Денсаулық

Бюджет көлемі артты

Бюджет көлемі артты

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті XXIII сессиясы өтті. Сессия жұмысына облысәкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков ашып жүргізіп отырған жиында барлығы 29 мәселе қаралды. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет», «2023-2025 жылдарға арналған облыстық және аудандық (қалалық) бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері және табыс салығы, әлеуметтік салық және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары бойынша түсімдерді бөлу нормативтері туралы» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету барысы туралы» хабарлама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің кірісі 507, 8 миллиард теңге сомасында жоспарланып отырғандығы айтылды. Яғни қазына қаржысы биылғы жылмен салыстырғанда 49,1 миллиард теңгеге артық қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмысының нәтижесінде 2023 жылы облысқа республикалық бюджеттен 154,7 миллиард теңге сомасында қаржы қарастырылуда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 миллиард теңгеге бюджеттің өскенін көрсетеді. Қаралған қаржыға орай межеленген жоспар көп. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында өңірде 13 мектептің құрылысы басталады деп жоспарланса, соның ішінде 2023 жылы 8 мектептің құрылысын бастауға 15,1 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар бүгінде Тараз қаласында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту орталығының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы құрылысты аяқтауға 2,2 миллиард теңге қаржы қамтылған. Сондай- ақ 42 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге 6 миллиард теңге бөлінсе, сумен жабдықтау және су жүйелерін дамыту мақсатында 9,7 миллиард теңге бөлінген. Инженерлік инфрақұрылымға 4,9 миллиард теңге қаралған. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету қарастырылған. – Өңіріміздің 371 елді мекенінде 1 215,5 мың халық тұрады. Соңғы 10 жылда жалпы облыс халқының саны 145,7 мың адамға өссе, ауыл халқы 45,8 мың адамға, қала тұрғыны 97,5 мыңға көбейіп, бірқатар салаларда инфрақұрылымға қажеттілік те артуда. Ауылдық елді мекендердің әлеуетін анықтау критерийлерін бекіту әдістемесіне сәйкес облыста даму әлеуеті жоғары болып, 238 ауылдық елді мекен іріктелді. Осыған орай, облыс бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2021 жылдары 93 ауылда жалпы 18,6 миллиард теңгеге 332 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 30 білім, 23 спорт, 23 мәдениет, 10 денсаулық сақтау нысаны, 37 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жөнделіп, құрылысы жүргізілсе, 332,4 шақырымды құрайтын 209 ауылішілік көшелері жөнделіп, 3 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды. Биылғы жылы да бұл бастама жалғасын тауып, жоба аясында 82 елді мекенде 149 жобаны іске асыруға 14,2 миллиард теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына 12,3 миллиард теңге игеріліп, жылдық жоспар 90,4 пайызға орындалды,– деді өз сөзінде басқарма басшысы Г.Жауынбекова. Сондай-ақ жоба аясында іске асырылып жатқан 149 жобаның 98-інде жұмыс толық аяқталып, пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 33 жобаны аяқтау жоспарда бар. Ал 17 жобаның құрылысы келесі жылы бітеді деп күтілуде. Бағдарлама аясында соңғы жылдары бірқатар маңызды жұмыстар қарқын алған болса, алдағы уақытта басқа да ауылдарда жақсы жаңалықтар легі жалғасын табады деп сенім білдірді басқарма басшысы. Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев сөз алды. Оның айтуынша, 2022 жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 196,1 миллиард теңгені құрайтын 249 жобаға бюджеттен 88,8 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Аталған жобалардың 146 нысаны (33,9 миллиард теңге) «Нұрлы жер», 45-і «Ауыл – ел бесігі» (6,2 миллиард теңге), 33-і «Өңірлерді дамыту» (15,7 миллиард теңге), 3 нысан құрылысы Үкімет резервінен (25,7 миллиард теңге) және 22-сі білім беру субвенциялары (7,3 миллиард теңге) есебінен қаржыландырылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы сметалық құны 11,2 миллиард теңгені құрайтын 45 бюджеттік жобаға 6,2 миллиард теңге бөлініп, жыл қорытындысымен 24 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның 4 білім, 15 денсаулық, 16 спорт, 10 мәдениет. 11 айдың қорытындысымен 14 нысанның құрылысы аяқталды. 6 нысанда қабылдау жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына тапсырылады. Ал 4 нысан өндірістік кестеден кешігіп келесі жылға өтпелі болды. Сала бойынша талдасақ, сметалық құны 693,0 миллион теңгені құрайтын 4 білім нысанға жапсарлас құрылысы жүргізуге 134,0 миллион теңге қаржы бөлінді. 2022 жылы 2 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Сметалық құны 2,62 миллиард теңгені құрайтын 15 денсаулық сақтау нысандарының құрылысының 2022 жылы 1,84 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жыл қорытындысымен 14-і тапсырылады. 1 нысан 2023 жылға өтпелі. Спорт саласында облыс бойынша 2,7 миллиард теңгеге 16 нысанның құрылысы жүріп, нәтижесінде 6 спорттық сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланған. 10 нысан құрылысы 2023 жылға өтпелі. Мәдениет саласы бойынша сметалық құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 10 нысанның құрылысына 1,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, осы жылы 2 нысанда құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. 8 нысан 2023 жылға өтпелі. Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, жобаларды іске асыру барысында 10 ауданда 34 елді мекенді қамтып, 426 уақытша жұмыс орны құрылған. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 20 бюджеттік жобаға 2,7 миллиард теңге бөлінген. Жиын соңында Т.Рысқұлов аудандық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Шындос Мырзалиев «Үздік депутат» төсбелгісімен марапатталды.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