Жастардың сауатты болғаны – бір жеңіс

Жастардың сауатты болғаны – бір жеңіс
Айтайын дегенім, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері жыл басынан бері «Дін және жастар» тақырыбы төңірегінде түрлі іс-шаралар өткізіп, жат діни ағымдардан қалай қорғану жолдарын жастарға түсіндірумен келеді. Біреуге болмайтын дүние болып көрінгенімен, бұл істердің артында ел мүддесі тұрғаны айдан анық. Бір аудиторияға жиналған жиырма шақты жастарымыздың ішінен тым құрығанда екеуінің ойын ізгілік жағына өзгерте алудың өзі үлкен еңбек. Алда қыруар тірлікті тындырмаққа жүйелі жоспар құрған алқа топ бір жылға атқарған жұмыстарына есеп беруді де назардан тыс қалдырған емес. Жуырда «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Шу аудандық ардагерлер кеңесінің «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын алу» тақырыбында қорытынды жиыны өтті. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Доғдырхан Байбатшаев, ардагерлер кеңесі жанындағы билер алқасының төрағасы Қазақбай Байжұманұлы қатысты. Олар өз ойларын ортаға салды. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Дәнен Бейсенбаевалар дәстүрлі емес діни ағымдардың сипаттары, экстремизм, терроризм туралы ойларын ағыл-тегіл ақтарды. Сондай-ақ жат діни ағымдар адам санасын улайтыны және оның шырмауына түспеу жолдары түсіндірілді. Келелі кездесудің соңында аудандық ардагерлер кеңесі жыл бойына жүргізілген жүйелі жұмыстарға атсалысқан жандарға сертификат табыстады. Бұған қоса жиынға қатысушыларға арнайы сауалнама жүргізді. Кешегі ел мүддесі үшін күрескен Алаш зиялылары тіл мен ділді сақтау жолында жанын пида еткеніне тарих куә. Ал бүгінгідей жан-жақтан аш қасқырлар анталаған заманда үміт арқалаған жастарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесі үшін өресін биіктетуге, біліммен қаруландыруға толыққанды ықпал етуге атсалыссақ қана діттеген мақсатымыз сол болмақ. Сондықтан да игі іске жұмылып, ел болашағы үшін бірігуіміз қажет.
Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист.
Шу ауданы.