- Advertisement -

Болашақ – білімді жастардың қолында

48

- Advertisement -

Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Білім. Ғылым. Жетістік» тақырыбында республикалық студенттер форумын ұйымдастырды.

Форумға еліміздің жоғары оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері мен республикалық жастар ұйымдарының басшылары қатысты.

Форум аясында «Студенттік өзін-өзі басқару жүйесін және жастар ұйымдарының жұмысын дамыту жолдары» тақырыбында студенттік конференция, «Ахмет Байтұрсынұлы: Ұлт ұстазының жолымен» тақырыбында «ITII CUP-ІV» үшін студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі, «Әділетті Қазақстан – әділетті қоғам» тақырыбында «ХТИИ ректор кубогы» үшін облыстық «Жайдарман» ойыны және семинарлар, тренингтер мен түрлі нетворкинг шаралар өткізілді.

Конференция отырысын Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті, профессор, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар конференцияға Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Айсұлу Ерниязова, «Amanat» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Әйгерім Серікжанова, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы «Ауыл жастары» жастар қанатының төрағасы Даурен Рахымбек, Қазақстан студенттік альянсының көшбасшысы Иляс Түстікбаев онлайн форматта қатысып, жастар саясаты мен студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағыттары туралы өз ойларын ортаға салды.

Ал Satbayev University Жастар ісі және спорт департаментінің директоры Әділхан Төлепберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ағарыс Әуесхан, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттік ректоры Ерасыл Берді, Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттік ректоры Дінмұхамбет Үмбетұлы оқу ордасындағы студенттік өзін-өзі басқару құрылымы мен оның артықшылықтарымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.

«Бүгінгі іс-шара студенттік өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту, студенттердің тәжірибе алмасуы мен оқу орындарының өзара ынтымақтастығын нығайтуға үлкен үлес қосады деген сенімдемін» – деді Дінмұхамбет Үмбетұлы.

Бұдан бөлек, облыстық «Жайдарман» жекпе-жек ойындарына облыстың сегіз мықты командалары қатысып, бақ сынады. Олар алдын ала анықталған жеребеге сәйкес жекпе-жек ойын көрсетті. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

«Бүгінгі «Жайдарман» облыстағы жайдарманшылардың басын қосып, көрермендерге көңілді кеш сыйлады», – деді Уалихан Болатбек.

Үш күнге созылған форум аясында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ахмет Байтұрсынұлы: Ұлт ұстазының жолымен» тақырыбында «ITII CUP-IV» үшін студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 30-ға жуық топ қатысып, бақтарын сынады. Олар әлемдік және өңірлік өзекті мәселелерге арналған қарарлар бойынша талқылар, олардың шешу жолдарын қарастырды.

«Дебат – студенттердің ой-өрісін кеңейтетін, сөйлеу шеберлігін дамытатын ойын. Еліміз бойынша жоғары деңгейде, жүйелі жолға қойылған ойын деп айтсақ болады. Ал «ITII CUP-IV» біздің асыға күтетін турниріміз. Бұл турнирге мен бірнеше жыл қатарынан қатысып келемін. Турнирде түрлі ерекшеліктер, жаңашылықтар мен жоғары көңіл-күй сыйлайтын ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Бұл жолы қатысушыларға ұлттық киім үлгісінде өткізу маған қатты ұнады», – дейді Ботагөз Жақсылық.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Нұрболат Тілеубай, Жандос Әмре (Алматы қаласы), 2-орынды Нұрдаулет Өмірзақ, Думан Әсембек (Алматы қаласы), 3-орынды Болат Байтөриев, Ерзат Сәбит (Алматы қаласы), сондай-ақ турнирдің «Үздік спикері» номинациясымен Нұрдәулет Өмірзақ (Алматы қаласы) және «Үздік төреші» номинациясымен Ұланбике Баушабай (Тараз қаласы) марапатталды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйақы тағайындалды.

Сонымен қатар облыстық пікірсайыс ойындарын дамытуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Тоқберген «Пікірсайыс дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен Есімхан Рахымжанов пен Бекболат Асқарды марапаттады.

 

Әсем ӘНУАРБЕК,

студент.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support