Саясат

Елбасы Жолдауы: жүректен – жүрекке

Елбасы Жолдауы: жүректен – жүрекке

«Нұрлы жол» ақпараттық керуені аудандарға жол тартты

18 17 16Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында өңірде ақпараттық-насихаттық топтар құрылған болатын. Кеше орталық «Достық» алаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Нұрлы жол» атты ақпараттық керуенін аудандарға шығарып салу рәсімі өткізілді. Шараны ашып, жүргізген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік Мемлекет басшысының Жолдауы әлем елдерінде де қызу талқылануда екенін, осынау маңызды құжатты қолдауға жамбылдықтардың да айрықша белсенділік танытып жатқандығын айта келе, алғашқы сөзді партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа берді.

– Ағымдағы жылдың 11 қарашасы тәуелсіз Қазақ елінің тарихына айтулы саяси оқиға болып енді.Әлемді алаңдатқан геосаяси жағдай күрделі кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген саяси кеңесінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жасампаздықты жалғастырған Жолдау еліміздің жаңа экономикалық саясатының бағытын айқындап, нақты міндеттерді белгілеп берді. Халқымыздың алдында саяси және экономикалық мәні жоғары жауапты кезеңдер тұр. Барша қазақстандықтар сияқты Әулиеата жұрты да жаңа Жолдауды қызу қолдап, Елбасы саясатының маңына топтасуға бел байлап отыр. 

Бұл – халықтың қамын, мемлекеттің барын айқындаған Жолдау. Бұл Жолдау елдігіміздің, ел болашағына деген бірлігіміздің жарқын дәлелі. Сондықтан да Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды орындау қашан да үлкен абырой, мәртебелі міндет. Жаңа Жолдау ел ертеңі – жастардың позициясын қалыптастыру мен ұлтжанды азамат болуына үлкен сенім жүктеп отыр. Өйткені Жолдау – болашақтың бағдаршамы. – Біз бүгін Елбасы Жолдауын облыс тұрғындарына жеткізу үшін автокеруенді аудандарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Автокеруен мүшелеріне шалғай ауылдарға із салып, әрбір отбасына Жолдауда белгіленген тапсырмаларды жеткізу міндеті жүктеліп отыр. Жаңа Жолдаудың ең басты идеясы – Елбасының «Мәңгілік Ел» ұстанымына ұласып жатыр. Ал Мәңгілік Ел болу – біздің негізгі мақсатымыз. Болар елдің болашағын айқындайтын Жолдауға қолдау көрсету – аталы елдің парасатты перзенттерінің парызы. Өйткені, біз ата-баба аманатына адал, тағдыры бір, Отаны ортақ елміз. Ұрпағын ойлаған ел осындай болсын! Елін ойлаған Ер осындай болсын! – деді Кәрім Нәсбекұлы. Келесі кезекте «Дніпро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынай Әбдіқадырова сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауынан түйген ойларын көпшілікпен бөлісті. Салтанатты рәсім аяқталған соң «Нұрлы жол» автокеруені аудандарды бетке алды. Дәл осындай шара облыстық әкімдік, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Жамбыл жол бөлімшесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Тараз» темір жол бекетінде де жарасымды жалғасын тапты. Елбасы Жолдауында темір жол қатынасын нығайтуға баса назар аударылуы – болат жолдың бойында ұйымдастырылған шараның символикалық мәнін арттыра түсті. «Нұрлы жол» ақпараттық пойызын шығарып салуға облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп, ақ жол тіледі. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде ақпараттық пойыз 50-ге жуық темір жол бекеттері мен разъездерін аралап, ондағы жұмысшылар мен тұрғындарға қуаныш сыйлайтынын жеткізді. Осы мақсатта медициналық қызметкерлер тобы жұртшылыққа дәрігерлік кеңестер беріп, көмек көрсетеді. Сонымен қатар вагондарға тиелген ауылшаруашылық өнімдері тұрғындарға арзан бағада сатылатын болады. Кәрім Нәсбекұлы ақпараттық пойыздың ішін аралап, топ мүшелерімен де пікірлесті. Ізгі тілегін жеткізіп, жол жүруге арналған дабыл белгісін соқты. Осылайша «Нұрлы жол» ақпараттық керуендері шалғай өңірлерге жол тартты. Ақпараттық-насихаттық топтар құрамына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ғалымдар, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени орталықтардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, мәдениет, спорт майталмандары қамтылған. Ақпараттық-насихаттық топ қатарында «Ақ жол» газеті редакциясының тілшілер қауымы да бар. Әріптестеріміздің аудандағы кездесулерден жазған дүниелерін газетіміздің алдағы санында жариялайтын боламыз.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.