- Advertisement -

Жақсы іс – жұғысты

108

- Advertisement -

«Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты. Расында адамға ниет еткені тиесілі», – деген тағылымды хадис бар. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді. Сарысу ауданының әкімдігі жыл бойы меценат, жеке кәсіпкер мен кәсіпорын, сонымен қатар жеке тұлғалардың демеушілігімен атқарылған қайырымдылық шаралардың нәтижесіне қатысты жиын ұйымдастырды.

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің айтуынша, қайырымдылық шарасы көктемнің шуақты күнінен бастау алған Ұлыстың ұлы күні түрлі сый-сияпаттар таратудан басталған. Одан өзге Қарттар күні, республика күні сынды мерекелерде жүрегі кең азаматтардың қолдауымен аз қамтылған 100-ден аса отбасыға азық-түлік себетін үлестіру дәстүрге айналған.

«Құрбан айт» мерекесінде 2 түйе, 20 ірі қара, 332 ұсақ малдың еті әлеуметтік жағдайы төмен 1750 адамға, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 723 балаға 13 миллион 332 мың 700 теңгеге мектепке қажетті түрлі жабдықтары мен мектеп формалары алынып беріліпті.

Сонымен бірге, «Асар» жобасы соңғы жылдары қарқынды жүзеге асып, баспанасыз жүрген талай отбасыға қуаныш сыйлағаны мәлім. Осы орайда жыл басынан бері ауданда 6 отбасы баспанамен қамтылып, жыл соңына дейін тағы 5 үй пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар «Мейірім», «Жомарт түлек», «Жомарт жүрек» жобалары аясында да атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.

– «Жақсы іс – жұғысты» деген аталы сөз бар. Мұндай қайырымды істердің басы-қасында жүрегі даладай дархан, кеңпейіл азаматтардың тұрғаны көңілге демеу, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар жиын барысында Марат Қырғызәліұлы орынбасарларына өз саласы бойынша нақты тапсырмалар беріп, аудандағы меценаттармен жұмысты одан әрі жандандыру керектігін айтты.

 

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support