«Қаржы пирамидасынан» қалай сақтанамыз?
«Қаржы пирамидасынан» қалай сақтанамыз?
Ғылыми әдебиеттерде «қаржы» – ақша қаражаттарының орталықтандырылған және орталықтандырылмаған қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалану кезінде пайда болатын экономикалық қатынастар ретінде анықталады. Яғни, қаржы – бұл жай ғана ақша емес, мемлекеттің, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың ақша қорларын қалыптастыруды, бөлуді және пайдалануды тиімді басқару болып табылады.
Қаржының маңызды элементі бұл ақша ресурстарын бөлу категориясы. Жаһанданудың қазіргі жағдайында мемлекет пен халыққа түрлі міндеттер қоятын көптеген жаңа және түсінуге қиын қаржылық өнімдер мен қызметтер пайда болды. Егер жаһандық проблемалар, тенденциялар және кейде тіпті сарапшылар болжай алмайтын экономикадағы өзгерістер азаматтардың бір тобында қаржы нарықтарында болып жатқан процестерге сенімсіздік тудырса, халықтың басқа тобы, керісінше, қаржылық білімнің жеткіліксіздігіне байланысты алаяқтардың арбауына түсіп қалуда. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қаржы нарықтарының даму деңгейіне байланысты, ал осы нарықтардың негізгі қатысушысы – халық болып табылады. Мысалы, орта қазақстандық коммерциялық банк капиталының шамамен 50 пайызы халықтың мерзімді және ағымдағы шоттардағы қаражаттары негізінде қалыптасқан. Осылайша халықтың қаржылық сауаттылығы өз кезегінде қаржылық өнімдер мен қызметтерге деген сұранысқа әсер етеді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру экономикалық реттеудің де өзекті міндеті болып табылады. Қорыта келе, қаржылық сауаттылық – бұл капиталды сақтау және көбейту үшін ақшаның қалай жұмыс істейтінін, оны қалай табуға және басқаруға болатындығын нақты түсіну болып табылады. Инвестициялық қызметтің объектілері халық шаруашылығының барлық салаларында жаңадан құрылатын және жаңғыртылатын негізгі қорлар мен айналым қаражаттары, бағалы қағаздар, нысаналы ақшалай салымдар, ғылыми-техникалық өнім, басқа да меншік объектілері, сондай-ақ мүліктік құқықтар мен зияткерлік меншікке құқықтар болып табылады. Яғни, халық өз жинақтарын бағалы қағаздарға, банктегі депозиттерге, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе өндірістік және сауда, кәсіпкерлік қызметке сала алады. Инфляцияның қарқыны жоғарылаған жағдайда ең қауіпсіз инвестиция – жылжымайтын мүлікке салынатын инвестиция болып табылады. Бірақ әрбір азамат инфляция кезінде бағалары тез өсе бастайтын жылжымайтын мүлікті сатып алуға жеткілікті сомаға ие бола бермейді. Кәсіпкерлер мен шағын бизнес экономикалық өсу қарқынын жеделдетуге және жұмыс орындарын құруға ықпал етеді, алайда артық ақшасы бар әрбір адам кәсіпкерлік қызметке уақыт, еңбек және капитал сияқты өз ресурстарын жұмсай алмайды немесе жұмсағысы келмеуі мүмкін. Әлеуетті инвестор белгілі бір жағдайларға байланысты басқа да басым істермен айналысуы мүмкін немесе жай ғана кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келмеуі де мүмкін. Сондай-ақ табысты кәсіпкерлік қызмет үшін әр адамға тән емес кейбір іскерлік қасиеттер қажет. Мысалы, табысты кәсіпкерлерді біріктіретін қасиеттердің ішінде психологтар – шешімділік, тәуекелге бел буу, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайындықты атайды. Инвестициялаудың келесі объектісі – бағалы қағаздар. Қазіргі уақытта бағалы қағаздарды коммерциялық банктердің немесе басқа да қаржылық ұйымдардың қосымшалары арқылы сатып алуға болады, бұл ретте алдымен қаржы нарығын зерделеу қажет немесе өзін танытқан арнайы брокерлік кеңселерге жүгінуге болады. Бағалы қағаздарға инвестиция салу кезінде бағалы қағаздар портфелін әртараптандыру қажет, яғни, бағалы қағаздарды бір емес, бірнеше эмитенттікін сатып алу ұсынылады. Сонымен қатар бағалы қағаздарды сатып алу жағдайында, инвестор кейбір шығындарға да дайын болуы керек, өйткені бағалы қағаздар бағамы әрдайым өсе бермейді. Келесі бағыт – коммерциялық банктердің депозиттері. Депозиттерге қаражат салған кезде, қолма-қол ақшаны бірнеше жылға салу жоспарланған болса да, жыл сайынғы капиталдандырылған депозиттерді таңдаған дұрыс. Мұнда барлық ақшаны бір банкке салмаған дұрыс. Мүмкін болса, бірнеше банктен депозит ашқан дұрыс. Қазіргі уақытта елімізде 19 коммерциялық банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады. Кепілдік объектілері депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі банк шоттарындағы және банктік шот және (немесе) салым шарттарымен куәландырылған, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік банктердің филиалдарындағы жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің ұлттық және шетел валютасындағы қаражаты болып табылады. Жинақ салымдары 20 миллион теңгеге дейін (жинақталған сыйақыны ескере отырып) толық қорғалады. Жоғарыда аталған банктердің біріндегі халықтың 