Саясат

Әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек

Әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты. Президент өз сөзінде еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, алда тұрған басты міндеттер айқындалатынын атап өтті.

Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелерді Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавл, Теміртау, Степногорск, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ.

Президент тозу деңгейі 90 пайыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қажет ететінін айтты. Оның пікірінше, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекеттің тиімді басқара алу мәселесін зерттеу керек.  Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн.

Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. Ал Шығыс Қазақстан облысының Риддер мен Шемонаиха қалаларындағы жылумен қамту желілері мүлдем тозған. Президенттің айтуынша, энергетикалық нысандарды уақтылы жаңғырту ісін бақылауға алу Үкіметке бірнеше рет тапсырылған. Әйтсе де әкімдіктерге де туындаған  мәселені орталыққа ысыра салуға болмайды.

Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік жарақат мәселесі күрделі проблемаға айналып бара жатқанына тоқталды.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленгенін, алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын жеткізді.

Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады.

Бұдан бөлек, Президент бюджет саясатына арнайы тоқталды.

Осы ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы жеті  жылда Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктегенін еске салды. Сондай-ақ ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек екенін ескертті. Сонымен қатар Президент жер қойнауын пайдалану саласында  елеулі түйткілдер бар екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды.

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.

Сонымен қатар Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жүргізген талдау Үкіметтің қызметінде олқылықтар бар екенін көрсеткенін атап өтті. Мысалы, оның жұмысының жартысына жуығы уәкілетті органдар әзірлеген салалық шешімдерді мақұлдаумен шектеледі.

Президент аса маңызды ұлттық жобалардың («Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтау», негізгі инвестициялық жобалар) орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады.

Сонымен қатар Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы атқарушылық тәртіпті сынға алды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат берілген тапсырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себептермен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі.

Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласы, Маңғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамаларын тыңдап, әрқайсысына нақты тапсырма берді.