Ауыл оқушылары тарихи жәдігерлер тауып алды
Ауыл оқушылары тарихи жәдігерлер тауып алды
Тарих кабинетінде тұрған бұл тарихи жәдігерлер 7-сынып оқитын Еңлік Өміртайдың қызығушылығын тудырып, ғылыми зерттеу жұмысына арқау болды. Ізденімпаз жас өлкетанушы мен жетекшісі, оның тарих пәнінің мұғалімі Жазира Дубаева жәдігерлерді алып, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығына жетеді. Орталық мамандары керамикалық қос құлақты құты ішінен табылған қоладан жасалған зергерлік бұйымдарды шамамен ІХ-ХІІ ғасырға тән екенін анықтады. Сондай-ақ қыш құмыраның бояу ерекшеліктеріне мән бере әңгімелеген Еңліктің ерекше ізденісін байқаған сала мамандары алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын бірлесе атқаратындарын айтты. – Ауыл маңындағы Төрткөл төбешігінен табылған қыш құмыра ішіндегі мыстан жасалған білезіктегі сурет пен жазуды зерттей келе, қазіргі кездегі Түркі елінің мемлекеттік туындағы көрсетілген ай мен жұлдыз тарихын, уақытын салыстыра келе, бұл белгі қазақ жерінде орта ғасырда пайда болғанын аңғардық. Төрткүл қалашығының қазіргі таңдағы үйінді болып жатуының себебін анықтай отырып, қалашықтың түпкі тарихын танып білдік. Ерте замандардағы ата-бабаларымыздың жүріп өткен ізін зерттеу арқылы «Адахкент» қалашығы болғандығын және қыш құмыралар өңдіргенін білдік, – дейді жас өлкетанушыға жетекшілік еткен ұстазы Жазира Оңлабекқызы. Сонымен қатар ұстаз алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жалғастыра отырып, тарихтың таусылмас тағылымын жастарға насихаттайтынын да жеткізді.
«Aq jol-Aqparat».