- Advertisement -

Қысқы сақтық шаралары қатаң бақылауда

39

- Advertisement -

Апат айтып келмейтіні анық. Сондықтан қатердің алдын алу қай істе де маңызды. Әсіресе тосын жайттар мен ауа райының күрт құбылуы асқан сақтықты, алдын ала қамдануды талап етеді. Мұндайда орталықтардан шалғай жатқан елді мекендерге көмектің дер кезінде жетуі біраз уақыт алатыны тағы бар. Осы орайда тауға жақын әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан Меркі ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды саралаған едік.

Ауданда қазіргі қыс мезгіліндегі жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі мен улы газдан адамдардың қаза болуын төмендету және олардың алдын алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда екен. Бұл жөнінде толығырақ Меркі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Дәрімқұловтан сұрадық.

– Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі 2022-2023 жылғы қысқы кезеңге байланысты халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруды ерекше назарға алды. Ауданда қоғамдық қолданыстағы жолдар негізі үш санатқа бөлінеді. Жолдың жалпы ұзындығы 344,4 шақырымды құрайды. Оның 178 шақырымы республикалық, 70,5 шақырымы облыстық, 95,9 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына қарасты.

Ауданда автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына жыл сайын аудандық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Қазіргі таңда аудандағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қыс маусымында қардан тазарту жұмыстарын жүргізу үшін бекітілген тиісті мекемелер қалың қар мен боран болған жағдайда оған толық дайын. Аталған мекемелерде жанар-жағармай мен құм, тұз, тағы басқа шикізаттар алынып, тиісті орындарға жеткізілген.

Республикалық маңызы бар автожолдарды қыс кезінде күтіп ұстайтын «ШымкентСпецСтрой» ЖШС-ның аудан бойынша мекемесінің диспетчерлік қызметі тәулік бойы кезекшілік етеді. Осы жерде олардың байланыс телефон нөмірі 4-51-53 және 8 777 783 6334; 8 777 783 6335 (Сейділдә Жасыбаев) екенін айта кеткен жөн. Бүгінде қызметке дайын тұрған 14 арнайы жол техникасы бар. Олар 6 КамАЗ автокөлігі, 2 МТЗ-82 тракторы, 2 автогрейдер, 2 тиегіш, 2 ГАЗель көлігі. Жанар-жағармайдан 10 тонна дизель отыны дайын және мұзға қарсы пайдаланылатын инерттік (тұз, құм) материалдардан 300 тонна тұз, 1000 текше құм дайындалды.

Облыстық маңызы бар автожолдарды қыс маусымында күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларына 4 миллион 800 теңге қаржы қарастырылған. Аталған автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға «Нұрасыл Құрылыс және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Бұл жұмыстарға 10 арнайы жол техникасы, 1 тонна бензин, 2 тонна дизельдік отын, мұзға қарсы пайдалануға 30 тонна тұз және 300 тонна құм әзірленген.

– Аудандық автожолдарды қыс кезінде күтіп ұстау жұмыстарына келсек, бұл бағытқа жергілікті бюджеттен биылғы қазан-желтоқсан айларына 7 миллион теңге қаржы бөлінді. Меркі ауданы аумағындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарында 23 жылыту пункті бар, – деді Қ.Дәрімқұлов.

Жыл басынан бері аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, 4 рет төтенше жағдай комиссиясының отырысы өткізілгенін де атап өту керек. Онда жергілікті атқарушы органдардың 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығымен қатар, жер сілкінісіне ұшырауы мүмкін аймақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды сейсмикалық күшейту жағдайы қаралған.

Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру құрылымдарының дала, орман өрттерінің алдын алуға және жедел жоюға дайындығы, жазғы шомылу кезінде аудандық су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының жағдайы талқыланған. Елді мекендерде құлақтандыру жүйелерін ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралар және аудан аумағында «сібір жарасын» болдырмау, басқару пункттері мен қорғаныс құрылыстарының жағдайы талданыпты.

Қауіпті метеорологиялық және агрометеорологиялық құбылыстар салдарынан орын алатын төтенше жағдайларды алдын алу және жою шаралары, мемлекеттік және өкілетті органдардың 2022-2023 жылдардағы қысқы мерзімді қауіпсіз өткізу және тіршілікпен қамтамасыз ету, көлік коммуникациясы объектілерінің пайдалануға дайындығының барысы, жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында өрттер мен жарақаттануды, улы газбен улану оқиғаларының алдын алу жұмыстары пысықталған.