10 миллион теңгеге дейінгі мерзімді салымдары (жинақталған сыйақыны ескере отырып)– қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының толық қорғауымен қамтамасыз етілген. Халық жинағының ең қолайлы бағыттарына тоқталар болсақ, олар: жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік қызмет, бағалы қағаздар және коммерциялық банктердің депозиттері. Осы орайда халыққа ақша салуға болмайтын қаражат бағыттарын да атап өткен жөн. Соңғы он бес жылда «қаржы пирамидасы» деген сөзді жиі естіп жүрміз. Өкінішке қарай, жағымсыз жаңалықтардың қатарынан көреміз. Қаржы пирамидасы туралы қаншама жағымсыз ақпараттар БАҚ беттерінде жарияланып жатса да, өкінішке қарай, оның тұзағына түсушілердің қатары азаймай тұр. Бұл да ең алдымен қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан орын алуда. Енді осы қаржылық құбылысты анықтай түсейік. Қазіргі заманғы еркін энциклопедия – «Уикипедияда» «қаржы пирамидасы» (сонымен қатар инвестициялық пирамида, схема немесе Понци ойыны) — жаңа қатысушылардың қаражатын үнемі тарту арқылы құрылым мүшелеріне кірісті қамтамасыз ету жүйесі: пирамиданың алғашқы қатысушыларына кіріс кейінгі қаражаттың есебінен төленеді. Көп жағдайда табыстың шынайы көзі жасырылады, оның орнына ойдан шығарылған немесе маңызды емес деп жарияланады. Бұл алаяқтық болып табылатын ақпаратты ауыстыру немесе жасыру» деп жазылыпты. Пирамиданы танудағы маңызды мәселе – оны ұйымдастырушылар нақты табыс көздерін жасырады. Ұйымдастырушылар сіздің ақшаңыз жоғары табысты жобаларға салынатынын айтады. Алайда табыс көзі келесі жаңа салымшы – қатысушылардың салымдары мен жарналары болады. Сонымен, сізді қаржы пирамидасына арбап шақырып жатқанын қалай аңғаруға болады? Оны қалай танимыз? Ең алдымен: - Сізге өте тартымды жоғары пайызбен ақша салу ұсынылады; - Олар мезгіл-мезгіл жоғары табыс төлеуге уәде береді, бұл сіз инвестор ретінде қанша адамды әкелетіндігіңізге, оларды өз командаңызға жазып алғаныңызға және сіздің командаңыз қандай да бір тауарды сатумен, кейінгі инвесторларды тартумен қаншалықты белсенді жұмыс істейтініне байланысты болады. Мұндай іс-қимыл схемасы классикалық алаяқтық схема болып табылады. Өйткені компанияға түсетін капитал ешқандай өндірістік немесе өнеркәсіптік жобаларға инвестицияланбайды. Қатысушылардан түсетін барлық ақша түсімдері осы инвесторды тартқан қатысушылар – қаржы пирамидасында жоғары тұрған адамдар арасында бөлінеді. Қаржы пирамидасының келесі түрі – несиелік пирамида. Бұл қаржы пирамидасы қаржы-несие немесе инвестициялық кәсіпорын ретінде ұсынылады. Бұл пирамидалар несиелік тарихы бұзылған адамдарды несиелендіруге немесе қолда бар банктік несиені қайта қаржыландыруға тұтынушыларды тартуға арналған. Бұл жағдайда адамға компанияға қажетті несие сомасының 20-30 пайызын салу қажет болады және белгілі бір қысқа уақыттан кейін компания жаңа салымшылардың қаражатының төмен пайызымен қалған несие сомасын беруге уәде береді. Сондай-ақ көпдеңгейлі қаржы пирамидалары бар, олар желілік маркетинг құралдарын қолдана отырып жұмыс істейді, онда қатысушыларды әкелу және кез келген өнімді сату қажет. Жобаның жаңа қатысушысы бастапқы жарнаны немесе қатысушының жарнасын төлеуі керек. Жарна сомасына жаңа қатысушыға нарықтық бағасы әлдеқайда арзан «ерекше қасиеттері» бар тауар беріледі. Жаңа қатысушы осы тауарды сатуға және келесі жаңа қатысушы – салымшыларды әкелуге тиіс, содан кейін біріншісі кіріс ала алады. Қаржы пирамидасының құрбаны болмас үшін келесі ақпаратты нақтылау қажет:
- Компания тіркелген кезде оның құрылтайшысы кім және оның жарғылық қоры қандай?
- Егер компания тіркелген болса, бірақ нарықта бір жылдан аз уақыт жұмыс істесе, онда сіз депозиттерге мұқият болуыңыз керек және құжаттарды мұқият оқып шығуыңыз керек.
- Компания қысқа мерзімде орасан зор кірісті уәде етеді, кейде уәде етілген кірістілік бір айда 300 пайызды құрайды. Ал кепілдендірілген банктік депозиттің кірістілігі 12-14 пайызды құрайды. Ал енді ойланыңыз, бұл қайдан шыққан «батпан құйрық».
- Егер компания инвестициялармен айналысатын болса, онда оның лицензиясы болуы тиіс. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҰБ), лицензияны ҚР ҰБ сайтында тексеру қажет.
- Қаржы пирамидалары әдетте ресми банк жүйелерін пайдаланбайды. Көбінесе «инвесторға» ақшаны менеджердің жеке шотына шетелдік шотқа аударуды немесе осы ұйымның кассасына салуды ұсынады.
- Қатысушыға компанияның келесі жаңа мүшелерін әкелу ұсынылады.
- Арнайы дайындалған адамдардың қатысуымен түрлі семинарлар ұйымдастыру арқылы қатысушылардың санасын манипуляциялау. Танымал медиа тұлғалар мен блогерлерді тарта отырып, белсенді және агрессивті жарнама.
Дилорам ЖҮНІСОВА,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті
«Қаржы және есеп» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты.