- Advertisement -

Ұлттық діни сана қалыптаспайынша, рухани тұрғыда түлей алмаймыз

114

- Advertisement -

Ақиқатын айту керек, қазақ мәдениеті Кеңес өкіметінің езгісінде болған ел. Өзінің дәстүрлі дүниетанымынан ажырап қалған Алаш баласының психологиясына, этнографиясына, ұлттық дүниетанымына, тұрмысына, дін ұстану салтына оңалмастай соққы берді. Бірақ аса қатты өкінудің қажеті жоқ. Әлі де біздің қорда жатқан рухани тарих тұрғыдан қолжазба қиссаларды, діни дастандарды, батырлар жырларын қазіргі қазақ тіліне бейімдеп және ғылыми айналымға түсіру өзекті жұмыстардың бірі.

Қазақ халқының тарихын зерттеуде материалистік көзқарастың сай келмейтінін ғалым Ж.Артықбаев былай тұжырымдайды: «Біздің байқағанымыздай, тарихи қазақтанудағы басты кемшілік пен шектеулілік тарихқа бір жақты материалистік тұрғыдан талдау жасауға байланысты болып отыр және ол қоғам мен мемлекеттің тарихилығымен байланысты.

Тарихты материалистік тұрғыдан зерттеу евроцентризммен, маркстік методологиялық түсініктермен тікелей байланысты», – дей келе, тарихи таным өзегінде материалдық көрсеткіштер емес, қоғамның рухани және әлеуметтік-мәдени құндылықтар сияқты факторлар айтылуы тиіс. Өйткені қазақ халқы әр кезде өзінің рухани дүниесін, иман-сенімін малынан да, жанынан да артық қойғанын білеміз.

Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған астарлы саясатқа жем болмай, ұлттық-рухани дүниесiн қалыптастыруға көмектесетін ұлттық идеологияны жаңғырту қажеттілігі туып отыр. Ендігі мәселе – жастарды тәрбиелеу барысында ұлттық және мемлекетшіл сананың іргетасын қалай қалаймыз?

Біздің қоғамда, әсіресе жастарда «ақша тапсам болды, бақытқа жетем» деген түсінік қалыптасып кетті. Егер адал жолмен баюға мүмкіндігі болмаса, қара жолмен де ақша табуға мәжбүр болады. Ал ондай жолда жүрген жастар, әрине, азғындалып, ұсақталып және болашақ өмірі бұлыңғыр болатыны күмәнсіз. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы:

Ақшаға абыройын, арын сатып,

Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.

Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,

Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы?!

Осындай аталы сөздер ғасырлар бойы адамның санасын оятып, жігерлендіріп отырған. Отаншыл, мемлекетшіл ұрпақты тәрбиелей алған елдердің болашағы баянды екенін әлем тарихы да ұдайы дәлелдеп келеді. Ол үшін тәрбие, насихат және идеология негізінде ең бірінші кезекте қазақ ойшылдарының дін тұрғысындағы ой-пікірлерін, ұлттық-діни бірегейлікті, дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жұмыстарын жаңғырту керек. Мәселен, В.Франкл «Ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің төте жолы жалғыз. Ар-ұятты тоқтаусыз қайрап, егеп, өткірлей берудің жолдарын жастарға үздіксіз үйретуіміз керек. Басқасы – бос сөз. Ар-ұят феномені кісіні Тәңірге жалғап тұратын жалғыз көпір» деген идеяны қайталаудан жалықпаған.

Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан, ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін діни радикалды топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, әрине, олардың артында басқа бір мүдде мен құндылықтардың тұрғанын естен шығармау керек. Соңғы кездері қоғамда іріткі салып жүрген кейбір діни топтар пікірлерінің ешқашан біздің мүддемізге сай келмейтің тұстары да бар. Оларда діни мүддеден гөрі, саяси мүдде басым екені соқырға таяқ ұстатқандай анық нәрсе! Уды у қайтарады демекші, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Идеология – жүректен кіріп, денені бойлай, қантамырлар арқылы мидың нейрондарына тікелей шабуыл жасайтын, тіпті адамның өзі байқамай қалатын құдіретті қару. Ол адасып бара жатқан сананың нағыз қорғаушысы, сақшысы. Жан тазалығы мен ар түзейтін ғылымына негізделген ұлттық және рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды ғылыми жүйесіне енгізіп, кеңінен насихаттау арқылы радикалдық идеологияға тосқауыл қоюға болады. Әрбір адамзат дін арқылы қоғамды түзетемін деп емес, дін арқылы өз жандүниемді тазартамын деген ниетте болса, сонда ғана қоғамда тұрақтылық болар еді.

