Жамбылда не жаңалық?

Күн сәулесінің пайдасы көп

Күн сәулесінің пайдасы көп

Жылдың кез келген мезгілінің жаманы жоқ. Алайда әр мезгілдің өзіне тән, әсіресе иммунитеті төмен адамдарды мазалайтын ауру түрлері бар екенін ұмытпауымыз керек. Мәселен қыстай денсаулығы бір қалыпты болғанымен, кейбір адамдар көктем шыға әлсіреп, басы айналып, қараптан-қарап жүйкелеп, шаршауы мүмкін.

Сол секілді жазда адамға ыстық өтіп немесе тұз кесел болып жататыны бар. Ал қыста жөтел, тұмау секілді аурулар адамды айналсоқтайтыны анық. Аталған жыл мезгілдерінің ішінде «Қыстың күні адам неге аурушаң келеді?» деген сұрақ көпшілікті мазалауы мүмкін. Біз мұның жайын «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбековадан сұраған едік. – Салқын ауа райында адам ағзасының түрлі инфекциядан қорғанысы төмендейді. Дерт сондай сәтте күшейеді. Өйткені күн суытқанда адам ағзасында көбіне, күн сәулесінен келетін D дәрумені азайып кетеді. Сырқаттардың көбі адам ағзасында осы дәрумен қорының төмендеуіне байланысты күшейеді. Сондықтан, қандағы D дәруменінің мөлшерін әркім тексертіп отыру керек. Егер медицина мамандары әлдекімнің қанында аталған дәрумен жетіспеушілігін анықтаса, онда ол осы дәруменді қосымша қабылауы керек. Ол үшін оның мөлшері мен ішу ұзақтығын анықтау мақсатында дәрігердің көмегіне жүгінгені жөн. D дәруменінің бұлайша аталуының себебі – оның адам терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзілетіндігінде. Әрине күнделікті ішетін тағамдар арқылы да бұл дәрумен адам бойына сіңеді. Бірақ ол көбіне жеткілікті мөлшерде болмай жатады. Ол балық майында, балықтың бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, жануарлардың бауырында, сүт өнімдерінде мол болады. Әсіресе өзен-көл жануарларына қарағанда, D дәрумені теңіз балығында көп мөлшерде кездеседі. Ал дәстүрлі қазақ дастарқанында теңіз өнімдерінің аздығын еске алсақ, дәруменнің біз үшін негізгі алынатын көзі күн екенін ұмытпағанымыз абзал. Бір айта кетерлігі, еліміздің барлық аймағы бірдей шуақты емес. Сол себепті көбіне алты ай қысы, салқын күзі мен көктемі бар аймақтардың тұрғындарында D дәруменінің жетіспеушілігі айқын сезіліп жатады. Ағзаға дәруменнің тигізетін әсері мол. Соның ішінде ең бастысы – кальций мен фосфордың ішектен бөлінуін жылдамдатып, сүйек ұлпасының мықтылығына әсер ететінін айта кеткен жөн. D дәрумені жетіспеушілігі балаларды мешелдікке әкелсе, ересектерге де тигізетін кесапаты көп. Дәруменнің ұзақ уақыт бойы ағзада жеткіліксіз болуы қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықтырып, сонымен қатар ағзада остеопороз сынды түрлі сүйек сырқаттарын, Альцгеймер, шашыраңқы склероз сынды ауыр кеселдер тудыратынын медицина ғалымдары анықтаған. Әсіресе кішкентай бөбектердің мешелге шалдығуы баланың қаңқасын дұрыс қалыптастырмайды. Аяқ сүйектері дене салмағының әсерінен майысады, сүйек баяу дамиды, адамның ұйқысы қашады. Жұқпалы аурулармен көп ауырады. Сондықтан біз өз ағзамыз үшін D дәрумені өте қажет екенін бар болмысымызбен сезінуіміз керек. Оның тіпті мидағы серотонинді қалыпты деңгейде ұстап тұруда атқаратын қызметі зор, – дейді Гүлмайра Асанқызы. Г.Момбекова аталған ұйымның облыстық филиалында басшы болғанымен медицина саласында бай тәжірибесі бар терапевт дәрігер. Сондықтан да аталған медицина маманының айтып отырған келелі кеңесі оқырман қауым үшін құнды деп ойлаймыз. Әрбір тұрғын өзінің бойындағы дәруменді тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Осыны біле тұра, көпшіліктің өз денсаулығына немкеттілікпен қарауына, күнделікті ас мәзірінде аталған дәруменді қабылдауды естен шығаруына болмайды. Тым болмаса күніне бір мәрте далаға шығып, жылт еткен күннің сәулесінен бойға қуат алуды әдетке айналдырғанның артықтығы жоқ.  

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

журналист.