- Advertisement -

Ауыл мектебі – үздіктер қатарында

92

- Advertisement -

Адами капиталды қалыптастыруда және оның тиімділігін арттыруда білім беру саласы жетекші рөл атқаратыны белгілі. Бүгінде мамандардың біліктілігі артып, жас ұрпақтың білімі терең, өрісі кең, өркені мықты бола түсті. Мемлекетіміздің тұғырын бекітіп, алдағы бағыт-бағдарын, кемел келешегін дәйектеп берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласының көкжиегін кеңейтуді күн тәртібінен түсірген емес. Соның нәтижесінде еліміздегі білім жүйесі әлемдік үдерістерден қалыс қалмай, жыл өткен сайын даму үстінде. Бастысы, ауылдық жерлердегі білім ошақтарының да заманауи жабдықтармен қамтылғаны қуантады.

Заман талабына сай жаңғыруға қадам басқан білім ошағының бірі – Диқан орта оқу ошағында 19 оқу кабинеті, химия-биология, физика пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер, спортзал, кітапхана және асхана бар. Бұдан бөлек, лингафонды қос кабинет қамтылған.

Мектеп ауласында технология пәніне арналған арнайы шеберхана орналасқан. Онда қыздарға тігін тігу кабинеті және тамақ пісіруге және ұлдар үшін заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинет бар. Мұнда 36 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде, жоғары білімді – 34, арнаулы орта білімді – 2. Бұған дейін білім ошағында 56 компьютер болса, бүгінгі таңда қосымша 34 компьютер берілген.

Өткен оқу жылы Диқан орта мектебінің ұжымы үшін табысты болды. Мәселен, былтырғы жылы мектеп түлеп ұшқан жеті шәкірт жоғары оқу орындарында білім грантын ұтып алған. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер Сабина Қыдырбай ұстаздарының үкілі үмітін ақтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 114 балл жинаған. Ал 11-сынып оқушысы Сабина Қыдырбай аудандық пән олимпиадасында үздік атанған.

Әрине, шәкірттерінің оқуда озат болуына мектеп директоры Майра Молдақұлова аз еңбек сіңірген жоқ. Майра Қожахметқызы мектептің материалдық-техникалық базасының жаңартылуын қамтамасыз етіп, әріптестерінен ұлттың ұстыны болатын білімді ұрпақты тәрбиелеуді талап ете білді. Нәтижесінде, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Диқан орта мектебі ҰБТ және пән олимпиадасынан аудан көлемінде үздіктердің қатарынан көрінді.

Айта кетейік, білімі мен білігі үйлескен ұстаздар мұнда жетерлік. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Толғанай Қыстаубаева мен Рауза Момбаева, математика пәнінің ұстаздары Райхан Ыршыманова мен Санағат Оразбаева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұхамеджан Өрісбаев, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаракөз Қырғызбаева, технология жөніндегі орынбасары Сәлима Болатбекқызы, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Тәжібай Қыстаубаев, еңбек пәнінің мұғалімі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Балагүл Жаңабаева және бастауыш сынып мұғалімдері Қымбат Өрісбаева, Аққыз Сартаева пен Эльмира Берікбаева осы үдеден шығып жүр.

Ұстаздар қауымы алдағы уақытта да білгенінен жаңылмай, санасыздықтың қара шымылдығын түріп тастау жолында аянбай еңбек етеді деп білеміз. Себебі мектеп мұғалімдерінің алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі әрі ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр емес пе?!

 

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы.

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support