«…Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ» – деп Шәкәрім атамыз айтқандай, әр адамның өзінің кемелдену шарты болу керек.

Сол үшін қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарды қайтадан қалпына келтірмейінше, рухани тоқыраушылық пен құлдық психологиядан құтқару мүмкін емес. Ә.Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, қазақ халқының ұлттық мінезін қалыптастыруда діннің де, білімнің де орны ерекше болғандықтан, демек, діни уағызды да, білім беру жүйесін де осы бағыт – қазақтың ұлттық санасына сай бұратын кез келді деп санаймын.

Қазақтың ұлттық-діни бірегейлікті насихаттаған ойшылдары А.Құнанбай, Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпейұлы, Ғ.Қараш, С.Ғылмани қазақ халқының рухани тарихында ұлттық ар-ождан кодексі рөлін атқарып, моральдық қағидаларды қалыптастыра білген. Сондықтан бұл ғалымдардың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінің үндестігіне назар аударуымыз қажет. Өйткені діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігін, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Олардың туындыларының негізгі өзегінде ұлттық сана, діни көзқарас, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз. Мысалы, Садуақас Ғылмани өз заманының келеңсіздіктерін де сынай білген:

Обал-сауап аты өшті,

Ұятсыз қаулап жан кешті.

Ары да жоқ, тілеу жоқ,

Гулеген өңкей жарым есті.

Ал кеңестік кезеңде жыраулар поэзиясы жан-жақты зерттелгенімен тәуелсіздік идеясы, өзге идеологияға қарсы күрес мәселесі зерттеу обьектісіне енген жоқ. Жыраулардың қазақтың басынан өткен небір кезеңдердегі әртүрлі тарихи оқиғаларды жырлағаны, тәуелсіз, еркін ел болуды армандағаны ұлттық идеологияға тікелей қатысы бар әдебиет, сөз өнері болды. Ұлттан тыс тұратын әдебиет жоқ, сол әдебиетті жасаушылардың бірі – жыраулар болса, ұлттық рух пен сананың негізін олар толғауларында анық көрсете білген. Сонымен қатар Шәді Жәңгірұлының 400 беттен тұратын «Назым Сияри Шәріп» еңбегі пайғамбардың өнегелі өмірін қазақ жұртына қазақтың құнарлы тілінде сөйлетті. 1914 жылы Ташкентте жарық көрген бұл еңбек он жыл ішінде Қазан қаласында төрт-бес рет қайта басылып, қалың елге кеңінен таралып, рухани шөлді қандыра білген. Шәді Жәңгірұлының өзінің замана толғауында:

«…Бабалар салған сара жол,

Имам – Ағзам мәзһабы.

Халқымның салт – дәстүрін

Шариғатпен ұштады.

Асыл текті аталар

Дінін берік ұстады.

Аманат етіп ұрпаққа

Тура жолды нұсқады.

Арада жылдар өткенде,

Қатты батты жаныма,

Замананың қыспағы.

Ата жолдан адастық,

Осы емей немене

Бастан бақтың ұшқаны.

Жолын таппай шатасып

Халқым кетті адасып…». Демек, тәрбиенің тиімді болуы үлгі-өнеге көрсететін адамдардың беделіне де байланысты. Бедел өте ықпалды рухани құбылыс екендігін О.Сүлейменов: «Жырау – халық жыршысы ғана емес, ол дана идеолог. Бұл адамдарды ұлы тұлғалардың соңынан еруге үндей алатын жауынгер жыршы» және филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев: «Жыраулар – түрлі деңгейдегі ұлт-азаттық көтерілістердің рухани көсемі болды» деген болатын.

Сондықтан өнердің осы түрін дінтану, тарихтану, әдебиеттану ғылымдары тұрғысынан және бір-бірінен ажыратпай салыстырмалы түрде зерттеп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына енгізу керек. «Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас» дегендей, қазақтың дәстүрлі діни танымында өскен жас ұрпақ ешқашан радикалдық топтарға бара қоймайды. Сонымен қатар діни экстремизмге қарсы тұратын алдын алу жұмыстарының бірі. Рухани тәжірибесі бай қазақ халқы тек рухани тарихты жаңғырту арқылы өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады.

