Үкіметтің жаңа бюджет-салық саясаты Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді
Үкіметтің жаңа бюджет-салық саясаты Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді
Үкімет қабылдаған шаралар алдағы жылдары Ұлттық қорға қаражат түсімдерінің көлемін ұлғайтуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Әлихан Смайылов қазіргі уақытта ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру басталғанын, оның шеңберінде 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қағидаттарын енгізу жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін контрциклдік бюджеттік қағидалар бекітілді.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бюджет процесі мен салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, осы бағыттарға жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды.
Премьер-Министр көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру жалғасып жатқанын, оның шеңберінде заңнамалық база жетілдіріліп, кедендік әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру, тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін құру, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және валюталық бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.