- Advertisement -

Тамыры терең тағылымның діні

32

- Advertisement -

Ізгі жолдың бірі – дәстүрлі дініміз. Оны ұстану әр пенденің парызы. Екі дүние бақытына лайық жандар – дінді толық ұстанғандар. Дегенмен кейде осы тақырып аясында сауалы көп мәселелер де көтеріліп жатады. Мәселен, мектеп оқушысы дінді қалай ұстануы қажет? Ешқандай бала дінді ұстандым деп, мектептегі оқуын тастап кетпеуі керек.

 Тыйым салынған діни ұйымның бірі – «ЙАКЫН ИНКАР»

Дінді ұстанған жақсы. Ислам діні – ізгілік жолы. Дегенмен қазір дінді таза ұстанудың өзі сауаттылықты, жауапкершілікті қажет етеді. Жан-жақты ізденіп, сауатын шыңдап жүрмеген кісілер түрлі азғырушы топтардың құрығына топ етіп түсіп қалулары мүмкін. Сондай қатерлі ұйымның бірі – «Йакын Инкар».

«Йакын Инкар» – елімізде экстремистік деп танылған «Таблиғи Жамағат» ұйымынан бөлініп шыққан топ. «Таблиғи жамағат» ұйымы Мәулана Мұхаммед Ілияс (1917-1965) тарапынан 1926 жылы Үндістанның Делхи маңындағы Мәуат мекенінде құрылған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Үндістан мұсылман халқының өзге діни сенімге бет бұруының артуына қарсы құрылған қозғалыс.

Ал «Йакын Инкар» тобының қашан және қайда құрылғаны нақты белгісіз. Бірақ қырғыз сарапшы теолог мамандарының сөзінше бұл діни ағым шамамен Ыстықкөл облысында 2010 жылдары пайда болған. Кейіннен Шу, Нарын, Баткен, Ош, Жалал-абад облыстарында бұл ағымның ұстанушылары байқала бастаған. Қырғызстанда жалпылама таблиғи жамағат ұйымына тыйым салынбағанымен «Йакын Инкар» жамағатын 2017 жыл 15 маусым күні Бішкек қаласы, Октябрь аудандық соттың шешімімен заңды түрде тыйым салынған.

Инкар деген сөз «бас тарту» деген мағынаны білдіреді. «Йакын Инкар» дүние істерінің бәрінен бас тартады, тіпті емделмейді, көлікке де мінбейді. Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде қалай жүрсе солай жүру керек деп есептейді. Өздері былай түсіндіреді: «Пайғамбарымыздың кезінде мешіттің қасында түнейтін, садақа мен әкелген тамақты ғана жейтін, Асхабус-Суффа деген кісілер болған. Олар еңбектеніп, жұмыс істеп, дүние табуға әрекет етпейді.

«Ұйым мүшелері ғылыми-техникалық жетістіктерді және зайырлы билікті мойындамайды. Олардың арманы – орта ғасырлық заманға, яғни шариғат заңымен өмір сүруге оралу. Ұйым мүшелерінің көбі ауылдан шыққан жұмыссыз жастар болып келеді. «Йакын Инкар» рухани қызметті реттейтін заңдарды мойындамайды, соған сай ешқайда ресми тіркелмеген. Олардың сыртқы түр-келбеті – шашы және сақалы ұзын, пәкістандық үлгідегі киім киеді.

Астана қалалық прокуратурасымен 2018 жылы «Йакын Инкар» ұйымының әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында, соның ішінде ақпараттық материалдар, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және бейне хостингтер арқылы таратуға тыйым салынды.

Сондықтан жалпы көпшілікке айтарымыз, «Йакын Инкар» секілді теріс бағытты насихаттайтын ұйымдардан аулақ жүргендеріңіз жөн. Олар іші-бауырыңа кіріп, бүгін өздеріне бұрып алса, ол қатерлі ұйымнан қайта шығу деген оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан дін ұстанғанда да ақырын жүріп, анық басқан жөн.

 

Жанна ҚАДЫРҚҰЛОВА,

облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының Мойынқұм ауданы бойынша инспекторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support