Ғылым жүйесіндегі жоғары және орта оқу орындарында факультатив түрінде өтілетін «Дінтану негіздері» сабағын саяси, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымы бағытындағы білім алатын барлық мамандықтарға міндетті пән ретінде міндеттеу керек. Жастарға толыққанды мәліметтер беріліп отырса, ұлт тарихы мен рухани әлемінің тұтастығы, мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы, діни таным мен ғылыми таным арасындағы тепе-теңдігі, қазақ халқының мұсылмандық болмысы, рухани құндылықтардың терең сабақтастығы мен тамырлылығы жөнінде шынайы, дұрыс түсініктер қалыптасар еді.

Қазіргі таңда дінтанушы ғалымдар мен ҚМДБ қызметкерлері тарапынан жастардың дәстүрлі діни сананы қалыптастыруына және де қазақ халқының мұсылмандық діни танымын, діни тәжірибесін ғылыми аспектімен байланыстыра отырып, көптеп айту керек. Болашақта біздің ортақ мақсатымыз – ұлттық рухымызды жаңғыртып, о бастағы рухани қайнар көздерімізге қайта оралып, ұлттық идеологиямызды қалыптастыруда жатыр. Оған бірнеше ұсыныстар қосуға болады:

– ұлттық, тарихи, мәдени ерекшеліктерді ескере отырып қазақ халқының тарихындағы дәстүрлі мұсылмандық білім берудің орны мен рөлін анықтау;

– дін ғұламаларымен бірге мүфти, ахун, мүдәрріс, қазы, хазірет, абыз, пір, ишан, сопы, жырау және тағы басқа дін қайраткерлерінің қоғамдық қызметтері туралы мәліметтерді жинақтау, дәстүрлі ислам негізінде олардың өнегелік іс-әрекеттері мен қызметтерін саралау;

– Ханафи-матуридилік мектеп ұстанымдарының қазақы діни түсініктің қалыптасуына тигізген ықпалын көрсете білу мақсатында Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш, Ақан Сері секілді қазақ ойшылдары еңбектеріндегі көріністерінен мысалдар молынан келтіру;

– орталық Азия мен Қазақстан аумағына ислам дінінің таралу, орнығу және даму кезеңдерін зерделеу, ислам дінінің орнығуына негіз болған саяси, әлеуметтік, рухани факторларды саралау.

Неғұрлым Құдайды жоғары, биік, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы – рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ… Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммед жолында.

 «Жанкештілік болмаса…»

Бөтен кісі қазаққа еш қайдан жақсылық әкеп бермейді. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая бергеннен түк шықпайды, іс өнбейді. Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждағатты жанкештілік болмаса аштан өлесің. Зауыт ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнына жұмсағанда ғана іс көркейеді. Қазаққа өз жағдайыңды өзің ойлап, өлмес қамыңды істе деп отырғанымыздың мәнісі осы…

 «Тәрбиеміз кем болса…»

Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өнер-білім керек, онан да керегірегі – тәрбие. Қанша оқысақ та тәрбиеміз кем болса, қасиетіміз аз.

 «Тарихын жоғалтса…»

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көз жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Қазақтың көбі оны шежіре деп айтады. Бұл заманның ғалымдары тарихты ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып-білуге тиіс болады… Бұл кеудесінде көзі бар адамға көп ойланарлық жұмыс.

 «Тізе қосып іс қылса…»

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады. Қазақтың оқыған азаматтары қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?! Міне, Әлихан Бөкейхан «қазаққа сөз үйретіп жатыр» деп айтады. Қазаққа сөз үйретпесем, менің не керегім бар еді. Қазақ жоғалып кетеді, «бұған жер неге керек» деп оттаған дұшмандар бар. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Ол үшін осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің әдетке ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы…

 «Кім шебер болса…»

Тіршіліктегі жүйріктік – ақылда, ұсталық пен жанкештілікте… Қазақ сияқты халық байлық пен қазына мал кіндігінде деп біледі. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр. Профессор Күлешовтың жазғанына қарасақ, қазақтың қойының етіндей жер үстінде ет жоқ… Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп-тізе қосып әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі соныкі.

 «Алла» деп іске кіріселік

Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік! Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ! Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң – қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе? …Құдай сәтін салғай! «Әмин!» деп қол жайып, «Алла» деп іске кіріселік!

 

 Бахтияр АЛПЫСБАЕВ,

дін проблемаларын зерттеу

орталығының дінтанушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support