ЕАЭК отырысы: Қазақстан қандай өзекті мәселелер көтерді?
ЕАЭК отырысы: Қазақстан қандай өзекті мәселелер көтерді?
Экономикалық ынтымақтастықты дамыту шаралары
Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ең алдымен қонақжайлылық көрсеткені, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қырғыз тарапына және Садыр Жапаровтың жеке өзіне алғыс айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше елдердің президенттері желтоқсан айындағы кездесулерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттерді айқындайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болғанына тоқталып өтті. Мемлекет басшысының мәліметінше, сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7 пайызға артып, 23 миллиард долларға жеткен. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланыстарды сақтауы және нығайтуы, ортақ қағидаттар мен мақсаттар аясында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін күш біріктіруі аса маңызды. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар басым мәселені атап өтті. «Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қоса Мемлекет басшысы қазіргі таңда Одақ аясында жүзеге асып жатқан бірлескен жобаларға тоқталды. Президенттің айтуынша, қазіргі халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендеткен. Оның сөзінше, қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құраған. ҚР Президенті санкциялар текетіресінің ЕАЭО елдеріне қалай әсер етіп жатқаны туралы пайымын айтты. «ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Президент Қазақстанның бастамасы бойынша құрылған Жоғары әрекет ету тобының жұмысын тиімді деп бағалады. «Бірақ оған ұлтүсті аспектілер жетіспейді. Бұл жұмысқа алқа мүшесі ретіндегі комиссия басшылық етуі керек деп есептеймін. Әрине, жұмыс барысында комиссия мандатын басшылыққа алып, халықаралық аспектілерді ескеру керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысы халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті. Ол енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды екенін жеткізді. «Одақтың сыртқы сауда саласындағы мүддесі жылдан жылға кеңейіп келеді. Енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды», – деді ол.
ЕАЭО аумағында тауарлардың тасымалдануы
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕАЭО аумағы арқылы тауарлардың еркін тасымалдануын қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жүктердің ЕАЭО аясындағы тасымалын шектейтін жайттар бар екенін жеткізді. «Біздің интеграциялық серіктестігіміздің тиімділігі «төрт еркіндік» қағидатын сақтауға тікелей байланысты. Солардың бірі – тауар өткізу еркіндігі. Біздің ортақ кедендік аумағымыз арқылы транзитпен өтетін қазақстандық және қазақстандық емес жүктердің де тасымалы шектеудің, квоталау мен кешіктірудің бүкіл фактілерін жою қажет деп санаймын. Мұндай шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықтың мақсаты мен рухына сәйкес келмейді. Ең бастысы, олар біздің экономикалық интеграциямыздың әлеуетін іске асыруды шектейді», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент тасымалдауды қадағалау үшін жүк қозғалысын қадағалайтын пломба қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп есептейді. «Санкциялық шараларға байланысты көлік-логистика саласында қиындықтар туындаған шақта жүк тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбыларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз. Бұл шара цифрландырудың интеграциялық процестеріне оң әсер етер еді. Аталған келісімде қарастырылған мемлекеттік бақылау шараларын оңтайландыру Экономикалық одақтың кәсіпкерлік және көлік-транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Келісімді жедел ратификациялау осы мәселені шешуге ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қоса, ол Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы айтты. «2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Әрине, бұл процесс бастапқыда ойлағандай тез жүріп жатқан жоқ. Мұның объективті себептері бар. Жекелеген мәселелер тараптар үшін өте өзекті. Прагматизм және әрбір қадамның жан-жақты пысықталуы жоспарланған мерзімде жүзеге асыруға деген ұмтылыстан басым болуы керек. Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы атап өтті. Ол Қазақстан цифрлық бағытта айтарлықтай ілгерілегенін жеткізді. БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстан әлемдегі цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіретінін де тілге тиек етті. «Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы атап өтемін. Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, біздің кәсіпкерлеріміз де мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруі тиіс. Дегенмен көзделген көптеген интеграциялық бағыт бойынша біз әлі де «кібіртіктеп» тұрмыз. Мысалы, Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз», – деді ҚР Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетілетіндігін атап өтті. «ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз жаңа цифрлық технологиялар, крипто-экожүйелер және финтех саласында жетекші рөл атқару деп санаймын. Бұл міндетті орындауға болады. Оған қоса Ресей, Беларусь, Армения бұл салаларда тарихи тұрғыдан айтарлықтай тәжірибеге ие. Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты күшейтуге шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Еңбек миграциясы мәселесі де назарда
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі. Ол халықтар арасында интеграцияны ілгерілетуге жағдай жасалуы қажет екенін жеткізді. «Бір орында тұрып қалмай, жаңа тәсілдерді ұсыну маңызды. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер керек. Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек. Тағы бір сала – туризм. Бұл бағытта Одақтың әлеуеті зор, туризмнің барлық түрі бізге қолжетімді. Комиссия үкіметтермен бірлесе отырып, осы салада маңызды әрі шынайы жобаларды әзірлей алады», – деді ол. Мемлекет басшысы сөз соңында Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірлескен күш-жігердің арқасында қазіргі сын-қатерлердің салдарын табысты жойып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қоса ол қырғыз тарапын және Садыр Жапаровты Қырғызстан төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтады. Мемлекет басшысы келесі жылы бұл мәртебелі миссия Ресей тарапына өтетінін жеткізді. Оның пікірінше, Ресей төрағалығы табысты болатыны күмәнсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі экономика ретіндегі Ресей Федерациясының күш-жігері ЕАЭО-ның дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. «Одақ аясында одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жоюға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгін біз бұл мәселені жан-жақты талқылап, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға келістік. Кәсіподақ қызметін реттейтін бірқатар құжаттар бекітілді. Қабылданған шешімдер еуразиялық интеграцияны нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Одақ органдарындағы төрағалық келесі жылы Ресей Федерациясына өтеді. Мен ресейлік тарапқа осы жауапты миссияда үлкен табыс тілеймін», – деді Қырғызстан республикасының басшысы.
Саммитте қандай шешімдер қабылданды?
Жиын соңында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Одақтың 2023 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары бекітілді. Сондай-ақ Біріккен Араб әмірліктерімен сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Бішкекте электронды түрде көрсетілетін қызметтерге ҚҚС салық салудың жаңа тәртібі бекітілді. Жаңа ережелерге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше елдердің аумағында электронды қызметтерді трансшекаралық сатып алу үшін салық салу сатып алушының орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады. Яғни, қосылған құн салығы сатып алуды жүзеге асырған тұлға тұратын елдің бюджетіне түседі. Жалпы, отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО басшылары 15 құжатқа қол қойды. «ЕАЭО қолданысындағы нормативтік-құқықтық актілеріне 139 түзетуден тұратын үлкен екінші хаттама қабылданды. Биыл алғаш рет маңызды іс-шаралар өткізілді, оның ішінде бірінші Еуразиялық экономикалық форум, ТМД және ЕАЭО елдерінің алғашқы жастар форумы бар. Жалпы сомасы 270 миллиард АҚШ долларын құрайтын 158 жоба, 25 сала іріктелді. Енді біздің бизнеске интеграциялық жобалардың тізбесіне қосылуға және негізгі ақшалай мөлшерлеме көлемінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауда көрсетілетін тиісті қолдау алуға мүмкіндік берілді. Бұл экономиканың нақты секторына елеулі қолдау, біз Еуразиялық экономикалық одаққа қажетті жаңа жобалар қатарын арттырамыз», – деп түйіндеді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович. Айта кетейік, аталған саммитке Қазақстан Президентімен қатар Қырғызстан президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттерден – Куба президенті Мигель Диас-Канель, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.