Саясат

Жүктелген міндет жіті қадағалауда

Жүктелген міндет жіті қадағалауда

«Нұр Отан» партиясының есеп беру-сайлау конференциясы Шу ауданында да өтті. Партия аудандық филиалының төрағасы Бақытжан Нүркенов партия жұмысының ХІІІ есебін баяндады. Бақытжан Нүркенов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын насихаттау және одан туындайтын міндеттер туралы күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Жолдаудың мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын одан ары арттыру екендігін айтып, ондағы жүктелген міндеттердің жіті қадағаланып, орындалуының маңыздылығын түсіндірді. Осы орайда ол ел экономикасының тұтқасы – Ұлттық қордың рөлі және «Мәңгілік Ел» идеясы туралы ойын ортаға салды. Басқосу барысында делегаттар Қ.Иманбаева, А.Жұмағұлова, Е.Нұрғалиев, Ә.Құралбаева, Е.Жиенбеков, М.Молдашева баяндаманы талқылағаннан кейін, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз сөйлеп, партия Шу аудандық филиалының жұмысына оң бағасын берді. Бұдан кейін күн тәртібіндегі ұйымдастыру мәселелері қаралды. Осы орайда аудандық филиал саяси кеңесінің құрамы бекітілді. Сонымен қатар, партия облыстық филиалының ХІV есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды. Шу ауданының әкімі Бақытжан Балтабекұлы «Нұр Отан» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы болып қайта сайланды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.