- Advertisement -

Отасылық бюджет дегеніміз не?

27

- Advertisement -

Отбасылық бюджет – бұл әдетте бір ай мерзіміне жасалатын, отбасының ақшалай табыстары мен шығындарын реттеу жоспары. Бюджетті жүргізудің басты мақсаты – шығындарды бақылау.

Алайда кейбір ерлі-зайыптылар бюджетті жүргізуді қызықсыз және езбе шаруа, оның үстіне, шамамен қанша ақша жұмсалып жатқаны онсыз да белгілі деп санайды. Мәселенің мәнісі де осында, біз шығындарды нақты емес, шамалап білеміз. Табыс пен шығындардың бір қарапайым есебінің өзі шығындардың 20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Бұл ай сайынғы шығындар жылына қаншалықты соманы құрайтынын елестете беріңіз.

Бюджетті құру кезінде басшылыққа алудың ең басты қағидасы – бұл есеп және бақылау. Бұл жағдайдың өзгеруін дер кезінде аңдап, қосымша шығынсыз ету үшін қажет. Бір жағынан бұл қажетті қаражаттар мөлшерін көруге, енді бір жағынан ақшалай қаражаттар қашан шығындалғанын жоспарлау үшін қажет. Сәйкесінше, ақша түсімдері қашан жоспарланатынын түсінуге мүмкіндік береді. Яғни ең бастысы – бұл бюджетті құру ғана емес, сонымен бірге ақша қозғалысын жоспарлау. Мерзім аяқталған соң, жоспарланған және жұмсалған ақшаны салыстыруға және қажет болса өзгерістер енгізуге болады.

Әдетте бюджеттің үш типін қарастырады. Ең кең таралғаны – бірлескен. Мұнда әкесі мен анасы (атасы, апасы сонымен қоса ересек балалары да) тапқанын ортаға салып, белгілі уақыт аралығында (әдетте бір айға) алынған соманы қалай бөлу қажет екенін шешеді. Мұндай әдістің ең басты артықшылығы – бірлікті сезінуде. Бюджеттің мұндай әдісінде балалар отбасы ісіне қатысу құлшынысын және жауапкершілікті ерте сезіне бастайды.

Түскен табыс келісім бойынша отбасы мүшелерінің арасында бөлшекке бөлінетін болса мұндай бюджет үлестік болып саналады. Осылайша әрқайсысында өз қалауы бойынша жұмсай алатын жеке ақшалары қалады.

Жекеше бюджет те бар. Мұнда әкесі мен анасы тек өздері тапқан табысын ғана жұмсайды. Ақшаны бөлудің мұндай типі ерлі-зайыптылардың екеуі де жоғары табыс табатын отбасыларға тән. Алайда бірлескен бюджетте жаңа ғана ақша табуды бастаған балаларға ата-анасы бюджетті жартылай ғана бөліп, ақшаны өз бетімен жұмсауға мүмкіндік береді.

ЖИНАҚ

Адамдар өз болашағын қалай жоспарласа да ең орынсыз сәтте тағдыр өз үстемдігін жүргізеді. Ал жиналған ақша мұндай күтпеген жағдайларда құтқарушы болады. Сондықтан көптеген отбасыларда ақша жинау дәстүрге айналған. Әрбір отбасыда мұның қалайша жүзеге асуы осы отбасы мүшелерінің сауаттылығына байланысты. Біреулер сенімді мемлекеттік банктен депозит ашады, біреу жастығының астына ақшасын тығып қояды. Қандай қағидамен салым салуды ерлі-зайыптылар бюджеттің таңдалған нұсқасына және бір-бірімен қатынасына байланысты өздері шешеді. Кейде ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де бір-бірінен жасырын және ұсақ шығындары үшін ақшаны тығып жинайды. Егер қалта шығындарына ақша шектелген болса, мұндай жағдай көбінесе бірлескен бюджетте орын алады. Бұл жағдайда ең бастысы – жұбайлардың бірі отбасының қажеттілігіне зиян келтіріп ақша тығып, ол құпияның ашылып, үлкен дауға айналмауы.

ОТБАСЫЛЫҚ БЮДЖЕТ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

Егер отбасы шығындарын қадағалауға тырыссаңыз, бірқатар күтпеген деректер ашылады. Бір жас ананың әңгімесін ұсынамыз. «Менің отбасымда біз тапқан ақшамыздан ширек сомаға көп шығынданатынымыз анықталды. Табыстың бұл бөлігі қайдан келетіні біз үшін жұмбақ күйінде қалды. Азық-түлікке шығын сомасы да біз үшін күтпеген жағдай болды. Мен супермаркетте сапалы азық-түлікті арзанырақ бағамен алу үшін екі сағат уақытымды шығындауға дайын болдым. Алайда қорытынды жасағанда, үнемнің түкке тұрғысыз екені анықталды. Дүкендегі екі қосымша сағат бала күтушісінің екі қосымша жұмыс сағатын білдіреді. Нәтижесінде мен бала күтушіге азық-түліктен үнемделген ақшамды төледім».

