- Advertisement -

Төтенше жағдайлардың алдын алу – маңызды

324

- Advertisement -

Биылғы 11 айда облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 718 төтенше жағдай мен оқиғалар тіркелген. 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13,1 пайызға көбейді. 718 төтенше жағдай мен оқиғалардың 717-сі төтенше жағдай критерийіне жатады. Салдарынан 10489 адам зардап шегіп, оның ішінде 12 адам қаза болды. Алдын ала мәліметтер бойынша материалдық шығын 109,3 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 115,6 пайызға көбейіп отыр. Жалпы, облыстың барлық аудандарында және Тараз қаласында төтенше жағдайлар санының төмендеуі байқалады.

Техногендік төтенше жағдайларға көлік апаттары мен жол-көлік оқиғалары, өндірістік және тұрмыстық өрттер мен жарылыстар, өндірістік апаттар және қауіпсіздік ережелерін бұзу, тіршілікпен қамтамасыз ету жүйелеріндегі апаттар жатады. Осындай сипаттағы төтенше жағдай саны өткен айларда 691 оқиғаны құраса, оның 674-і тұрмыстық және өндірістік өрттер. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда техногендік төтенше жағдай фактісі 78 оқиғаға немесе 12,7 пайызға көбейген. Зардап шеккендер саны 17 адам болса, оның ішінде 5 адам қаза болды.

 Тұрмыстық және өндірістік өрттер  

Жедел мәліметтер бойынша жыл басынан бері 674 өндірістік және тұрмыстық өрт орын алды. Салдарынан 14 адам зардап шегіп, оның ішінде 5 адам қаза болды. Материалдық шығын 106,72 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 12 пайызға көбейді, зардап шеккендердің саны 10,1 есеге, қаза болғандардың саны 6,6 есеге азайды, ал материалдық шығын болса 2,1 есеге көбейді.

Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда төтенше жағдай саны Тараз қаласы және Мойынқұм ауданында төмендегені байқалады. Сарысу, Талас, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарында өрт санының көбейгені анықталып отыр. Атап айтқанда, Сарысу ауданында 1,3 есеге, Таласта –1,1, Жамбылда – 1,3, Жуалыда – 1,2, Қордайда – 1,1, Т.Рысқұловта – 2,1, Меркіде – 1,3 және Шу ауданында 1,04 есеге көбейген. Байзақ ауданында өрт саны өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр.

Жүргізілген талдауға сәйкес өрттердің орын алуының негізгі себептері: 37 пайызға жуығы отпен абайсыз болу, 61 пайызы электр құрылғыларын жөндеу мен қолдану ережелерін бұзу, 5 пайызы қасақана от қою, 6 пайызға жуығы пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және 6 пайызға жуығы баланың отпен ойыны болып табылады. Өрттердің орын алатын негізгі объектілері әдеттегідей тұрғын үй секторы болып отыр. Бұл барлық өрттің 65 пайызын құрайды, ал 24 пайызы автокөлік құралдарына тиесілі.

 Резонанстық өрттер

Қараша айында Жуалы ауданы, «Боранды- Сұрым» аралығының 454-ші шақырымында «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызының 8-ші вагонынан өрт шықты. «Қызыл жалын» 25 шаршыметр аумақты шарпыды. Өрт сөндіру қызметі жеткенге дейін вагон екі жағынан ажыратылып, 34 жолаушы, оның ішінде 7 бала өздігінен сыртқа шықты. Өртті сөндіруге 11 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылды. Пойыз бригадирі улы газбен уланып, Б.Момышұлы ауылындағы ауруханаға жатқызылды. Нәтижесінде екі жолаушылар пойызы 2 сағаттан астам уақытқа кідірді.

Қазан айында Шу ауданының Мойынқұм ауылында жеке тұрғын үй ауласындағы қора 100 түк шөбімен өртенді. Аумағы 100 шаршыметр болған «қызыл жалынның» салдарынан 5 қой өртеніп кетті. Осы айда Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласында көпқабатты тұрғын үйдің баспалдақ алаңындағы электр есептегіштер өртеніп, өрт салдарынан екі бала улы газдан уланып ауруханаға жатқызылды.

Тағы бір өрт Тараз қаласының Төле би көшесінде орналасқан «ТМК-109» ЖАҚ аумағында, жеке күзет бөлмесінен шықты. Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін күзетші көмірқышқыл газымен улану белгісі бар азаматтың мәйітін тауып, шығарып алған.

Өткен 11 айда өңірдің тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде ешқандай апат тіркелген жоқ.