Айта кетейік, аудан аумағында биыл өткен 10 айдың ішінде 35 өрт оқиғасы тіркеліп, «қызыл жалыннан» келген материалдық шығын 2 миллион 460 мың теңгені құраған. Оның ішінде 25-і жекеменшік тұрғын үйлерде орын алса, 1 оқиға табиғи өрт ретінде тіркелген. Орын алған өрт оқиғаларынан 1 адам қайтыс болған. Биылғы он айда ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің өтініштер, ақпараттарды есепке алу кітабына 179 хабарлама тіркелсе, оның 117-сі номенклатуралық іске шығарылған. Ал 40 хабарлама бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасы қолданылып, 22 хабарлама әрі қарай тергеуге аудандық полиция бөліміне жолданған.

Аудан аумағында өндірістік-тұрмыстық өрттердің, апаттар мен техногендік төтенше жағдайдың алдын алу шараларымен қоса объектілердің өрт қауіпсіздігін бақылау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып келеді. Атап айтқанда, аудан аумағында 499 нысан есепке алынған, оның ішінде жоғары қатер тобына 155 және жоғары қатер тобына жатпайтын, маңыздылығы шамалы қатер тобына 344 нысан есепке алынған. Яғни, аталған уақыт аралығында бөлімнің инспекторлық жеке құрамы барлығы 146 нысанға өрт-техникалық тексеріс жүргізген. Оның ішіндегі 84-і ерекше тәртібі бойынша, 62-сі жоспардан тыс тексерістер.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылған істерге тоқталсақ, биылғы 10 айда өрт қауіпсіздігі саласында қызмет атқару кезінде қауіпсіздік ережелерінің талаптары мен нормаларын сақтамағаны үшін 120 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 52-сіне жалпы сомасы 2 миллион 320 мың теңге айыппұл салынған, ал 68-іне ескерту берілген. Тарқата айтсақ, оның 8-і заңды тұлға, оларға 834667,5 теңге айыппұл салынған және 48 заңды тұлғаға ескерту берілген.

Сондай-ақ 31 лауазымды тұлғаға 964845 теңге айыппұл салынып, 28 тұлға ескерту алған. 12 жеке азамат 367560 теңге айыппұл төлесе, тағы 33 азаматқа ескерту жасалған. Қазіргі таңда салынған айыппұлдар толығымен өндірілген. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК 462-бабы бойынша 8 нысанның іс-құжаттары аудандық сотқа жолданып, тағы 8 нысанға 1807170 теңге айыппұл салынған.

Жалпы жұртшылыққа әртүрлі төтенше жағдайлардың алдын алу туралы аудандық баспасөздерде және әлеуметтік желі арқылы 179 жариялым жасалып, телеарнадан да айтылған. «Меркі жолаушы» ЖШС-інде, «Айдана» сауда үйі мен «Қырғыз теміржолы» бекетінде дауыс зорайтқыш құралдары арқылы 3591 хабарлама таратылған. Аудан аумағында 2022 жылы өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында халыққа насихаттау, ескерту жөнінде 9 билборд орнатылған.

Бұдан бөлек, аудан аумағында өртке қарсы насихаттау жұмысын жүргізу және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту бойынша барлық білім беру мекемелерінде «Өрт қауіпсіздігі күндері» өткізілген. Ауданда орналасқан білім беру мекемелерінде, яғни 49 мектептің 5-11 сыныбында оқитын 6700-дей оқушыға «Өрт қауіпсіздігі шаралары» тақырыбында 35 рет интерактивті сабақ жүргізілген.

– Аудан аумағында өрттің және табиғи газбен уланудың алдын алу, мүлде болдырмау мақсатында, адам өліміне жол бермеуді көздеген бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғын үй секторларын аралап, тұрғындарға түбегейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, аудандық электр жүйесі, аудандық газ бөлімшесі мен полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе атқарылды. Аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі шараларын ескерту жұмыстары нәтижесінде әрбір тұрғын үйдің иелеріне 38295 жадынама қағазы таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да тоқтаусыз жалғаса беретін болады.

Жергілікті атқарушы орган, волонтерлер және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 61 рейдтік патрульдеу ұйымдастырылды. Түсіндіру жұмыстарына 3668 адам қамтылып, оларға 7336 жадынама таратылды. Осындай профилактикалық жұмыстар кеңінен жүргізіліп, жыл бойы жалғаспақ.