Мұндай қорытындылар біз өз ақшамызды неге жұмсайтынымызды ғана емес, жалпы біздің өміріміз қалай ұйымдастырылғанын, уақытымыз бен ақшамыз қайда кететінін ойланудың жақсы себепкері болып табылады.

Бюджетті жоспарлау кезеңі көптеген отбасылардың өмірдің ең басты міндеттері мен мәніне ой салуға мәжбүрлейді. Сондықтан отбасындағы қандай да бір жоспарлау, соның ішінде қаржылық жоспарлау туралы әңгіме қозғалғанда тепе-теңдікке және өмірлік теңдестікке жету үшін өмірдің барлық салаларына мән беру маңызды екенін түсіну қажет.

БАЛА ОТБАСЫ БЮДЖЕТІН ЖОСПАРЛАУҒА ҚАЛАЙ ҚАТЫСА АЛАДЫ?

«Мен жасөспірім кезімде ата-анамнан ақша ұрлаушы едім, – деп сыр бөлісті бір қыз – Ұят болса да, бұл шындық. Себебі менде ақша болған жоқ. Алайда әртүрлі ұсақ-түйек алғың келеді. Жағдайдың беті ашылғанда, маған аз ғана ақша беріле бастады». Бұл әрине, шектен тыс жағдай, бірақ баланың қалта шығынына ақша беру керек.

Жасөспірімге ақша беруден бас тартып, ата-аналар жағдайға байланысты баланы өз бетімен ақша табуға итермелейтінін түсінулері қажет. Теріс жағдайда олар оны қарызға батырады, одан да сорақы жағдай, жоғарыда айтылған қыз мысалы сияқты, ұрлыққа әкелуі мүмкін.

Әр отбасының қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Егер жасөспірім өз бетімен табыс таппаса, тек ата-анасының берген қалта ақшасын пайдаланса, оның отбасы бюджетіндегі жағдайын пассивті деп айтуға болады.

Табыс таба бастағанда жасөспірім қаржы жоспарының отбасы талқылауына қатысуға қабілетті, дербес тұлға ретінде жария етеді. Жоғары сынып оқушысы үшін бірінші жұмыс – әлеуметтік есею кезеңдерінің бірі. Бір жағынан ақша мәселелеріне қатысу шарасын ата-анасы белгілеуі қажет, екінші жағынан, бұл шараны жұмыс жасаушы жасөспірімнің отбасының материалдық әл-ауқатына әсер ету деңгейімен анықтауға болады.

БАЛА АТА-АНАСЫНЫҢ АҚШАСЫН ҮНЕМДЕУГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

Жасөспірімнің білім алуына кедергі жасамайтын тұрақты немесе тұрақты емес табысы болуы мүмкін. Егер тапқан табысы тек оның өзіне ғана жұмсалатын болса да, ата-анасын ұлы немесе қызының олардан көмек сұрамай, өз қажеттілігін өзінің өтеуі қанағаттандыруы мүмкін. Жасөспірім өз киімін, сондай-ақ оны қызықтырған дүниесін өзі сатып алуына болады. Біз оның үйде тамақтанатынын, сонымен қатар ол үшін ата-анасының көтеретін басқа да кішігірім шығындары бар деп есептейік. Тіпті осы жағдайдың өзінде де оның табысы отбасы бюджетін көбейтпесе де, ең бастысы, азайтпайды. Сүйікті балаңызға арналған жоғарыда аталған шығын «бабы» жоқ. Мұның өзі отбасылық қаржы жүйесін құруға қомақты үлес болып табылады.

Ата-анасына өз баласының дербестігін сезіну бір бақыт. Ал егер жасөспірім өз табысының бір бөлігін ата-анасына беріп, отбасының экономикалық өміріне үлес қосса, одан да қуанышты болар еді.

Белгілі бір жастан бастап, балаларды отбасындағы ақша мөлшері толғандыра бастайды. Ата-аналардың ортақ пікірі: оларға тікелей және ашық жауап берген жөн. «Біз неге қымбат және көп ұсақ-түйек әшекейлер алмаймыз деген сұраққа шын жауап береміз. Ал өкпелемеуі үшін аптасына бір рет дүкенге барғанда балаларымыз қалағанды – тәттілер, кішкентай ойыншықтар, шариктер, сабын көпіршіктері, кеңсе заттарын алып беруге тырысамыз». Көптеген ата-аналар балалардың азық-түліктің қанша тұратынын, дүкенге өз бетімен баруын маңызды деп санайды. Және олар кішкентай кезінде өз ата-аналарымен дүкенге қалай барғанын, сол сәтте нені сатып алу маңызды екенін талқылағанын және осылардың бәрі ересек өмірде оларға қажет болғанын айтады.

