Экономика

Бес күнде – мың тонна цемент!

Бес күнде – мың тонна цемент!

Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген, жалпы жобалық-сметалық құны 8,2 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 500 мың тонна цемент шығаратын «Хантау» цемент зауыты құрылысының басталғанына алты жылдан астам уақыт болды. Алайда, аталған зауыт құрылысы әртүрлі себептермен кешеуілдеп келді. Өткен жылы аталған құрылысты жаңа инвестор Ербол Ертаев басқаратын «ACIG» акционерлік қоғамы қолға алғалы бері оның тамырына қан жүгіріп, жұмыс жүріп берген. Зауыт құрылысының жеделдете жүруіне облыс, аудан әкімдері Кәрім Көкірекбаев пен Болат Мәдікеновтің тарапынан да көп көмек болғанын айта кеткен жөн. Биылғы жылдың маусым айының соңғы күндері алғашқы клинкерді шығарған зауыт ұжымы, өткен аптада «М - 400 Д – 20» маркалы алғашқы цементті ел игілігіне ұсынды. – Біз өткен аптадан бастап цемент шығара бастадық. Бұған дейін оған қажетті 6000 тонна клинкер шығарсақ, алғашқы бес күнде мың тоннаға жуық цемент өндірілді. Қазір зауытта 200-ден аса жұмысшы вахталық әдісте еңбек етіп жатса, олардың 80-нен астамы осы ауданның азаматтары. Оларға барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда 170 орындық жұмысшы жатақханасы, 120 орындық асхана пайдалануға беріліп, 2 үй соғылды, – дейді зауыт директоры Василий Заярный. Өткен жұма күні зауыт ұжымы осыған байланысты жиын өткізіп, құдайы тамақ таратты. Оған арнайы барып қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Исабеков, аудан әкімінің орынбасары Б.Қалымбетов, тағы басқа азаматтар зауыт ұжымын алғашқы өнім шығарылуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Мойынқұм ауданы.