Жаңалықтар

Билікөл жастарының тірлігі берекелі

Билікөл жастарының тірлігі берекелі

Билікөл ауылдық округінің жастары да қоғам өмірінен тыс қалмай, елдің игі істеріне белсене араласуда. Атап айтсақ, көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары барысында көшелер, ауыл айналасы кездейсоқ күл-қоқыстан тазартылды. Осы істе округ жастарының үлесі бар. Ауыл әкімдігі мен округте орналасқан мекемелер және жастардың күшімен көше бойына 1800 тал-дарақ көшеттері отырғызылды. Ауыл ішіндегі тал-драқтар мен Тараз – Қаратау – Жаңатас автожолының бойындағы жол жиегіндегі ағаш түптері бұталып, ақталды.  

Тазалық жұмыстары барысында ауыл ішіндегі 3 кездейсоқ қоқыс төгілген орынның көзі жойылды. 12 шақырым көше, алаң, аула аумақтары тазартылып, 20 тонна қоқыс шығарылды. 1000 шаршы метрді құрайтын саябақтар алаңы тазаланды. Сонымен бірге ауыл ішіндегі 8 шақырымды құрайтын арық-атыздар күл-қоқыстан аршылды. Округтегі 4 ескерткіштің айналасында сенбіліктер ұйымдастырылып, абаттандыру жұмыстары атқарылып, 1000 шыбық тігілді. Округте кәсіпкерлік те жақсы дамып келеді. Мәселен, «Қалнұр 2001» ЖШС Жылыбұлақ ауылының тұсында құрылыс жұмысына қажетті құмын өңдеп, оны Түркістан мен Жамбыл облысы кәсіпкерлеріне өткерумен айналысуда. Ауылшаруашылық саласында да ауыз толтырып айтарлық ілгерілеу бар. Бүгінгі таңда округте 103 шаруа қожалық жұмыс істеуде. Оның екеуі егіншілікпен айналысады. Атап айтсақ, «Билікөл» ШҚ 333 гектар алқапқа мақсары, 167 гектарға бидай, ал «Атамұра» ШҚ 200 гектарға мақсары орналастырған. Егін алқабы жиналып, дәні қамбаға құйылды. Өзге шаруашылықтар мал шаруашылығымен айналысуда. Бүгінде округте 2541 мүйізді ірі қара, 54342 қой, 2998 ешкі, 2303 жылқы бар. Бұдан бөлек 147 жалпақтанау мен 8348 құс тіркелген. Бұл төрт түлік пен құс атаулы округтің ветеринарларының бақылауында. Билікөл ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Заңы және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында өз деңгейінде жүргізілуде. Заңның мақсаты жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру болып табылады. Бүгінгі таңда округте 1620 адам тұрады, оның 311-і жастар, бұл жалпы халықтың 19,1 пайызы. Жастардың қатысуымен өткен жартыжылдықта округте 52 іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, жастар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында – 4, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша – 3, әскери патриоттық бағытта – 3, мәдени шығармашылықта – 5, діни – 3, рухани бағытта – 8, бұдан бөлек 4 спорттық ойын, 6 жастар сенбілігі, 6 қайырымдылық іс-шара, 4 жастар акциясы, 5 түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, оларға жастар белсене қатысты. Мемлекет басшысы Жолдауында «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» демекші, округ кәсіпкерлері мен жастары жақсы істерге бастамашы ғана емес, демеуші де болып жүргенін айтпай кетуге болмайды. Мәселен, ауыл жастарының ұйымдастыруымен 365 мың теңге жиналып, округтегі жағдайы төмен, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 9 отбасына көмір, 7 отбасына азық-түлік себеті таратылды. Жеке кәсіпкер Қанат Тастанбеков округіміздегі 25 қарияны облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бірінші жартыжылдығына тегін жаздырып берсе, ал екінші жартыжылдығына округіміздегі қайырымды жандар 30 қарияға тегін жаздырып