- Advertisement -

Кез келген адам жат ағымның жетегінде жүргендерді айыратын дәрежеге жетті

51

- Advertisement -

Дін – мемлекеттік саясаттағы, сондай-ақ қазақстандықтардың рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Бүгінде облыс аумағында 11 конфессиядан тұратын 378 діни бірлестік тіркелген. Оның 332-сі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары. Сондай-ақ 8 православ, 1 католик шіркеу мен 27 протестанттық және өзге де бағыттағы шіркеулер жұмыс атқарады.

Діни бірлестіктер арасында конструктивті диалогты кеңейту және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында басқарма жанындағы діни бірлестіктер клубы жұмыс жасайды. Клубтың ережесі бекітіліп, мүшелері тізімінің жобасы жасақталып, клубтың отырысы тоқсанына бір рет ұйымдастырылып тұрады. Діни бірлестіктер клубының мүшелерінің, олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен таза ауада бірлескен көктемгі тал егу акциясы ұйымдастырылды. Алдағы уақыттарда клубтың жұмысын стандартты емес үлгіде өткізу, мемлекеттік, ұлттық мерекелер мен діни мерекелерді бірлесе атап өту, түрлі тематикалық кездесулер мен спорттық, тағы басқа да шараларды өткізу жоспарлануда.

Қорыта келе, облыс аумағындағы діни ахуал қалыпты деуге болады. Облыс көлемінде тіркелген діни бірлестіктер арасында заңбұзушылық фактілері, дінаралық қақтығыстар мен текетірестер болған жоқ.

Халықтың діни сауаттылығын арттыру және деструктивті діни идеологиялардан сақтандыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталар болсам, діннің өзекті тақырыптарында тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, оның ішінде халықтың діни сауаттылығын арттыра отырып, радикалды діни идеологиялардың қоғамға тигізер зардаптарын түсіндіру – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты бағыты болып табылады.

Осы мақсатта кең ауқымды ақпараттық науқандар мен түсіндіру шараларын жүргізу үшін облысымызда жалпы саны 130 адамнан тұратын 17 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істеуде. Атап айтқанда 1 облыстық, 5 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарына тәжірибелі мамандар, теологтар, дінтанушылар, мешіт имамдарымен қатар қоғам белсенділері мен ардагерлер де тартылған. Ақпараттық-түсіндіру топтарымен жыл басынан 3087 ақпараттық іс-шара өткізіп, нәтижесінде 99 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

Мамандардың біліктілігі мен жұмыстың сапасын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері үшін шеберлік сыныптары, оқу семинарлары, ғылыми-практикалық конференциялар жиі өткізіліп тұрады.

Жүргізілген ақпараттық-насихаттау жұмыстарының жемістілігі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелерімен айқындалды. Яғни сауалнамаға қатысқан халықтың көпшілігі дін саласындағы мемлекеттік саясатқа оң баға беріп, деструктивті діни идеологияға деген жағымсыз көзқарастары қалыптасқан.

Облыста тұрғындарға дін мәселелері бойынша кеңестік және практикалық көмек көрсету мақсатында Басқарма жанындағы Дін проблемаларын зерттеу орталығынан «Сенім телефоны» (96-38-38 және +7 (747) 8417122) қызметі ұйымдастырылып, ол арқылы өткен жылы 87 тұрғын хабарласып, тиісті ақпараттарын алса, биылғы жылы 53 тұрғын хабарласты.

Қазір өзекті мәселенің бірі – ғаламтор кеңістігінде деструктивті діни идеологиялардың таралуы. Бұл бағытта да жұмыстар өз деңгейінде жалғасуда.

2018 жылдан бастап интернет желісіндегі діни топтар мен парақшаларға мониторинг жұмыстарын күшейттік. Басқарма жанындағы Дін проблемаларын зерттеу орталығы «КазДрим Технолоджиес» компаниясының «Талдамалық интернет карта» бағдарламасымен жұмыс істеп отыр. Бұл жоба интернетте діни алауыздық пен араздықты қоздырудың алдын алуға және діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттаушы азаматтардың әрекетін әшкерелеуге арналған.

Жыл басынан бері интернет желісінде теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 6044 тұрғынды, ол топтардан шығардық.

Сондай-ақ теріс діни материалдарды насихаттайтын топтар мен парақшаларды бұғаттауға арналған «Кибербақылау» бағдарламасымен жұмыс жасаудамыз.

Діни экстремистік материалдарды бұғаттау және жою – бұл мәжбүрлі, бірақ басты шара емес. Бұл бағыттағы басты жұмыс ретінде азаматтарымыздың діни экстремизм идеологиясының зиянды әсеріне түспеуі үшін және сыни ойлау деңгейін арттыруға бағдарланған ақпараттық контенттер әзірлеу және таратуды айтсақ болады.

