, кейін Гүлдара Нұрымова жалғастырған қауымдастық бүгінде қатарын өңіріміздің 250-ден астам еңбекқор, өз кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдерімен толықтырды. Біздің қауымдастықтың басты ұстанымы – қайырымдылық істермен қоғамымызда мейірімділікті кеңейту. Бүгінгі күрделі экономикалық жағдайда қауымдастық мүшелері бәсекеге қабілеттілік бойынша білім мен дағдыларды арттыру негізінде белсенді жұмыс жүргізуде. Біз консультациялық көмек көрсетеміз, бизнестегі әйелдерге оқыту бағдарламаларын өткіземіз. Біздің дамып келе жатқан бағдарламаларымыздың бірі – «Тәлімгерлік». Онда тәжірибелі кәсіпкер әйелдер жаңадан бизнеске келгендерге бар білгенін үйретеді. Бұл екі жаққа да тиімді серіктестік. Өткен жылы көпбалалы аналар арасынан ісін жаңа бастаған кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған «Білгеніңмен бөліс!» атты тәлімгерлік жобасы ретінде қауымдастығымыздың жаңа бағдарламасы іске қосылса, биыл бұл жұмыс жалғасын тапты. Небәрі үш жылдың ішінде біз 7 ірі жобаны аяқтап, әртүрлі санаттағы 158 әйелді түрлі тренингтермен, шеберлік сабақтарымен қамтыдық, – деген Меруерт Лештаева өз кәсібін ашуда кеңес іздегендерге әрдайым көмек қолын созуға әзір екендіктерін жеткізді.

Өмірде қаншама кедергілерге кездессе де мұратына жету жолында талмай еңбектеніп, табысқа жеткен әйел-аналар форумға жиналғандармен өз тәжірибелерін бөлісті. Солардың бірі – «Асемова» жеке кәсіпкерлігінің директоры Гүлмира Әсемова.

– Бүгінде 7 баланы дүниеге әкелген алтын алқалы ана әрі тігін ісін жүргізуші ісмер ретінде «Еңбек адамды аздырмайды, өркендетеді» дегенді баса айтқым келеді. Жуалы ауданы, Қайрат ауылының тумасымын. 1983 жылы Алматы қаласындағы тігін-өнеркәсіп техникумына түсіп, бүгінде өзімнің сүйікті мамандығым бойынша кәсіппен айналысып жүрмін. Тігіншілікті 1986 жылдан өз үйімде бастап халықтың сұраныстарына сай заманауи үлгіде киімдерді тіге бастадым. 2002 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ұсыныстар көбейген соң көмекшілер алдым. Арнайы тігін цехын аштым. Оқушыларға арнап бір үлгідегі мектеп формасын тігемін. Қазіргі таңда 4 тігіншіні жұмыспен қамтып отырмын.

Ауыл әйелдерінің ою ойып, кілем тоқып, қол өнерді дамытып отырғаны қуантады. Әсіресе өз білгендерін басқа әйелдерге тегін үйретіп жатқаны тамаша. Әр әйелде бір-бір кәсіп болса, қалай қуанбасқа. Отбасының жауапкершілігімен қатар, кәсіпті игеруі үлкен жетістік.

Ауылдық жерлерде ана мен балаға қатысты мәселелер де жоқ емес. Бүгінгі форум сол түйткілдердің шешілуіне жол ашады деген үмітпен келдік. Елімізде фабрикаларды көптеп ашып, халықты жұмыспен қамтыса, өз Отанымыздың сапалы өнімдері де артар еді. Біз қазір өзге елдердің өнімдерін тұтынумен сыртқы мемлекеттердің экономикасын көтеріп жатырмыз. Жастарымыздың барлығы да жалақысы жоғары, шетелдерге жұмыс жасауда. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды көркейтуге басымдық береміз деп сайлауалды бағдарламасында айтқаны белгілі.

