- Advertisement -

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – ұрпаққа парыз

55

- Advertisement -

Ел азаттығы, халықтың қамы үшін қиын-қыстау қыспақты көрген саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. 2020 жылы Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құру туралы Жарлығы да шыққан. Облысымызда құрылған комиссия отырысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі кіші жұмысшы топтарының жүргізген зерделеу жұмыстары мен негізгі бағыттары талқыланды.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау негізінде облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан 4, ішкі саясат басқармасы жанынан 1 кіші жұмысшы тобы жұмыс жүргізіп отыр. Осы отырыста комиссияның және жұмысшы топтардың 2022 жылы атқарған істерімен танысатын боламыз, – деп жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев алғашқы сөзді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бастығының орынбасары Сара Мәдиеваға берді.

– Саяси қуғын-сүргін ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірі екендігі белгілі. Сол кезеңдегі құрбандарды ақтау комиссиясы жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің, жасанды зауалдан зардап шеккен жазықсыз жандардың алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстарға жаңаша серпін берді. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан құрылған 4 кіші жұмысшы топтың мүшелерімен биыл 3 рет отырыс өтті. Атқарылған жұмыстар жөніндегі есептері тыңдалып, тапсырмалар берілді. Алдағы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарының жобасы жасалды.

Алматы қаласындағы ҚР Президенті архивінің қорларымен жұмыс жүргізіліп, 1929-1932 жылдар аралығында Қордай көтерілісіне қатысқан 78 адамның, Сарысу ауданындағы көтеріліске қатысқан 28 адамның есімі анықталды. Осы көтеріліске әкеліп соққан тарихи оқиға – қазақтың ірі байларын тәркілеу науқаны бойынша 1928-1933 жылдары жер аударылған 297 байдың тізімі жасақталды.

Сондай- ақ ашаршылық құрбандарын жерлеу, көне қорымдар орнын анықтау бойынша жұмысшы топ мүшелері Мойынқұм, Қордай, Меркі, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында экспедициялық жұмыс жүргізді. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан қырылған боздақтардың жерленген жерлерін анықтап, ондағы қорымдар картаға түсірілді. Әскери тұтқындарды ақтау жұмыстары бойынша 1939- 1945 жылдары тұтқынға түскен 30690 жамбылдық жауынгер «тұтқын.kz» сайты арқылы анықталды.

Полиция департаментінің арнайы архивінде жұмыс жүргізген топ мүшелері 130 ақталмаған майдангер туралы мәліметті нақтылады. Сонымен қатар партизан қозғалысына қатысып шет жерде қалған жамбылдық әскери тұтқындар саны төртеу болса, «Түркістан легионы» құрамында 13 жамбылдық әскери тұтқын болған. Қылмыстық іске тартылғаны 130 екендігі зерттеу барысында анықталды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде 2021 жылы атқарылған жұмыстар бойынша «Жамбыл өңірі: саяси қуғын- сүргін жылдарында» атты жинақ құрастырылып, баспадан шықты. Бұл кітапқа 1930-1950 жылдары солақай саясат кесірінен жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдері, оның ішінде ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, әскери тұтқындар туралы ақпараттар, мақалалар, баяндамалар енгізілген, – деді Сара Қабылбекқызы.

Отырыста аталған кіші жұмысшы топ мүшелері тарихи дәйекті деректер келтіріп, мәлімдеме жасады. Басқосу соңында «Жамбыл өңірі: саяси қуғын-сүргін жылдарында» атты жинақ пен «Әулиеата өңіріндегі кәмпескелеу және ұжымдастыру науқандары кезіндегі дүрбелең» атты монографияның тұсауы кесілді.

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support