- Advertisement -

Антына адал азамат

65

- Advertisement -

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс батальонының аға сержанты Болат Тезеков Отар қаласындағы «Мәтібұлақ» полигонында ҰҚШҰ-ға мүше елдер арасында өткен «Эшелон-2022» материалдық-техникалық қамтамасыз етудің арнайы даярлығында бубонды обаға қарсы күрес бойынша үздік атанды.

Оқу-жаттығу полигонында Болат Тезеков әріптестерімен бірге санитарлық қобдишаны орналастырып, жеке құрамды толық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.

Болаттың өзі тапсырмаларды орындауда жоғары кәсіпқойлық танытты, оны жоғары басшылық айрықша атап өтті. Әскери қызметші Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс және қоршаған ортаны қорғау департаментінің бастығы Ержан Құлмағамбетовтің қолынан Құрмет грамотасын алды.

Болат Тезеков 10 жылдан бері әскер қатарында. Әуелі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында қызмет етіп, кейін келісімшарт бойынша әскери қызметші болды. Ол бала кезінен көз алдында лайықты Отан қорғаушылардың үлгілері көп болғанын, нақты айтқанда туыстарының көпшілігі погон тағып жүргенін айтады.

– Мектеп оқушысы кезімде міндетті түрде форма киіп, әскери адам болып, Отанымды қорғайтынымды білдім. Меніңше, бұл ең асыл және мәртебелі мамандықтардың бірі болып көрінеді. Әрине, қызмет етуге бел байлағанымда туыстарым қолдады. Әрдайым олардың менімен мақтанатынын білемін, – дейді ол.

Болат қызмет ететін батальон тараздықтарға белгілі. Себебі оның әскери қызметшілері коронавирустық індеттің шарықтау кезінде аялдамалар мен ойын алаңдарын күнделікті дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген. Қала тұрғындары әскери қызметшілерге жеке және әлеуметтік желілер арқылы қамқорлықтары үшін алғыстарын білдірді.

– Халықты қорғау – біздің басты міндетіміз. Пандемиямен күреске өз үлесімізді қоса алғанымызға қуаныштымыз. Ол кезде біз көп жұмыс істедік, көп нәрсе өзімізге байланысты екенін, коронавирустың таралуын болдырмауға және өмірді сақтауға көмектесетінімізді түсіндік. Уақытпен санаспай күндіз-түні антымызға адал болуға тырыстық және қазір оның бекер емес екенін көріп отырмыз. Коронавирус толықтай жеңілмегенімен, ол қазірдің өзінде позициясын айтарлықтай жоғалтты, бұл халықтың қауіпсіз екенін білдіреді, – дейді Б.Тезеков.

Жауынгерін үнемі үйінде жары Шолпан мен балалары Айару, Әлинұр, Әлихан, Әлібилер күтіп отырады. Олар отағасының жұмыста өте жауапты міндеттері бар екенін түсінеді, сондықтан оны сүйіспеншілікпен және мейіріммен қарсы алады. Ал үлкен ұлы, жеті жастағы Әлинұр «Әке көрген оқ жонар» деп оған еруді армандайды. Әкенің ізімен жүруді мақсат еткен жас өскін тіпті жоғары оқу орнын да бүгіннен таңдап қойған. Ол Алматыдағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында оқығысы келеді.

– Әрине, балаларымды әлі көп жылдық оқу күтіп тұр, олардың жоспарлары өзгеруі мүмкін, бірақ мен оларды ынталандырып отырғаныма қуаныштымын. Олар менің жұмысымды жақсы көретінімді, оны жоғары миссия ретінде қабылдайтынымды және оны мақтан тұтатынымды көреді. Әрқайсысы өзіне лайықты жұмыс таңдайды деп үміттенемін, ол әскер ме, әлде басқа сала ма, өз еркі, – дейді сарбаз.

Айтпақшы, Болат Тезековтің де өз жоспарлары көп. Ол өз мансабында алға жылжуды, өз мамандығын дамытуды және бір емес, бірнеше негізгі әскери додаларға қатысуды қалайды.

– Халықаралық жаттығулар адамның күшті жақтарын бағалауға, әріптестермен тәжірибе алмасуға, бір нәрсені үйренуге, бөлісуге көмектеседі. Мен өзімнің біліктілігімді шыңдап, білікті маманға айналғанымды түсінгім келеді. Алдағы уақытта осындай шаралар көп болады деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін.

 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизонының баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support