- Advertisement -

Сын сағатта сүрінбеген судья

127

- Advertisement -

16 желтоқсан – тарихы тереңде жатқан халықтың жаңа заманда өз алдына егемен ел болған күні. Бұл мереке 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» Заңды қабылдауынан бастау алады. Ғасырға бергісіз отыз жылдан сәл астам уақыт ішінде еліміз әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестірген болашағы кемел елге айналды. Тәуелсіздіктің арқасында көк Байрағымыз көгімізде желбіреп, егемен елдің рәміздері белгіленді. Тіліміз бен дініміз қайта оралып, елдігіміз танылды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятқан әрі қазақтай халықты рухы биік, намысы берік ел ретінде әлемге танытқан – Тәуелсіздік. Бұл сіз бен біз қол жеткізген ортақ жеңіс.

Егемендік алғалы елімізде барлық сала ілгерілеп, толысты. Мұндай жетістіктерді қазақстандық сот құрылымынан да байқауға болады. Мәселен, бұған дейін бірнеше рет қоғам және мемлекет үшін маңызы зор судьялардың съезі өтті. Ал сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізіліп, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді. Сондай-ақ экономикалық, әкімшілік, әскери және кәмелеттік жасқа толмағандар мен аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылды.

2000 жылы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы ұлттық сот жүйесіндегі тарихи оқиға болды. Осылайша аталған заң ғасыр жүгін арқалады. Бұл – отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежеде беделінің артуына зор септігін тигізді. Халқымызда: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар.

Осынау сөздің түп-төркіні әділдікті ту етіп, даулы мәселелерді шешетін бүгінгі судьялардың қызметіне қарата айтылғандай. Яғни, судьялардың шешіміне ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Ал бұл судьялардың ар-ұяты мен адамгершілігіне тікелей байланысты.

Бүгінде кәсіби деңгейі жоғары, білікті судьялар аз емес. Соның бірі –облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Бексұлтанова. Бұл салада іскерлігімен танылған Айгүл Бексұлтанқызы 1999 жылы жоғары оқу орнын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын облыс орталығындағы No3 орта мектебінде бастауыш сыныбының мұғалімі болып бастаған ол 1997 жылдың қаңтар айынан қала әкімдігінің тұрғын үй департаментінің азаматтарды тіркеу бөлімінің маманы қызметін атқарады.

Кейінірек, дәл осы департаментте референт-хатшы, тұрғын үй инспекторы болып жұмыс істейді. Ал 2000 жылдың қазан айынан бастап облыстық сотта сот мәжілісінің хатшысы, уақыт өте бас маман атанады.

2007 жылдың желтоқсан айынан өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау департаментіне әкімшілік қаржы бөлімінің бас маманы болып ауысады. Бір жылдан соң Байзақ аудандық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы лауазымында болады.

2014 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығына сәйкес, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып тағайындалды. Ол сот саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталған.

Айгүл Бексұлтанқызы адам тағдырын шешу оңайға соқпайтынын, бұл жүйкеге салмақ салып, арың мен намысың таразыға түсетін сәт екенін жеткізді. Тәжірибелі судья бұл лауазымға тар жол, тайғақ кешуге қабілетті жан ғана лайық екенін жиі айтады. Өйткені өмірдің қиындығын көрмеген, мемлекеттік қызметте немесе адвокат болып жұмыс істемеген адамның әділ шешім шығаруы екіталай дейді. «Сырт көзге оңай көрінгенімен, әрбір судья үшін шешім қабылдау оңай емес. Мұндайда әділ әрі дұрыс шешім шығаруың қажет. Өйткені әр шешімің өлшеулі болады. Ең бастысы адами қасиетің жоғары болуы тиіс. Ол үшін өзіңді алдыңда отырған адамның орнына қоя білуің керек. Судья үшін тағы бір аса қажетті қасиет – қарапайымдылық. Ұлық бола тұра, кішік болуды да есте сақтаған жөн. Сонда ғана қарапайым халық еңбегіңе лайықты баға береді, дәрежең өседі. Әрбір әділ судья – әділдіктің ақ туының сардары, әділеттіліктің темірқазығы», – дейді Айгүл Бексұлтанова.

Өз бойындағы шыдамдылық пен табандылықтың арқасында абыройға бөленген кейіпкеріміз білгенін жастарға үйретуден еш жалыққан емес. Қауырт жұмыстан қолы қалт еткен сәтте жас әріптестерін жинап, тәжірибесімен бөліседі. Өз мақсатыңа жету жолында қайсарлық таныту қажеттігін жиі айтады.

Үкім, шешім және басқа да процестік құжаттарға асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігін еске салып, күн сайын өз-өзіңді дамытуды тоқтатпау керектігін айтады. Ол үшін жаңалықтар бағдарламасын қалт жібермей, елдегі және әлемдегі саяси жағдайларды зердеге тоқу қажет дейді. Сонда ғана жастар жағы көздеген арман-мақсатына қол жеткізіп, құрметке бөленетінін жеткізуде. Өз кезегінде тәжірибелі судьяның тәлімін алған ізбасарлары бұл үдеден шығу жолында аянбай еңбек етуде.

Жасұлан ШЫРШЫҚБАЕВ,

облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support