Жаңалықтар

Төтенше жағдайдың жайы талқыланды

Төтенше жағдайдың жайы талқыланды

Билік өкілдерінің халыққа жақын болуы және Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерге елмен кездесіп тұруды тапсырған болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев жамбылдық тұрғындармен онлайн форматта кездесті.

Мемлекеттің дамуындағы басты рөлді азаматтық қоғамдастық атқарады. Осыған орай мәслихат депутаттарына және жергілікті атқарушы органдарға халық пен аумақты төтенше жағдайлардан қорғау бойынша өзара іс- қимыл жасап жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Ел дамуының басты бағыты «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» болып табылады. Халықтың әлеуметтік мәселелерін тиімді шешу үшін Үкімет мүшелері өңірлерге шығуды жүзеге асырып отыр, – деп онлайн-кездесуді бастаған Мереке Құдайбергенұлы жыл басынан бері министрлік өкілдерінің 11 өңірді аралағанын жеткізді. Олардың халықпен кездесулерінде ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және кәсіпорындармен өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған. – Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі міндеті табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою екені белгілі. Оны іске асыру үшін республика бойынша тұрақты негізде іс- шаралар кешені жүргізілуде. Бұл су тасқыны қатерлерінің, сел мен жер сілкіністерінің тәуекелдерін барынша азайту, өрттердің алдын алу, қауіпті өндірістік объектілердегі апаттар мен инциденттердің алдын алу, сондай- ақ азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқандар саны 28 пайызға азайды. Жалпы, еліміз бойынша 12 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелді. Жамбыл облысына келер болсақ, 1 қазаннан бастап жылыту кезеңі басталды. Оған дайындық жаз айларында алдын ала жүзеге асырылған болатын. Халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын тұрғын үйлерге жасалған профилактикалық жұмыстардың барысында 6288 үй-жай тексеріліп, 9 мыңнан астам азаматқа үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында үйлерде 2981 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Баспана иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. 2022-2023 жылдардағы қысқы кезеңде ықтимал төтенше жағдайларды жоюға азаматтық қорғау қызметтерінің құрамында 4415 адам мен 1533 техникасы бар топтар құрылды. Сонымен қатар қаланың автомагистральдары мен көшелерінде қар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін 220 арнайы техника, 23500 тонна техникалық материалдар (тұз, құм) және 32 тонна химреагент дайындалды. Қала халқы мен аумақтарын су тасқынынан қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінен, Азаматтық қорғау қызметтерінен, жалпы саны 5010 адам, әртүрлі мақсаттағы 742 техника, 20 жүзу құралдары, 112 мотопомпадан тұратын су тасқыны кезеңіндегі қауіпті жоюға тартылатын күштер мен құралдар топтамасы бар. Көктемгі кезеңде қаланың азаматтық қорғау қызметтерінде 30 мың қап, 10 тонна инертті материалдар дайындалды. Қыс мезгілінде адам өлімінің алдын алу мақсатында халықты SMS-хабарламалармен ақпараттандыру белсенді жүргізілуде. Жабық жолдар туралы хабарламалар «Дармен» мобильді қосымшасында орналастырылады. Көбінесе тұрғындардың ауа райының нашарлауы туралы SMS хабарламаларды елемеуі жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сол себепті халықтың, оның ішінде жүргізушілердің «Дармен» мобильді қосымшасын белсенді пайдалануы маңызды, – деді вице-министр Мереке Пішембаев. Онлайн-кездесуде Темірхан Наурызқұлов Талас өзенінен су тасу қаупі туған жағдайда қандай құтқару шаралары дайындалғанын сұраса, жеке кәсіпкер Гүлзира Мултилапова кәсіпкерлік негізде жалға алған ғимаратта өрт қауіпсіздігін қадағалау турасындағы өз ойын айтты. Сондай-ақ облыс тұрғыны Сахи Абдразақов, журналист Лаура Әбдіқадырқызы көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Бұдан кейін вице- министр тұрғындарды онлайн түрде қабылдады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.