Ендеше біз сол ауылдың кәсіпкері, анасы ретінде осындай кіші кәсіптерді қолға алып, үлкен фабрикалар ашып жұмыс жасайық. Ауыл әйелдерінің сауатын арттырып, өз кәсібін дамытып келе жатқан қаншама адам бар. «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жетітөбе мен Қызыларық ауылдық округтеріне 2,5 пайыздық несиелер, жұмыспен қамту саласында гранттар берілуде. Тек, соны мақсатты жұмсаса ғана оң нәтижесін беретінін ескерейік, – деді кәсіпкер.

Жиында «Фаринат тәттілері» жеке кәсіпкерлігінің директоры Фариза Ақназарова да өз ойымен бөлісті.

– Әр адамның тағдырына жазылған өмірі болары ақиқат. Сол өмірді жақсы да жағымды, мағыналы да мәнді сүру өз қолыңда. Жарық дүниеде бірсыдырғы тыныш та жеңіл күн кешу мүмкін емес. Әрине, бұл фәниде жақсылық та, жамандық та болады. Бұл да жазылмаған бір заңдылық. Бәрі тек жақсылықпен жалғасса, өмірдің мәнін түсінбес пе едік. Неғұрлым көп қиындыққа кездескен сайын шыңдаламыз, тәжірибе жинаймыз, келешекке нық қадам баса аламыз. Өмір – сынақ. Сол сынақтан сүрінбей өткен жандар Жаратушының нығметіне бөленеді. Мен отбасымның ерке өскен қызы едім. Мектепті бітіріп, ел қатарлы жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алдым. Содан соң, сүйгеніммен шаңырақ көтеріп, отбасы болдық. Отбасылық өміріміз бақыт пен шаттыққа толып өтіп жатты. Алла махаббатымыздың дәнекері ретінде 3 ұл берді. Ұлдарымды дүниеге әкеліп, тәрбиелей отырып, жұмыс жасап бақытты өмір кешіп жаттық. Мамырдың мамыражай күні аяқ астынан төбемнен жай түсіріп, теңселтіп жіберді. Өмірлік жарым жол апатының салдарынан бұл фәнимен қош айтысты. Жұбайымсыз өткізген әрбір күнім ғасырға теңесіп, өмірім сұрықсыз кейіпке енді. Осылай жүре берер ме едім, кім білсін? Бірақ үш ұлымды өсіріп жеткізуім керек екендігі, әкелері жетпеген мақсатқа менің жеткізуім керектігі санамды серпілтті. Содан бұрыннан жасап жүрген кәсібім – тәттілер пісіріп, сатуды қолға алдым. Бастапқыда үйден жасап жүрдім. Кейіннен ғимаратты жалға алдым. Сол аралықта көреалмаушылық па, әлде тағдыр ма, біраз кедергілер болып, бір мезетте кәсібімді сатып та жібердім. Алайда ұлдарымның жарқын болашағы үшін ойымды жинақтап, кәсібімді одан әрі жалғастырдым. Бүгінгі таңда шүкір, жасаған еңбегімнен тек қана алғыс арқалаудамын.

Біз жаңа ғасырға өткен сайын өмірдің жақсылығын, жасампаздығын ғана жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай дәрежеде жеткізуіміз керек. Осы игі істі жүзеге асыру үшін алдымен өмірді басқа біреудің ойымен емес, өз қалауыңмен сүре білу керек. Ешқашан өзгелерден кек алуға тырыспа, себебі олардан гөрі өзіңе зиян келтіруің мүмкін. Сәтсіздікті емес, қуанышты күндеріңнің есебін жүргіз. Ешкімге ұқсамайтындай өзіңе тән бейнеңді тап та, сол қалпыңмен қалуға тырыс. Өмір саған ащы дәмін татырса, сен оны тәтті дәмге айналдыруға бар күшіңді сал.

Міне, осы қағидалар өмірді өкінбестей өткізуге мүмкіндік береді. Өмір дегенің дос-жаранға қамқор болу, санаңды торлаған тұманды ойларды шуақты қуанышқа ауыстыра білуің. Қызғаныштың отын бүркіп, сенім үдесінен шыға білу. Уәделі сөздеріңе берік болуың. Кісінің сыртқы емес, ішкі болмысына үңіліп, қадірлеу. Ең бастысы, өзгеге жақсылық тілеуші бола білу, – деп өзінің өмірлік тәжірибесін ортаға салды.

