Денсаулық

Тірлігі алға басқан еңбек ұжымы

Тірлігі алға басқан еңбек ұжымы

«Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылдың 22 мамырынан бастап «Бурное ірімшік зауыты» ЖШС-ның негізінде табиғи сүт және сары май, ірімшік өндіре бастады.

2014 жылы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның «Бурное ірімшік зауыты» брендімен шығарылған сүт өнімдері Қазақстан Республикасының нарығында, Ресейге кең ауқымда жеткізілді, өйткені жоғарыда аталған брендтердің өнімдері 1951 жылдан бастап сүт нарығында ұсынылған және өнім сапасы әртүрлі марапаттар мен жүлделерге ие болды. «World Food Kazakhstan 2014» және «World Food Kazakhstan 2015» көрмелерінде «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның сүт өнімдері I орынға ие болған. 2015 жылы «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурстық көрмесінде компания II орынды иеленіп, Астана қаласында республикалық байқау-көрмеге қатысады. Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған қалаларында өнімдері сатылуда. Сондай-ақ алдағы уақытта зауыт өнімдері тұрақты түрде Ресей Федерациясына экспортталады және Қытайға ультрапастерленген сүт жеткізуді жоспарлап отыр. Жамбыл облысы Жуалы ауданының 14 ауылдық округінде қолайлы климатымен, шөбімен және таза сумен ерекшеленетін Талас Алатауының көркем тауларында жиналған табиғи сүттің 90 пайызына дейін жекеменшік шаруашылықтар мен сүт тасымалдаушылардан жинайды. «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры Сыбанбай Аринов. Жалпы қызметкерлердің саны – 115 болса, оның 30 пайызға жуығы өзге ұлт өкілдерінен құралған. Тірлігі тындырымды әрі жасаған істері өрге домалап отырған бұл ұжымның бірлігі жарасқан. «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның басшысы Сыбанбай Ариновтың айтуынша, зауытта орыс ұлтының 12 және шешен, украин, неміс ұлтының азаматтары тұрақты жұмыс атқарады. Қызметкерлердің орташа жалақысы салықтар мен төлемдерді есептемегенде 107 000 теңгені құрайды. – Біз көпұлтты мемлекетпіз. Бір шаңырақ астында сонау заманнан бері тату-тәтті, бір-бірімізге жанашыр болып өмір сүріп келе жатырмыз, – дейді мекеме басшысы Сыбанбай Несіпханұлы. – Біздің ұжымның қызметкерлері де бірлік пен татулықтың арқасында ұзақ жылдар бойы тұрақты еңбек етіп келеді. Солардың ішінде 1988 жылдан бастап мекеменің барлық өзгерістері мен жаңалықтарын бастан өткеріп келе жатқан Елена Карлюганы айтсам болады. Сонымен қатар технолог Юлия Виктровна, микробиолог Людмила Агафонова, қойма меңгерушісі Евгениий Веревкин, сыр бөлімінің меңгерушісі Татьяна Каиль, механик Дмитрий Николаевич сынды азаматтар ұйымшылдықпен жұмыс атқаруда. Одан бөлек Елена Сивашова, Елена Махенова, Сергей Резниченко, Валерий Паньков сияқты азаматтар берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Әркімнің ұжымда алар орны ерекше. Әр ұлт өз тілінде сөйлеуге құқы бар. Ешкімді шектемейміз. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, тапсырманы уақытылы орындайтын жандар. Барлығы да қарапайым, ақкөңіл, әріптестері арасында сыйлы азаматтардың қатарында. Алдағы уақытта да осы қалпымыздан танбай, ауданымыздың көркеюіне атсалыса береміз деп ойлаймын, – дейді ол. «Менің бұл мекемеде жұмыс істегеніме 33 жыл болды. Бір мекемеде осыншама уақыт еңбек етіп келе жатқаныма қуаныштымын. Көп уақытымды үйде емес, ұжымда өткіземін. Сондықтан бұл мекеме менің екінші отбасыма айналды десе де болады. Шағын ұжым болса да мұнда тату-тәтті, достыққа берік жандар еңбек етеді. Әркез бір-бірімізге көмек қолымызды созудан тартынбаймыз. Алғаш еңбек жолымды бастағанымда ұжымдағы ең жас қызметкер мен едім. Ал қазіргі таңда жастарға үлгі-өнеге болатын аға буын маман болдық. Жастарымыз өте кішіпейіл. Қандай мереке болса да әрдайым ұйымшылдықпен атап өтеміз. Біздің ұжым оны іспен дәлелдеуде», дейді Елена Николаевна. Достығы берік түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжымның басты қағидасы – татулық. Көпұлтты ұжым бола тұра өздеріне тән ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, бейбітшілікті жоғары бағалайтын осындай еңбек ұжымдары мемлекетіміздің мықты тірегі.  

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

журналист.