Осы мақсатта Басқарманың dini.zhambyl.gov.kz, ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігінің asyldin.kz сайттарының қызметтері, сондай-ақ «Facebook», «Instagram», «Telegram», «Vkontakte» және «Tik-Tok» әлеуметтік желілеріндегі парақшалардың мүмкіндіктері арқылы қарсы насихаттық жұмыстар тұрақты атқарылуда. Дін проблемаларын зерттеу орталығының жанынан ашылған «Студия» арқылы «YouTube» видеохостингінде «Әулие-Ата» діни танымдық бағдарламасының көрсетілімдері шығарылып тұрады.

Басқарманың жанынан Дін проблемаларын зерттеу орталығы 2014 жылы құрылып, онда бүгінде 3 бөлім: деструктивті ақпараттық-түсіндіру, діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету және діни экстремизмге қарсы насихат бөлімдері бар. Орталық түрлі діни мәселелер мен сұрақтарға діни-құқықтық тұрғыда жауап беріп, кеңес немесе көмек көрсете алады. Басқарма мен Дін проблемаларын зерттеу орталығында 18 жоғары білімді дінтанушы, теолог мамандар жұмыс жасайды.

Бүгінгі күні кез келген адам жат ағымның жетегінде жүргендерді айыратын дәрежеге жетті. Әрине, қазақта

«батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген сөз бар. Сондықтан бұл мәселе қоғамда осындай іс-шаралардың арқасында оңтайлы шешімін тауып келеді.

Жалпы облыста әртүрлі салаларда теологиялық жоғары білімі бар 76 азамат қызмет етуде. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының жемісті түрде жүзеге асуында дін мамандарының алатын орны ерекше.

«Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде облысымыздан 108 студент білім алуда. Бұдан бөлек дінтану, исламтану және теология мамандықтары бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде облысымыздан 22 студент оқиды.

Бүгінгі таңда облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдері мен жастар ресурстық орталықтарына, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне дінтанушы, исламтанушы мамандар өте қажет.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерге жоғары білімді діни кадрлардың жетіспеушілігі байқалуда.

Өкінішке қарай, нарықтық заманның заңдылығы сондай – жоғары оқу орындарын бітірген азаматтар көбіне үлкен қалаларда қалуды ұйғарады немесе айлығы жоғары басқа салаларға кетіп қалып жатады.

Осыған орай, аталған жоғары оқу орындарымен мамандарды өңірге жұмысқа тарту мақсатында өзара әрекеттесу туралы меморандумдар бекітілген. Облысымызда дін саласына жұмыс жасауға ниетті бітіруші түлектерге жұмысқа орналастыруға барынша көмек көрсетуге дайынбыз.

Заңнама бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың миссионерлiк қызметпен айналысуына тыйым салынбаған. Мұндай тәжірибе әлемдік қоғамдастықтағы діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін мемлекеттердің барлығына дерлік тән.

Бірақ бұл миссионерлік қызметке шектеусіз құқық берілген деген сөз емес. Біріншіден, миссионерлік қызметті жүзеге асырушы тұлға міндетті түрде тіркелуге және жыл сайын қайта тiркеуден өтуге тиіс. Ол миссионерлік қызметпен тиісті құжаты болған жағдайда ғана айналыса алады.

Екіншіден, миссионерлік қызметтің заң аясындағы өзіндік талаптары бар, ол талаптарға сәйкес келмеген тұлғаны миссионер ретінде тіркеуден бас тартылатыны да заңнамада көрсетілген.

Үшіншіден, миссионердің ел аумағындағы қызметі де нақты өңірлермен шектеледі. Ол тек өзі тіркелген өңірде, өз діни бірлестігіне мүше азаматтар арасында ғана діни қызмет атқара алады. Заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асыру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде заңмен қадағаланады.

Облысымызда 7 азамат миссионер ретінде тіркелген. Аталған азаматтардың барлығы шетелдіктер және олардың қызметі тұрақты бақылауда. Миссионерлердің басым бөлігі католиктік және протестанттық діни бірлестіктердің өкілдері болып келеді.

Діни қызмет саласында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік және зерделеу шаралары тұрақты өткізіліп тұрады.

Бұл жерде белгіленбеген орында діни іс-шаралар өткізу, діни әдебиеттер мен материалдар тарату, заңды діни қызметке кедергі келтіру, заңсыз миссионерлік әрекет пен діни курс ұйымдастыру, деструктивті діни контенттерді әлеуметтік желілерде тарату сияқты Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына қайшы әрекеттерді анықтау шаралары кіреді.

Соған сәйкес Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 453 және 490-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершіліктер қаралған.

2021 жылы діни қызмет саласында құқық бұзған 8 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биылғы жылы 4 құқықбұзушылық деректер тіркелген. Осылайша дін саласындағы құқықбұзушылық фактілерінің азаюы байқалуда.