Далалық алқапта орын алған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары күшейтілді. Сонымен қатар аудан аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу мен болдырмау мақсатында аудан әкімінің өкімімен құрылған мобильді топ барлығы 61 рейд жүргізді. Рейд барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 56 жеке тұлғаға 560734 теңге айыппұл түрінде хаттамалар толтырылып, 34 азаматқа ескерту берілді.

Облыс аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2022 жылғы 28 сәуір күні Меркі ауданының тау беткейіндегі табиғи орман, дала өртінің алдын алу мақсатында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Өрттің таулы аймаққа және төменгі Ақтоған ауылы мен Жамбыл ауылына таралуын шектеу осы жаттығуда ерекше назарға алынды. Жалпы оқу-жаттығуға 79 адам қатысып, 21 техника жұмылдырылды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы одағына қатысушы мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі келісімді іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің нұсқауларына сәйкес, мамыр айында ауданның Андас батыр ауылдық округі аумағында Қырғыз Республикасымен шекаралас аймақта табиғи өртті сөндіру бойынша ірі өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оған облыстың мүдделі қызметкерлері де тартылды. Оқу-жаттығуға 52 бірлік техника және 190 адамнан тұратын жеке құрам қатысты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарына сәйкес, оқыс жайттардың алдын алу және қатерден сақтану мақсатында, сонымен қатар КТИ-ға оқуға түсуші үміткерлерді анықтау үшін аудан аумағындағы 16 білім беру мекемесінде сабақтар жүргізілді. Оған 760-қа жуық оқушы қатысты. Және азаматтық қорғау қызметінің имиджін көтеру мақсатында өрт қауіпсіздігі тақырыбында оқушылар арасында түсіндірме шаралары өткізілді, – дейді Қанат Анарбекұлы.

Көктемде су тасқыны орын алған жоқ

Өрт секілді сел де тілсіз жау саналады. Әсіресе бұл алты ай қыстан соң күн жылынып, мұз еритін көктем мезгілінде қауіпті. Өмір қауіпсіздігі үшін төтенше жағдайлар саласының мамандары жылдың төрт мезгілінде де қадағалау міндетін қалт жібермейді. Біз сөз етіп отырған Меркі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі көктем мезгілінде де дәл қазіргідей бақылау шараларын күшейткен. 2022 жылдың ақпан мен мамыр айларында жергілікті атқарушы органдармен және су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, көктемгі су тасқынынан қатер болуы мүмкін мерзімде арық-дренаж жүйелерінің дайындығын пысықтап отырған.

Аудан аумағында орналасқан 24 су қоймасы мен Меркі және Аспара өзендері арналарының реттегіш-қорғағыш бөгеттері мен су қоймаларының жұмысқа қалыпты және қауіпсіз жағдайлары тексеріліп, акт әзірленген. Жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттар жолданған.

Аудан аумағында туындайтын төтенше жағдайлар салдарын жою, құтқару және кезек күттірмейтін басқа да қауіпті жайттарға қарсы жұмыстарды атқару жөнінде «Көктем – 2022» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу өткізіліпті. Оқу-жаттығу барысында Меркі ауылдық округінен өтетін Меркі өзенінің жағалауын нығайту және арық-дренаж жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы іс-шаралар жүзеге асырылған.

Осындай алдын алу жұмыстарының нәтижесінде ауданда көктем айларында айтарлықтай оқыс жағдайлар орын алмаған. Әрине, «Сақтансаң, сақтармын» дегенді естен бір сәтке де шығармай, тиісті міндеттер орынымен орындалса игі.

 Шомылу маусымында қадағалау қатаңдатылды

Жазғы шомылу маусымы кезеңінде тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақыратын құлақтандырулар баспасөз беттерінде жарияланумен қатар, төтенше жағдайлар департаментінің сайтына да салынған. Ауданда дауыс күшейткіш арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында 148 хабарлама жеткізілген.

Суға шомылу кезіндегі қауіпсіздікті ескертетін 3 билборд және «Шомылуға тыйым салынады» деп ескерту жазылған 17 тақтайша орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасады дейді жауаптылар. Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында, аудан әкімдігінің Instagram арнайы парақшасына 16 ақпарат жүктелді.

Атқарылған іс-шаралар туралы мәліметтер апта сайын облыстық департаментке жолданып отырады.

