Еріктілердің еңбегі ерен
Еріктілердің еңбегі ерен
Бүгінде облыс бойынша волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында барлығы 12 бағыт бойынша 15 692 адам қамтылып, 1 209 іс-шара өткізілген. Сонымен қатар волонтерлікті дамыту бойынша бастамашыл топтар 15 шағын грант жеңіп алған. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 12 мыңнан аса волонтері бар 13 ұйым айналыcады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық Ресурстық орталықтарының жанынан 154 волонтерлік топ құрылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы Азамат Намелбекұлы республика бойынша үздік деп танылды. – «Халық» қайырымдылық қорының ұйымдастырған «Халық үміті» жалпы республикалық байқауында «Need to Work» тақырыбында жоба ұсынып, 1 миллион теңге жеңіп алдым. Жобаның басты мақсаты – қаладағы жұмыссыз жастардың жұмысқа тұруына атсалысу, өз кәсібін бастағысы келетін жастарға 400 айлық есептік көрсеткіштегі қайтарымсыз гранттарды алуға көмек беру болды. Бұл жобаның ерекшелігі барлық ақпараттарды халыққа түсінікті тілмен жеткізу. Осы қаражаттың 70 пайызы жарнамаға жаратылды. Жарнаманың арқасында жобаға Қазақстан ғана емес, орта Азия елдері де қызықты. Жоба бойынша ақпараттанған адам саны 100 мыңнан асты. Қатысуға ниет білдірушілер арасында 126 адам нақты жұмысқа тұрды. Одан бөлек 400 айлық есептік көрсеткіштегі қайтарымсыз грантты 26 адам ұтып алды. Біз оларға бағдар көрсетіп отырдық. Демеуші табылса, тегін түрде ұйымдастыруға дайынмын. Мен осы жобамның арқасында «Жыл волонтері» атандым, – дейді Азамат. Ерікті жастар барда ел еңсесі биік болатынына еш күмән жоқ. Облыстағы ерікті жастардың халыққа ұсынып отырған пайдасы орасан. Соның ішінде «Қамқор» әлеуметтік дүкені жұмыс істеп тұр. Бұл дүкенде ерікті жастар киімдерді өздері тазалап, жуып, үтіктеп қояды. Еріктілердің ерен еңбегі түрлі бағытта белең алып келеді. Осы орайда облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Арайлым Әбдуалиевамен тілдескен едік. – Биыл волонтерлікке деген қызығушылық артты. Былтырғы жылмен салыстырғанда 4000-ға өскен. Былтыр 8000 болған, биыл 12000. Еріктілер айына 120-130 іс-шара жүргізеді. Қазіргі таңда республикалық фронт офисте Жамбыл облысы үздік 4 өңірдің қатарына кіреді. «Әлеуметтік көмек көрсету бағыты бойынша жыл волонтері атанған үздік волонтердің жеңіске жеткені біздің өңір үшін үлкен көрсеткіш, – деді Арайлым Әділбекқызы. «Birgemiz qamqor» бағыты бойынша жалғызбасты қарттарға қамқорлық көрсетіп, әлеуметтік қорғау жүйесінің нысандарында тіркелген асыраушысынан айырылған немесе еңбекке жарамсыз қарттардың клубын құрып, бос уақытында айналысатын сүйікті ісін (хоббиларын) дамытып, жұмыс жасауға ықпал ету мақсатында «Шебер қарттар», «Ерекше ансамбль», «Жүректен жүрекке», «Есте сақтау және интеллект мектебі» жүзеге асып келеді. «Birgemiz – Taza alem» бағыты бойынша қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен аулаларды тазарту, балаларды қоқыстарды сұрыптауға үйрету мақсатында «Ozgeris», «Sanaly urpaq», «Eco chart» жұмыс жасап жатыр. Ал «Birgemiz sabaqtastyq» бағыты бойынша өмірлік қиын жағдайда қалған балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін арттырып, мәдени білім беру, қолөнерге деген қызығушылықтарын арттырып, үйретілуде. «Qoloner» ауылды жерлердегі волонтерлік бағыты бойынша ауылдық аймақтағы жұмыссыздық проблемасын, экологиялық мәселелерді шешіп, ең көп шығатын қоқыс түрлерінен және басқа да материалдарды пайдалану арқылы ауылға жаңа бейне беріп қана қоймай, сонымен қатар ауылдағы мүмкіндіктерді пайдаланып, «Пікір иесі», «Жер қазына», «Жаңа бейне», «Ұлттық рухани жаңғыру» ұрпақтар сабақтастығы бағыты бойынша ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жайы бар. Осы орайда ұмыт қалған салт-дәстүрлерді жастарға қайта сіңіру мақсатында «Ulttyq keruen», «Dastur IQ» де аянбай келеді. Әскери патриоттық тәрбие бағыты бойынша жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеп, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, патриоттық рух, әскери өмірге және мамандыққа көзқарастарын өзгерту мақсатында «Otan ottan da ystyq» өз қызметін ұсынуда. Ал «Birgemiz saylyq» бағыты бойынша онкологиялық немесе басқа да емделмейтін ауруға душар болған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға үй жағдайында емдеу мекемелерінде, хоспистерде күтім көрсету мақсатында «Доверся мне» жобалары іске асырылды.