Ішімдік ішіп, опық жеді
Ішімдік ішіп, опық жеді
Сот жүйесі түрлі деңгейдегі соттардың жиынтығы болып табылады. Оның құрамына – азаматтық, қылмыстық және әкімшілік, әскери, тағы да басқа сот істері кіреді. Шын мәнінде, жеке және заңды тұлғалар үшін сот жүйесінің маңызы зор. Ел азаматтары сотқа жүгіну арқылы кез келген жағдайда әділ шешімге қол жеткізіп, өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алады. Осылайша, сот шешіміне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасуымен қатар, заңның үстемдігін қамтамасыз ету әрі азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады. Мұндай мәртебелі міндет пен ауыр жүкті көтеру осы салада қызмет атқаруға бел буған әрбір қызметкер үшін зор жауапкершілік. Тараз қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерін заң шеңберінде бұлжытпай орындап келе жатыр. Мамандар заң нормаларымен бекітілген талаптарды мүлтіксіз орындау арқылы қоғамда тыныштық орнатып, әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алуда. Мұнда жыл басынан бері 4 024 әкімшілік іс қаралды. Соның бірі – «Toyota Land Cruser» маркалы жеңіл автокөлікті масаң күйде тізгіндеген азаматқа қатысты. Сот отырысында А есімді азамат алкогольдік ішімдік ішіп, облыс орталығындағы Елемес көшесінің бойында көлік құралын басқарғанын мойындады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1- бөлігіне сай сот шешімімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұдан бөлек, ол 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Қорыта айтқанда, әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу. Десе де, базбіреулер әкімшілік жауаптылыққа тартылғанына қарамастан, ішімдік ішкен күйінде көлік құралын басқаруын жалғастырып келеді. Ал бұл дегеніміз – нағыз қылмыс. Сондықтан әрбір жүргізуші мас күйінде көлік жүргізбес бұрын өзіне тағайындалатын жазаны, жол-көлік апаты салдарынан келетін зиянды, сондай-ақ өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ұмытпағаны жөн.
Медеу ТҰРСЫМБАЕВ,
Тараз қаласының әкімшілік
құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маманы.