- Advertisement -

Идеология саласы ілгері басып келеді

294

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ішкі саясат, білім, мәдениет, спорт, дін, тілдерді дамыту мәселелері бойынша ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Еркін Үйсімбаев есепті баяндамасын ішкі саясат бағыты бойынша атқарылған толағай жұмыстардан бастады. Облыс әкімінің орынбасары айтып өткендей, жыл ішіндегі 11 айда 10 мыңнан астам саяси іс-шаралар өткен. Ал саланы ілгерілетуге бағытталған 142 жобаға 1 миллиард 162 миллион теңге қаражат бөлініп, қаржы өз мақсатымен толық игерілген. Облыс аумағында 81 ақпараттық құралдар бар. Оларды мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыруға 900 миллион теңге бөлініп, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді жұмыс істеуіне жол ашылған. Облыс әкімінің орынбасары осы тұста республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жемісті жұмыс атқарып отырғанына тоқталып өтті.

Өңірімізде 75 этномәдени бірлестіктер жұмыс атқарады. «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы 2020 жылдан бері сәтті жалғасын тауып келеді. Мониторинг арқылы тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін мәселелердің қауіп-қатерлер картасы әзірленіп, аталған картаға тіркелген 39 мәселенің 10 мәселесі оң шешімін тапқан. Облыстағы 371 елді мекеннің этностар тығыз орналасқан 32-сі бойынша әлеуметтік карта әзірленген. Ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын насихаттауға және түсіндіруге 11 ақпараттық топ құрылып, ол 130 қоғам белсенділері және зиялы қауым өкілдері қамтылған. Олар Тараз қаласы мен аудандарда кездесулер өткізіп, оған 31 мың адам қатысқан.

Білім саласына 238,4 миллиард теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Ағымдағы жылы 27 білім нысанының құрылысына 7,8 миллиард теңге қарастырылып,14 нысан пайдалануға берілсе, 13 нысан құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Аталған жұмыстар нәтижесінде 2 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы бар, 16 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі.

Бұдан бөлек, 18 білім нысанының күрделі жөндеуіне 4,1 миллиард теңге бөлінген. Биыл 24 жекеменшік балалар бақшасын ашу көзделсе, биыл 1600 орындық 12 жекеменшік балабақша ашылған. Жалпы білім беретін орта мектептердің жанынан 126 мың оқушы қосымша біліммен қамтылып отыр.

Мәдениет саласына жалпы 97 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ол қаражаттың бірқатар бөлігіне 23 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Ал әр аудан, ауылдардан ашылған 827 үйірмеге 9075 адам қамтылып, өнері мен шығармашылығын дамытып келеді. Алдағы жылдары мәдениет саласына көңіл бөліну жоғарылай түспек.

Бүгінгі таңда облысымызда бұқаралық спортпен шұғылданушылар 475 мың адамды құрап, 39,1 пайызға жетіп отыр. Ал 2025 жылға қарай бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын 50 пайызға жеткізу межесі белгіленген. Сәтін салса бұл көрсеткішті де абыройлы жүзеге асыруға біздің өңірде барлық мүмкіндіктер бар.

Өңірімізде қазір 5 заман талабына сай дене шынықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. 18 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жасөспірімдер спорттың 17 түрімен қамтылып, оған 844 миллион теңге қарастырылды. Онда 5477 бала спортпен еркін шұғылдануда. Облыста 67 спорт мекемелері тұрақты жұмыс атқарып отыр. Келесі жылы 9 спорт нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

Облысымызда 258 мың жас бар. Олар жалпы облыс халқының 22,4 пайызын құрайды. Өңірдің жастар саясатын ілгерілетуге биыл 1 миллиард 100 миллион теңге қарастырылған. «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 1 миллиард облыстық бюджеттен, 1 миллиард «Отбасы банктен» несие арқылы бөлініп, алдағы жылы 180 жас отбасын пәтермен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін жас отбасыларға да құжаттарын өткізуге болады.

Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев өзі басшылық жасайтын барлық саланы кеңінен қамтып өтті. Өңірдегі діни ахуалға келетін болсақ, аталған бағыт бойынша жағдай тұрақты. Облыста заңды тіркеуден өткен 333 мешіт, христиандық бағыттағы 46 шіркеу бар. Олардағы жұмыстар үш түрлі бағыт бойынша жүргізілуде. Ақпараттық, интернеттік кеңістікті қамту, оңалту жұмыстары бұл бағыттың негізгі өзегі болып отыр.

Экстремизм бағытындағы азаматтармен жұмыс жүргізу тұрақты жүзеге асып келеді. Бұл бағытта да оңалту жұмыстары сәтті жүзеге асуда Өңірімізде мемлекеттік тілде сөйлейтін тұрғындар саны 80 пайызға жетіпті. Үш тілде тегін оқыту курсымен тиісті азаматтар жүз пайыз тегін қамтылып отыр.

Тіл мәдениетін дамыту бойынша 207 іс-шара өтіп, 12 мың адам қамтылған. 114 көшеге жаңа атау беріліп, маңызы жоқ және идеологиялық жағынан ескірген бірқатар атаулар алмастырылған. Бұл салада ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасын табады.

Облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, қай кезде де аталған салалар бойынша есігі ашық екенін, мәселелерді бетпе-бет, кеңесе отырып, шешуге де дайын екенін айтты.

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support