Скринингтік тексерудің маңызы
Скринингтік тексерудің маңызы
Скрининг – белгілі бір жастағы дені сау адамдарды ерте кезеңдерінде қауіп факторлары мен ауруларды анықтау үшін жүргізілетін профилактикалық медициналық тексеру. Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығының 1 қосымшасына сәйкес ауданда скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтары кестеге сәйкес жасалды. Аудан бойынша бекітілген кестеге сәйкес, екі апта көлемінде 3000-ға жуық тұрғын скринингтік зерттеулерден өтті. Оның ішінде 18-29 жас аралығындағы жастар арасында жүректің ишемиялық ауруларын, артериялық гипертония, глаукома, созылмалы бүйрек ауруларын, қант диабетін, асқазан ішек жолдарының ауруларын, ерте анықтауға скринингтік тексеруден 600-ге жуық адам тексерілді. Скрининг тобынан жыл соңына дейін 2000 тұрғынды өткізу жоспарда бар. 40-70 жастағы әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін қосымша сақтандырылмаған 774 әйелді маммографиялық тексерулерден өткізіп жатырмыз. Екі апта ішінде 350 әйел тексерілді. 50-70 жас аралығында ерлер мен әйелдер арасында тыныс алу жүйесінің ауруларын ерте анықтау мақсатында диагностикалық флюорографиялық тексерулерден 350-ге жуық адам өтті. 55-70 жас аралығында ерлер арасында қуық асты обырын ерте анықтау мақсатында ИФА әдісімен 180-ге жуық ер адам қан тапсырып, скринингтік тексеруден өтсе, оның ішінде 7 ер адам анализ қорытындыларына байланысты, ары қарайғы зерттеулерге жіберілді. Одан бөлек, жоспарлы скринингтік тексерулерден жас шамасына қарай өткен тұрғындарға келетін болсақ, қан айналымы жүйесі аурулары, глаукома, қант диабеті бойынша тексеруге 6 680 адам жатқызылған. Нәтижесінде 6 380 адам (95,5 пайыз) тексеруден өткізілсе, сүт безі обыры бойынша 2 935 тұрғын тексерілуі тиіс болды. Оның ішінде 2 930 (99,8 пайыз) байзақтық тексерілді. Ал жатыр мойыны обырынан 3001 адам өтуге тиіс болса, 2854 адам тексеріліп, нәтиже 95,1 пайызды құрады. Тоқ және тік ішек обырына тексеруге 2791 адам жолдану керек болса, оның ішінде тексеруден өткені – 2781 адам (99,6 пайыз). Анықталған аурулар көрсетіліміне сәйкес тұрғындар зерттеулерге жіберіліп, маман дәрігерлер оларды диспансерлік есепке алды. Скринингтік тексерулердің созылмалы аурулардың және қатерлі ісіктердің алдын алуда маңызы өте зор және бұның өзі талай адамдарда, аурудың асқынуын болдырмай, дер кезінде емдеу шараларын қабылдау арқылы өлім-жітімді азайтуға септігін тигізіп отыр. Сондықтан да, халық арасында скринингтік тексерулердің маңызы туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын белсенді түрде жүргізу бүгінгі заманның басты талабына айналып отыр.
Рыскелді САПАРБЕКОВ,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.
Байзақ ауданы.