беріп отыр. Сонымен қатар округ жастары ауыл қарияларымен және мешіт жамағатымен бірлесе отырып 591 мың теңге жинап, «Тасаттық» берді. Бұл іс-шара барысында Қарабастау ауылының орталығында мүйізді ірі қара мал құрбандыққа шалынып, ас берілді. Шалынған мал етінің бір бөлігі округтегі жағдайы төмен 35 отбасына таратылды. Мұндай іс-шаралардан жеке кәсіпкерлер де тыс қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Ерғали Миразов ауылдың абаттандырылуына 1000 түп сәндік ағаш көшеттерін әкеліп, округтегі саябақтар мен көше бойларына отырғызылды. «Жомарт түлек» жобасы аясында округтегі мектептің 20, 30, 40 жылдық түлектері Қ.Қошмамбетов атындағы №3 орта мектепке және «Билікөл» балабақшасына демеушілік көрсетті. Балабақшаға құны 200 мың теңгені құрайтын ойыншықтарын сыйға тартты. Мектеп бітірігендеріне 10 жыл толған түлектер 300 мың теңгеге 2 жер бұрғылау қондырғысы мен электр генераторын алып, мешітке сыйлады. Жер бұрғылау қондырғысының округтегі малшылар мен егін салушыларға жәрдемі тиюде. Бір атап өтерлігі, орта мектепті бітіргеніне 40 жыл болған түлектер 1 миллион 300 мың теңгеге Қарабастау ауылына көлемді етіп әріптері жарықтандырылған ауыл атауы жазылған жазуды тарту етті. Жеке кәсіпкер Қайрат Есмұратов 600 мың теңге демеушілік жасап, оған Қарабастау ауылындағы сахна маңынан ас дайындайтын бастырма мен арнайы үлгідегі қазан-ошақ орнын жасап берді. Ауыл жастарының қолдауымен жиналған 250 мың теңгеге Қарабастаудағы кіші футбол алаңы ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қыс айларында мал азықсыз қалмауы үшін тұрмысы төмен 4 отбасына шаруа қожалықтар округте демеушілік көрсетіп, 400 тайланған жоңышқа түсіріп беріді. Өкінішке қарай, округте 3 қылмыстық іс тіркелді. Оның екеуі пәтер ұрлығы, біреуі алаяқтық. Бүгінгі таңда бір пәтер ұрлығынан басқасының барлығы ашылды. Бүгінгі таңда мал және пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында тиісті шаралар қолға алынды. Яғни дүкен және мал-қора иелерімен үнемі ұрлыққа жол бермеуі бойынша жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құқық саласын учаскелік полиция инспекторы өз бақылауына алып, жастармен, шаруа қожалықтармен тығыз байланыс орнатты. Ұрылардың жолын кесу бағытында жұмыстар атқарылуда. Округте төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 20 адамнан тұратын ерікті топ құрылып, өрт сөндіруге арналған 24 құрал дайындалды. Өкінішке қарай, биыл округ аумағында 3 табиғи өрт оқиғасы тіркеліп, 36 гектарды құрайтын жайылым отқа оранды. Округте биыл және алдағы жылы атқарылатын 15 жоба бар. Бүгінгі таңда олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, аудан бюджетінің қарауына ұсынылды. Атап айтсақ, оның ішінде Билікөл ауылдық округінде қатты қалдықтарды шығару және оларды жою, Дарбаза суқоймасынан шығатын атызға лоток салу, ұзындығы 12 шақырымды құрайтын иесіз қалған каналды дренажды тазалау, саябақтарды және алаңдарды абаттандыру, жарықтандыру, көшелерге асфальт жабынын төсеу, футбол алаңын салу және Дарбаза өзені бойындағы көпірді жөндеу сынды жобалар бар. Бұл жұмыстарды атқару үшін 186 миллион теңге керек. Жобалар бойынша аудандық бюджетке ұсыныстар жолданды. Лайым Жаңа Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған жарқын жобалар жүйесі жүзеге ассын деп тілеймін.   Талғат ӘМІРЕЕВ, Билікөл ауылдық округінің әкімі. Талас ауданы.