Кедергілерден өтіп, табысқа жетудің жолын әңгімелеген жеке кәсіпкер Сабыркүл Сиргелбекова былай деді:

– Сонау кеңестік одақтың тараған кезеңі, жас мемлекетіміздің қиын-қыстау сәттері көбіңіздің есіңізде болар. Сол уақытта мен Тараз қаласындағы №10 кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, 1993 жылы «тігінші» мамандығын алып шықтым. 1993-1994 жылдары «Жауқазын» балабақшасына тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасып, бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шықтым. Содан соң тұрмыстық өмірдің қым-қуыт қарбаласына кіріп, ана бақытына бөленіп, ғұмыр кешіп жүрген едім. Алайда алаңсыз күндер ұзаққа созылмай, 2002 жылы жолдасым дүниеден озды. Жас балаларыммен қалдым. Талайымызға сабақ болған 90-шы жылдардың қиыншылығы, әсіресе біздей жас отбасыларға оңай соқпады. Ешқандай қиындықтарға қарамастан, бос отырмай қандай да бір жұмыс болып жатса, қолымнан келетін еңбектердің бәрімен айналыса беретінмін. Егістікке де шықтым, үй қызметшісінің жұмысын да атқардым. Басты арманым ұл-қыздарымды ештеңеден тарықтырмай өсіру болды. Басқалардан қиыншылығымды айтып, көмек сұрамаппын. 2009 жылы «Махаббат әлемі» сауда орталығында кәсіп аштым, спортқа қажетті дүниелерді сатумен айналыстым. 2019 жылдан бастап қолөнермен айналыса бастадым. Қолөнерге деген сүйіспеншілігім анамнан дарыды, кішкентай кезімде анамнан құрақ құрауды үйрендім. Көрпеше, көрпе, жастық, қыз жасауларын жасап, сауда жасау мақсатында Меркі ауданындағы «ММ Меркі» сауда орталығында кәсібімді аштым. Қазіргі таңда «Merke_kyz_zhasau» инстапарақшасы арқылы тапсырыстар қабылдаймын. Қолөнермен айналысқалы көптеген семинарларға, форумдарға қатысып, конкурстардан жүлделі орындар алған кездерім де бар.

Ең бастысы – адам ешуақытта ізденуден, еңбектенуден қашпауы керек. Сонда ғана бар қиындықты жеңуге жол ашылады. Әсіресе ана баласының үнемі қасында болғандықтан, көп қасиетті оған дарытады. Сондықтан үлгілі ісімізбен ұл-қыздарымызға тәрбие берейік. «Ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенді естен шығармасақ, ұтылмаймыз, – деді кәсіпкер.

Ұтымды пікірлер тоғысқан басқосуда «Ана мен бала» облыстық оңалту орталығының бас дәрігері Динара Кәрібаева «Әйел денсаулығы – салауатты қоғамның негізі», «Бай-Нұр» шаруа қожалығының басшысы, Қордай аудандық мәслихатының депутаты, көпбалалы ана Айман Әшімова «Аграрлық секторды дамытудағы әйел фермерлердің рөлі» тақырыптарында баяндама жасады.

Мінберге көтерілген нәзік жандылардың барлығы өмірде қанша қиындық көрсе де еш мойымай, бастаған істерін соңына дейін жеткізген табысты әйелдер. Жалпы, ауыл-ауылдардағы түрлі салада қызмет етіп жүрген әйелдердің басын қосқан форумда әлеуметтік-демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің жаңаша рөлі талқыланды.

Экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешуге және өзін-өзі бағалауды, жеке дамуды арттыруға арналған баяндамалар жасалды. Тақырып аясында көпшілік назарына түрлі бейнероликтер ұсынылып, онда әр салада табысты еңбек етіп жатқан әйелдердің өмірі көрсетілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support