Жергілікті атқарушы орган, волонтерлар және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда 59 рейд пен патрульдеу ұйымдастырылған. Түсіндіру жұмыстары кезінде оған 3240 адам қамтылып, 6317 жадынама таратылған. Рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында полиция қызметкерлері тарапынан ҚР ӘҚБК 440-бабымен 31 жеке тұлғаға 237382,5 теңге айыппұл түрінде хаттамалар толтырылған.

Шомылу маусымы кезеңінде аудан әкімдігінің, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен, аудан аумағындағы шомылу орындарына және шомылуға тыйым салынған орындарға күнделікті рейдтер жүргізіліп отырған.

Мамандар мамыр айынан бастап ауданда орналасқан білім беру мекемелерінде оқушыларға «Суда жүзу ережелері», «Суда жүзу кезіндегі тәртіп ережелері», «Суда абайлаңыз!» тақырыптарында 7 сабақ өткізген. 1237 оқушы мен мұғалімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген және ауданда орналасқан 13 білім беру мекемесіндегі 5-11 сыныпта оқитын 1522 оқушыға 10 рет интерактивті сабақтар өткізілген.

Облыс әкімінің «Облыстың су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында бұқаралық демалыс, туризм және спорт орындарын белгілеу туралы» 2019 жылдың 7 тамызындағы қаулысымен өңіріміздің су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 15 орын бекітілген. Бұл рұқсат етілгендердің ішінде Меркі ауданында орналасқан су айдыны жоқ. Осыған орай су айдындарының демалуға және шомылуға дайындалмаған, қауіпті учаскелерінде меркіліктердің демалыс орындарын ашуына жол берілмегенін айта кеткен жөн.

Меркі ауданы аумағында 8 шомылу бассейні орналасқан. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бассейндердің иелерімен үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырған. Яғни, шомылу орындарында талап етілетін ережелер мен нұсқаулықтар жасалып, жадынамалар таратылған.

Құлақтандыру электросиреналары орналастырылды

Аудан аумағында төтенше жағдай кезінде 10 құлақтандыру электросиренасы орналастырылған. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2017 жылы шұғыл шығындарға арналған ауданның жергілікті атқарушы органының резервінен ауыл округтеріне құлақтандыру жүйесінің (электросирена) 7 данасы алынған.

Яғни, Жамбыл, Сарымолдаев, Ақтоған, Жаңатоған, Андас батыр, Кеңес, Тәтті ауылдық округтерінің ғимараттарында құлақтандыру жүйелері бар. Және біреуі Меркі аудандық өндірістік телекоммуникация торабының ғимаратында, тағы біреуі «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС аумағына қойылған. Ал биылғы жылы осындай «С-40» маркалы құлақтандыру құрылғысының бір данасы Т.Рысқұлов ауылдық округінің ғимаратына орнатылды.

Құлақтандыру электросиреналарының жұмыс істеуін арнайы мамандар тоқсан сайын бекітілген кестеге сәйкес тексеріп, акт жасап отырады. Бүгінгі күнде, мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған электросиреналар қалыпты жұмыс істеп тұр.

Әрине, мұндай жұмыстардың бәрі де елдің қауіпсіздігі, жұрттың алаңсыз өмір сүруі үшін атқарылып отыр. Әйткенмен, құрылғыға немесе мамандарға сеніп, немқұрайлы жүруге болмайды. Әрбір адам қауіпсіздік шарасын сақтауды өзінен бастауы керек. Небір орны толмас өкінішке әкеп соқтыратын оқиғалар алаңсыздықтан болып жататынын күнделікті өмірде естіп, көріп те жүрміз.

Ақ-қараны ажырата алмайтын балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға және от тұтандыратын заттарды кез келген жерге қоюға болмайтыны бесенеден белгілі. Сондай-ақ электр, газ, жылыту құрылғыларын пайдаланғанда аса мұқият болған ләзім. Үйден шығарда барлық құрылғыларды өшіріп, тексеріп кету керек.

Қазіргі қыс мезгілінде үйде пеш жаққанда барынша абай болған жөн. Ал құтқару қызметі қолайсыз ауа райын ескертіп, жол жабықтығын хабарласа, мейлінше сапарға шықпаған дұрыс. Олай етпеген жағдайда оқыс оқиғаларға тап болуың әбден мүмкін. «Бейнет аяқ астында» деп халық бекер айтпайды. Ондай қайғылы жағдай орын алса, ол тек бір отбасына ғана зардап келтірмейді, басқаларға да залалын тигізеді. Қысқасын айтқанда, қауіп қайдан демейік, сақтықты қатаң ұстанып, өзімізге сақ болайық!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support