Дегенмен діни қызмет саласында әкімшілік жауапкершілікке тарту және түсіндіру жұмыстарына қарамастан, Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе, Ауқатты елді мекендерінде заңсыз миссионерлік әрекет арқылы діни курс оқыту деректері әлі күнге тіркеліп келеді. Қордай ауданының Масаншы және Сортөбе елді мекендерінен 2020 жылы 5 бірдей факті (кәмелетке толмаған 130 балаға заңсыз діни курс ұйымдастырылған), ал өткен жылы 2 факті (кәмелетке толмаған 39 балаға заңсыз діни курс ұйымдастырылған) анықталып, құқық қорғау органдарымен бірлесе жауапты азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Бұл сияқты биылғы жылы 2 факті анықталып, тиісті азаматтарға әкімшілік айыппұлдар салынды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы, рухани ордасы. Бүкіл мешітті бір орталыққа біріктірген мүфтият қоғамды имандылыққа үндеп қана қоймай, барша ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақырады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында көрсетілген 7 негізгі басымдық: имандылық, отаншылдық,

білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік бүгінгі қоғам үшін аса өзекті қасиет болып отыр.

Осы тұғырнамадағы мақсаттарды іске асыру және өңірде рухани құндылықтар мен қоғамдық қатынастарды нығайту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдігімен тығыз жұмыс қалыптасқан.

Қазақстан қоғамында дін қызметкерлерінің орны ерекше. Сондықтан мешіт имамдары өз уағыздарында дәстүрлі діни құндылықтармен қатар, ысырапшылдықтың, даңғазалықтың алдын алу, халыққа отансүйгіштік, ізгілік, бірлік, мейірімділік, еңбекқорлық секілді адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге көбірек көңіл бөлулері қажет.

Қазіргі заман талабына сай мешіттер тек қана діни рәсімдер өткізіп, құлшылық жасайтын орын болумен шектелмей, адамгершілік пен бірлікке шақыратын рухани мектеп рөлін атқару міндеті тұр. Бүгінгі таңда мешітке келуші жастардың үлесі артып келе жатқаны белгілі. Мешіт имамдары – ол жамағат көшбасшысы, халықтың жол көрсетер ақылшысы, десек, халыққа, әсіресе жастарға дұрыс жөн сілтеу – имамдарымызға үлкен жұмыс болғалы тұр. Міне, ҚМДБ-ның өкілдігімен бірлесе осы бағытқа да үлкен көңіл аударудамыз.

Еліміздің болашағы бүгiнгi жастар десек, кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе. Қазір біз теріс ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз.

Теріс көзқарасты діни ағымдардың кейбір жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын жойып, өзге мәдениет пен теріс құндылықтарды насихаттап, жастар арасында жанжал тудыру жағдайлары жоқ емес. Оған себеп әлеуметтік, психологиялық, рухани жағдай болуы мүмкін. Тіпті еліктеушілік те адасушылыққа алып келеді. Рухани құндылық жұтаң болғаннан кейін кейбір жастарымыз құндылық іздеу барысында теріс ағымға түсіп кетіп жүр. Жастарды теріс жолдан сақтандырудың ең бастысы – оларға ұлттық мәдениет негізінде тәрбие беру. Ол тек мектеп мұғалімінің жұмысы ғана емес, ең бірінші – отбасылық жұмыс.

Теріс діни бағытқа түскен азаматтарды қалай анықтаймыз дегенге келсек. Ешқандай азамат өзін теріс діни бағытта жүрмін деп айтып келмейтіні анық. Сол сияқты жақын туыстары тарапынан да баласының деструктивті діни ағымның жетегінде кеткені туралы хабарлау жағы да сирек кездеседі.

Бұл жерде деструктивті діни ағымда жүрген азаматтарды анықтаудың кешенді жұмысы бар. Бұған құқық қорғау органдарының жедел мүмкіндіктері бар, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігіндегі мониторинг жұмысы бар және өзге де шаралар кіреді.

Жат ағымның жетегінде кетіп, оның құрбаны атанған облыс тұрғындарымен психологиялық, мемлекеттік дін саласындағы заңның негізгі тармақтарын түсіндіру бойынша оңалту жұмыстары да қарастырылған. Оның және отбасында туындаған мәселелері болса, жергілікті әкімдіктермен бірлесе әлеуметтік көмек беру қарастырылған. Басты міндет – зайырлылық принциптерін сақтай отырып, жат ағымның жетегінде кеткен азаматтармен психологтар, теологтар жұмыс жасап, қалыпты өмірге бейімделуіне көмектер көрсету. Бұл бір күннің жұмысы емес, ол қажырлы еңбек пен уақытты қажет ететін кешенді жұмыс.

 

 Еркебұлан АҚБАЙ,

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support