Саналы әдіс – бала есейген сайын оны отбасының экономикалық өміріне араластыра бастау қажет. 5-8 жастан бастап балаларда қаржылық машықты дамыту қажет. Осы шақта ақша есебін қалай жүргізу қажет екенін, ақша құндылығы мен көрсетілімін түсіндірген дұрыс. Тілекті қажеттіліктен айыра білуді үйрету керек.

Қаржылық машықтарды дамытудың бірнеше жаттығуларын ұсынамыз, ал содан соң біздің ересек болып, мұны қаншалықты меңгергенімізді салыстырып көрейік:

Үнемдей білу. Қалта ақшаңызды үш қорапқа бөліңіз: «Жұмсау», «Үнемдеу», «Беру». Біз нені үнемдейтінімізді және жинайтынымызды ойланыңыз: ақшаны, ескі киімді, естеліктерімізді. Ата-анаңыздан банктің көмегімен ақша жинауды бастауын өтініңіз. Сізді ақшамен жасалатын операциялар қызықтыратын болар, мысалы, ата-анаңыз сізбен бірге сіздің шотыңызға қалта шығынына арналған немесе сыйланған ақшаны салуы.

Ақша есебін жүргізе білу. Өзіңіз жинаған, тапқан және апта ішінде жұмсаған ақшаны есепке алуды үйреніңіз, содан соң алынған сомаларды кестеге жазыңыз. Бұл міндет басқа өздігінен орындалатын машықтарыңызға айналып кетуі қажет және жағымсыз сезімдер тудырмауы қажет. Ақшаға қатысты мәселелер еш жағдайда мазасыздыққа байланысты болмауы қажет екенін есте ұстаңыз. Өз өміріңіздегі басымдықтарды анықтаңыз және ақшаның қайда кеткенін тұрақты түрде жазып отырыңыз. Бұл жаттығуларды 1-2 жыл аралығында орындаңыз. Үйде жиналған ұсақ тиындарды жинаңыз, оларды санап, белгілі жерге жинаңыз.

Оймен жұмсай білу. Ойыншықтар дүкеніне баруды немесе басқа бір қызықты жағдайды жоспарлағанда, ата-анаңызбен алдын ала қанша ақша жұмсай алатыныңызды талқылаңыз. Ақшаның қайда жұмсалатынын айқындаңыз, мүмкін нұсқаларды қарастырыңыз: бір қымбат зат алған дұрыс па әлде бірнеше арзан зат алған жөн бе?

Ақша туралы әңгіме айта білу. Ата-анаңызға ақшаның не үшін қажет екені жөнінде айтуын өтініңіз. «Біз мұны алуға мүмкіндігіміз жоқ, бірақ мен ақшамызды басқаша жұмсағым келеді» деп айтуға ешқашан қорықпаңыз, содан соң оның себептерін түсіндіріңіз.

Өз қаражатыңмен өмір сүре білу. Өзіңізге күнделікті қажетті қалта ақшаның бөліну бағдарламасын ойластырыңыз. Егер сіз қалта шығынына берілген ақшаны мерзімінен бұрын жұмсап қойсаңыз, проблеманы өз бетіңізбен шешу әдісін табыңыз.

Ақшаны таба білу. Ата-анаңызбен «Лимонад сату жөніндегі серіктестік» ойынын ойнап көріңіз. Ата-анаңыз сізге қант пен лимонға ақша береді, ал сіз өз еңбегіңізді саласыз – мүмкін бұл болашақта мықты әріптестікке жол ашатын болар.

Кәсіпкерлікті көрсете білу. Кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға тырысыңыз (лимонад сату, футболшылар немесе балалар сериалдары кейіпкерлерінің суреттері бар ашық хаттарды сату).

Ақшаны қайтара білу. Кітапхана мысалында, кітапханадан кітап алу – несие картасын пайдаланумен бірдей екенін түсінуге тырысыңыз. Сіз кітапты аласыз, оны сіздің карточкаңызда белгілейді, сіз білім аласыз, ал егер кітапты кітапханаға қайтармасаңыз, ол үшін төлеу қажет болады. Ата-анаңыздан аздаған ақша алып, оны қалта шығынынан қайтарып көріңіз.

Ақшаның көмегімен әлемді өзгерте білу. Бүкіл отбасыңызбен атап өтетін мейрамда тамақты өз ақшаңыздан төлеп көріңіз. Жаңа жылға өз бетіңізбен жақындарыңызға және құрбы-құрдастарыңызға сыйлықтар дайындаңыз.

 

Дайындаған

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support