Құқық

Сыбайластар «сыбағасын» алды

Сыбайластар «сыбағасын» алды

Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында өзге мәселелермен қатар, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылыққа жол берген облыс бойынша сот актілерін орындау департаментінің Шу аудандық аумақтық бөлімшесінің аға сот орындаушысы Жанибек Шалабековтің тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев қол қойған облыстық прокуратураның ұсыныс хатында аға сот орындаушының 2013-2014 жылдары өз қаулысымен қозғаған отыздан астам атқару өндірісіне қатысты бірде-бір атқарушылық шара қолданбағандығы, сөйтіп оның еліміздің қолданыстағы заңнамасын өрескел бұрмалағандығы айтылған. Бірақ, мәселесі Тәртіптік кеңес отырысында қаралатындығы алдын ала ескертілген Жанибек Шалабаев кеңес отырысы өтетін уақыттан бір күн бұрын ауырып қалып, еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы медициналық анықтама алғандықтан Тәртіптік кеңес мүшелері оның мәселесін қарап талқылай алмады. Тәртіптік кеңес төрағасы Болат Исақов облыс бойынша сот актілерін орындау департаментінің Шу аудандық аумақтық бөлімшесінің аға сот орындаушысы Жанибек Шалабековтің кенеттен ауырып қалатындығына байланысты осымен үшінші мәрте Тәртіптік кеңес отырысына қатыса алмай отырғандығын жеткізіп, сондықтан оның мәселесін қарап шешу үшін қолда бар материалдарды облыстық әділет департаментіне жолдау қажет деген ұсынысын ортаға салды. Ұсыныс кеңес мүшелері тарапынан толық қолдау тапты.

Тәртіптік кеңес отырысы күн тәртібіне қойылған басқа да мәселелерді қарап, талқылай келе құзырына жататын мәселелер бойынша заңда белгіленген тәртіпке сай шешім қабылдауда әлденеше рет жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылық жасағаны үшін Тараз қаласы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Тлеубаевты, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Берген Омарбекті атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңын, Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі талаптарын бұзған Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Талғат Мұқановты сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тарту жайында тиісті орындарға ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».