- Advertisement -

Алаш Орда: Әулиеата уездік комитеті

311

- Advertisement -

1917 жылғы Ресейдегі октябрь көтерілісінен кейін желтоқсан айының 5-13 күндері Орынбор қаласында ІІ жалпы қазақтық съезі өткені тарихтан белгілі. Осы съезге Әулиеата уезінен бес адам делегат болып қатысқан. Олар: Ә.Кенесарин – уезд бастығының іс басқарушысы, М.Бұралқиев – уезд бастығының тілмашы, және көзі ашық оқыған азаматтар А.Әділов, Д.Әділов, Р.Еркінбеков. съезде Ә.Кенесарин жер мәселесі туралы баяндама жасайды. Съезд Алаш Орда мемлекеті құрылғанын жария етеді және Алаш Орда үкіметін сайлайды.

Үкімет басшысы болып Әлихан Бөкейханов сайланған. Съезден қайтқан бойда уезден барған делегаттар 27 желтоқсан күніне уезд қазақтарының съезін шақырады.

Съезге 250-ден аса бақуатты адамдар,оқыған азаматтар және дін уәкілдері қатысады. Съезде үш мәселе қаралған: І. Алаш Орда үкіметін мойындап, уездік комитет құру; ІІ. Ашаршылыққа байланысты Арқадан халыққа астық жеткізу. ІІІ. Уездік комитеттің халықтық милициясын құру.

Съезге қатысқан делегаттар Алаш Орда үкіметін толық мойындап, уездік комитет құрады. Комитетке 11адам мүше болған. Комитеттің төрағасы болып Кенесарин Әзімхан сайланады. Орынбасары Мұстафа Бұралқиев, және дін өкілдерінен Арыстанбек әулие Алтынұлы сайланған. Съезд аш халыққа астық жеткізу мақсатында байлардан атарба, шана жинап беруін өтінген. ІІІ мәселе бойынша халықтық милицияға әр болыстан 3-5 жігіттерді жинауды тапсырады, және оларды қару- жарақпен, ат-тұрманмен қамтамасыз етуді байларға тапсырады. Осы съезде Қорағаты болысының байы Қырғызбай Мәлібеков уездік комитетке 500 жылқы беретінін мәлімдейді.

1918 жылдың басында уездік комитет атарбамен,
шанамен Арқадан астық алдырып, аш халыққа таратады. Уездік комитет Әулиеатада бір жылдан аса билік құрады.

1919 жылы уезде Кеңес өкіметі орнап Алаш Орда үкіметінің уездік комитетін таратады. Ә.Кенесарин Шымкентке барып, жер комитетін басқарады. М.Бұралқиев Ташкентке барып оқуға түседі. А.Әділов пен Д.Әділов Семейге Алаш Орда астанасына кетеді.

1926 жылы Д.Әділов Қызылордада алғашқы қазақ драма театрын ұйымдастырып, бірінші директоры болған. М.Бұралқиев агроном мамандығын алып, Шымкент маңында еңбек етеді. Ә.Кенесарин 30 жылдары Шымкент облысында канал құрылысын басқарады. 1930 жылы Алаш Орда үкіметінің мүшелерін қудалау басталғанда М.Бұралқиев 15 жылға Воронеж облысына жер аударылады. Дін өкілі Арыстанбек Алтынұлы және Қорағаты болысының байы Қырғызбай Мәлібеков қамауға алынып сотталады. Ал Арыстанбек Алтынұлын Кеңес әскерлері Әулиеатаға жетпей жолда атып кетеді. Комитет мүшелерінің қалғандары 37 жылы саяси қуғын- сүргін құрбандары болып атылады. М.Бұралқиев Воронеж облысында Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаевтармен бірге болған.

Осында жүріп колхозда қызылша өсіретін бригадада агроном болған. Айдауда жүріп «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деген еңбегін бастайды.

1940 жылы қатты ауырып,орнынан тұра алмаған соң еліне барып өлсін деп поездға салып жібереді. Әулиеатада туысқандары күтіп алып, бір жылдан аса емдеп, аяғынан тұрғызған соң «Қызыл жұлдыз» колхозына агроном болып орналастырады. Ресейде алған бай тәжірибесін пайдаланып, колхоздағы қызылша звеноларын ұйымдастырып, мол өнім алуға қол жеткізеді.

Алғашында әр гектардан 350 центнерден өнім жинаса, келесі жылдарда өнім алуды 700-750 центнерге жеткізеді. Осы жоғары көрсеткіштері үшін колхоз бастығы мен үш звено жетекшісі «Еңбек Ері» атағын иеленеді. 1961 жылы зейнетке шығып, қалған өмірін Жамбыл қаласында өткізеді.

Биыл желтоқсан айында Алаш Орда үкіметі мен Әулиеата уездік комитетінің өмірге келгеніне 105 жыл толады. Бұл мақаланы бүгінгі жастар өткен тарихымызды білсін деген мақсатпен жазып отырмын.

 

Москау НОҚРАБЕКОВ,

еңбек ардагері, журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support