ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ КҮШЕЙТЕДІ
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ КҮШЕЙТЕДІ
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының Жолдауы барлық жерде қызу талқылану үстінде. Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында да Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын түсіндіруге арналған актив жиыны өтті. Оған қалалық мәслихат депутаттары, әкімдік бөлімдерінің, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Жиынды ашып, жүргізген Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров: «Елбасы жаңа Жолдауында осы уақытқа дейінгі жолға қойылған реформаларды ілгері бастырып, әлеуметтік саланы қолдау және халықтың күнкөріс әлеуетін арттыру, жастарға жағдай жасау секілді көптеген стратегиялық қадам жасауды алға қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қиын кезеңді еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыру үшін Ұлттық қор құрылған болатын. Ұлттық қордан 2007-2009 жылдары 10 миллиард доллар дағдарысқа қарсы күреске бағытталды», – деді. Мемлекет басшысы Жолдауында ел дамуының барлық саласын қамтып, алдағы жылдар ішінде атқарылатын істерді нақтылап берді. Ұлан-байтақ жері бар біздің еліміз үшін алдыңғы қатарлы заманауи көліктік инфрақұрылым – жарқын болашаққа апарар жол. Ол экономикамыздың дамуына және инновациялық даму сатысына көтеретін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым. Елбасы көліктік инфрақұрылыммен қатар, әлеуметтік маңызы зор, бүкіл экономикамыздың күре тамыры болатын энергетикалық, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша нақты бағдарламалар ұсынды. Біріншіден: Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Мемлекет басшысы бірінші кезекте, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен», «Астана – Ақтөбе – Атырау», «Алматы – Өскемен», «Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда», «Атырау – Астрахань» негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыруды алға қойып отыр. Екінші: Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Осыған байланысты, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау, өңірлерде шағын және орта бизнес өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуды тапсырды. Үшінші: Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Бұл бағыт бойынша Елбасы екі жобаға баса назар аудартып отыр. Олар: «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары кернеулі желілер салу. Төртінші: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға және тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін жыл сайын Үкіметке қосымша 100 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Бесінші: Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру қосымша 180 миллиард теңгеге ұлғайтылады. Соның нәтижесінде мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсынады. Жаңа бағыттағы бағдарлама жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтарға өте қолайлы. Қала әкімінің айтуынша, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 8640 азамат тіркелген. Оның ішінде 1-еуі Ұлы Отан соғысы ардагері, 1281-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Ендігі міндет оларды бірінші кезекте баспана мәселесімен қамтамасыз ету болып табылады. Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу үшін қосымша 70 миллиард теңге бағытталады делінген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ұлттық қордан отандық бизнесті қолдауға бөлінген 100 млрд. теңге табысты игеріліп, шағын және орта кәсіпкерліктің игілігіне жұмсалмақ. Актив жиынында осындай қадау-қадау мәселелер түсіндіріліп, өңірде атқарылған жұмыстар жайлы облыс әкімі аппаратының басшысы, Тараз қаласы бойынша облыстық ақпараттық топтың жетекшісі Рахметілдә Рахманбердиев баяндап берді. Облыстық Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Турдыева, №40 гимназияның директоры Александр Гибнер де өз ойларын ортаға салды. Елбасы Жолдауын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында қалалық ақпараттық топтар құрылып, арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Енді топ мүшелерінің алдында Жолдаудың негізгі мазмұнын, оның мән-мағынасын халыққа кеңінен түсіндіру міндеті тұр. Қала тұрғындары бұл бастамаға қолдау білдіріп, оны іске асыруға білек сыбана кіріседі деген ойдамыз.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».