Әдебиет

Мақалға жүйрік Мамедова

Мақалға жүйрік Мамедова

Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге де үлгі. Барлық ұлт өкілдерінің көңілін түсінген, достық пейіл көрсеткен қазақтай ел аз шығар.

Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Олар қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанады. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік. Бүгін біз әзірбайжан ұлтының өкілі Эмина Мамедова жайында сөз етпекпіз. Эмина Мамедова 1988 жылы Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол 5- сыныпқа дейін аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда білім нәрімен сусындап, әрі қарай 9-сыныпқа дейін А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте оқиды. Мектепті аяқтаған соң Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетінің шет тілдері факультетінде шет тілі мамандығы бойынша үздік оқып, тәмамдаған. Бүгінде ол өзінің оқушы кездерінде білім алған алтын ұясына қайта оралған. Кеше оқушы болса, бүгін сол оқушыларға сабақ беретін мұғалім! Яғни аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып тоғыз жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ұлты әзірбайжан болса да қазақ тіліне жетік Эмина қазақ жерінде тұрып қазақ тілінде сөйлемеуді ұят деп санайды. Сонымен бірге Эминаны орыс және ағылшын тілдерінен бөлек бірнеше тілдерді жетік меңгерген полиглот деп айтуымызға болады. Оның қазақ ұлтынан достары көп. Олар да тілі де, тілегі де бір Эминаны дос санап, құрметтеп тұрады. Кейде қазақ достарымен бірге мақал-мәтел айтып жарысатындары да бар. Ондайда Мамедова да қалыса қоймайды. Жүлдеге ілігіп жүреді. Сондықтан достары кейде «Мақалға жүйрік Мамедова» деп те атайды. Мамедова жұмыстан қолы босаған кезде қазақтың ең қадірлі тамағы бауырсақ пісіріп, ет асқанды жақсы көреді. Әйтеуір, үнемі жақсы істердің қасында жүреді. Оны шәкірттері де керемет құрметтейді. Эминаның білімі мен ізденісі мол. Ол қай оқушыны болса да өзіне тартып, білгенін үйретіп, білім биігіне жетелей біледі. – «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, менің араласатын достарым және көршілерім қазақтар. Сондықтан жастайымнан қазақ балаларымен араласып жүріп, қазақшаны өз тілімдей меңгеріп алдым. Еркін сөйлеймін. Туыстарым да қазақ тілін жақсы меңгерген. Айта кету керек, қазіргі жастар өте белсенді әрі жаңашылдыққа құмар болып келеді. Сондықтан өзге тілдерде сөйлегенді ұнататын жастарымыздың барлығы мені қуантады. Оқушыларымның барлығы сабаққа аса қызығушылықпен келеді. Мен өз ісімді жақсы көремін. Менің сабағымнан әр оқушы өзіне керек нәрсені алып, нәтижесін көрсетіп жатса, бұл жақсы құбылыс, – дейді Эмина. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, мұғалімнің жүлделі әрі белсенді шәкірттері де аз емес. Олар әр байқауда жеңістерге жеткен сайын Эмина ұстаздың төбесі көкке екі елі жетпей тұрады. Шәкірттері жеңіске жетіп жатса, ол кездейсоқ сәттілік емес. Бұл ұстаздың ерен еңбегі, тәрбиесі, төгілген маңдай тері. Ендеше, білімге құштар әрі жаңашылдықты, тәртіпті қалайтын, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын Эминаны нағыз өз ісінің маманы деп айтсақ, қателеспейміз.  

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы.