- Advertisement -

Жоғары миссия және жауапкершілік

31

- Advertisement -

Бала күнінен Отан қорғаушы болуды армандаған Жеңісбек Сейсеуов Ливанда бітімгершілік миссиясын атқарып, жарты жыл бойы осы ел азаматтарының бейбітшілігі мен тыныштығын қорғаймын деп ойлаған да емес. Алайда елім деп өткен ер Махамбетше айтқанда: «Ереулі атқа ер салмай, Еңку-еңку жер шалмай, Ерлердің ісі бітер ме?!»…

Меркі ауданының тумасы Жеңісбек Сейсеуов Бішкек қаласындағы автожол техникумын бітіріп, кейін әскери адам боламын деген арман оны 85395 әскери бөліміне жетелеп, келісімшарт бойынша қызмет ете бастайды. Инженерлік рота взводының сержанты өзінің әріптестерімен бірге 2020 жылы Ливанға жіберу үшін Алматыда бітімгершілікке дайындықтан өткен.

– Біз осы елдің заңдарын, тілін, салт-дәстүрін үйрендік. Әрине, әскери әріптестерім де шет мемлекеттің аумағында бітімгершілік қызметін жан-жақты зерттеді. Бізге не істеу керек, нені істемеу керектігі айтылды, – дейді Ж.Сейсеуов.

2021 жылы Жеңісбек қазақстандық бітімгершілік бригадасының құрамында Ливанға аттанды. Онда ол аумақты патрульдеумен айналысты, бақылау бекеттерінде тұрды, базаларды күзетті. Ол бұл уақытты мансабындағы ең маңызды кезеңдердің бірі ретінде жиі еске алады.

– Бәлкім, сол кезде мен өзімнің сарбаз ретіндегі жауапкершілігімді толық түсіндім. Мен өзімнің мамандықты дұрыс таңдағанымды және сол мамандықта өскім келетінін ұғындым. Алты айдан кейін елге оралдық, мен алдыма жаңа кәсіби мақсаттар қойдым, – дейді Ж.Сейсеуов.

Әскери қызметші үйіне оралғаннан кейін ол бейбіт аспанды одан сайын бағалай бастағанын, сонымен қатар егемендік ұғымының шынымен асқақ екенін анық аңғарғанын айтуда.

– Мен өзімді әрқашан пацифист деп санадым және Ливанда жүргенімде мұны анық түсіндім. Сол жерде мен әскери мамандықты неліктен таңдағаныма нақты жауап алдым. Дәл осы бейбіт халықтың зардап шекпеуі үшін, туған жерім Қазақстанның және басқа елдердің үстінде ашық, бейбіт аспан болуы үшін, балаларымыз тыныш, бейбіт заманда өсуі үшін және әлемде соғыс пен қақтығыстар үзілді-кесілді болмауы үшін Отанымның, адамзаттың алдында азаматтық парызымды абыроймен атқарғаныма қуаныштымын. Бізге, әскерилерге бейбітшілікті сақтау сеніп тапсырылған, бұл мен саналы түрде мойныма алған үлкен жауапкершілік. Мен таңдаған жолымды мақтан тұтамын, – дейді Ж.Сейсеуов.

Жеңісбектің жауынгерлік жолын оның жанұясы, аяулы жары Айдана мен бес перзенті, атап айтқанда Асылай, Еркеназ, Нұрасыл, Айтөре, Мәдина айрықша мақтан тұтады.

– Әрине, мен кеткенде әйелім мен балаларым уайымдап, қатты сағынды. Мені қолдайтын осындай отбасымның бар екені де жанға медет. Мен Отанымның тыныштығын, отбасымның амандығын бір сәтке де ойымнан шығарған емеспін. Бұл менің әскери қызметші ретіндегі маңызды міндетім екенін, миссиям адамдарды қорғау екенін ешқашан ұмытпаймын, – дейді Ж.Сейсеуов.

Сапер Жеңісбек Сейсеуов өзінің күнделікті өмірі туралы көп айта бермейді, өйткені ол әскери адам, қысқа қайырғанда төзімді, сабырлы, салмақты. Бірақ өзі кей-кейде «сапер тек бір рет – мамандық таңдауда қателеседі» деп әзілдейді.

– Біздің жұмысымыз эмоционалды түрде қиын, бұл, менің ойымша, түсінікті. Бірақ мен немен айналысатынымды білдім. Қиындықтар мені қорқытпайды, үлкен жауапкершілік менің қаныма сіңген қасиеттің бірі. Әскерде, негізінен, қиындықтан қорқатындарға орын жоқ. Мен үшін тек қана еңбек міндеттерін шеше отырып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Яғни біздің жерлестеріміз әскерилер қалтқысыз адал қызмет атқарып жатқанда ғана тыныш ұйықтай алады, – дейді сарбаз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support