 Жарылыстар, техногендік сипаттағы жазатайым оқиғалар, өндірістік апаттар

Жыл басынан бері облыста жарылыстар, техногендік сипаттағы жазатайым оқиғалар, өндірістік апаттардың 5 оқиғасы тіркелді. Мәселен,16 қыркүйекте Меркі ауданының Ойтал ауылында жеке тұрғын үй ауласындағы уақытша үй-жайда табиғи газдың шығуынан газ-ауа қоспасының жарылысы орын алды. Салдарынан үй иесін күйік шалып, ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. 7 қазан күні Тараз қаласындағы «Аса» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы пәтерден табиғи газ шығып, газ-ауа қоспасының жарылысы болды. Нәтижесінде үйдің әйнектері мен ішкі есіктері сынған. Денесінің 12 пайызын күйік шалған пәтер иесі ауруханаға жатқызылды.

Талас ауданының орталығы – Қаратау қаласында жеке тұрғын үйден табиғи газ шығып, мұнда да газ-ауа қоспасының жарылысы орын алды. Дегенмен оқиға орнында өрт шықпады және ештеңе қираған жоқ. Мұнда да денесінің 30 пайызын күйік шалған үй иесі ауруханаға жеткізілді. Ал 26 қарашада Шу қаласында жеке тұрғын үйдің газ баллонының редукторынан ақау шығып, салдарынан газды-ауа қоспасының жарылысы болды. Үйдің төбе жабындысы жартылай қирап, үй иесі жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде ауруханаға жатқызылды.

Улы газбен улану жағдайлары

Өткен 11 айдың ішінде улы және табиғи газбен уланудың 7 жағдайы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тауып, 6 адам зардап шекті. Мәселен, қазан айында Жамбыл ауданына қарасты Гродеково ауылындағы жеке тұрғын үйде табиғи газбен жанатын газ пешін пайдалану ережелері бұзылғандықтан (түтін мұржасында тартудың болмауы), қожайынның туыстары улы газбен уланып, бір адам оқиға орнында қайтыс болды, енді біреуі ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.

Осындай қайғылы жағдай жақында Жуалы ауданының Шақпақата ауылында да орын алып, жеке тұрғын үйдің табиғи газбен жұмыс істейтін газ пешін (түтін мұржасы тазартылмаған) пайдалану ережесі бұзылғандықтан 2 адам уланды. Үй иесі оқиға орнында қайтыс болса, оның жұбайы ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Әрине, адамдардың осындай салғырттығынан жоғарыдағыдай қайғылы оқиғалардың орын алып жататыны өкінішті-ақ.

 Көлік апаттары мен оқиғалары

Көлік апаттары мен оқиғалары туралы мәліметтерге сәйке с, 11 айда теміржол транспортында 1 оқиға тіркелді. 27 қарашада Мойынқұм ауданы, Қияқты-Хантау аралығының 1431-ші шақырымында қатты желдің салдарынан жүк пойызынан бос контейнер ұшып кетіп, контактілі электр желісінің тірегіне зақым келтірді және электр қуаты үзілді. Нәтижесінде «Петропавл-Алматы», «Астана-Шымкент», «Астана-Алматы», «Астана-Қызылорда» және «Астана-Шу» бағытындағы 5 жолаушы пойызы мен 9 жүк пойызы уақытынан бірнеше сағатқа кідірді.

Жалпы, т абиғи төтенше жағдайларға гидрометеорологиялық қауіпті құбылыстар,

табиғи өрттер, адамдардың қауіпті жұқпалы аурулары және улануы, жануарлардың жаппай қауіпті аурулары, өсімдік кеміргіштерінің жаппай таралуы, судағы оқиғалар, 2 балдан жоғары жер сілкіністері жатады. Биыл табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың 27 фактісі орын алып, төтенше жағдайдың жалпы санының 3,7 пайызын құрады. Бұл 2021 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 22,7 пайызға көбейген. Табиғи төтенше жағдай салдарынан 10472 адам зардап шегіп, оның ішінде 11 адам қаза болды.

 Қауіпті метеорологиялық құбылыс

Өткен 11 айда қауіпті метеорологиялық және агрометеорологиялық құбылыстың 6 оқиғасы тіркелді. 29 наурызда Тараз қаласында қатты желдің салдарынан электр желілерінде апаттық үзілістер орын алды. Соның салдарынан тараздық 2150 абонент электр қуатынсыз қалды. Жөндеу- қалпына келтіру жұмыстарын 40 адам, 10 техника жүргізді. Келесі күні электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. 7 ақпанда да Тараз қаласында қатты желден электр желілерінде апаттық үзілістер орын алып, салдарынан Тараз қаласында 2150 абонент электр қуатынсыз қалды.

23 маусымда Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылында қатты жауын-шашын салдарынан Ырғайты өзенінің арнасында көлбеу ағын қалыптасты. Нәтижесінде жол төсемін шайып, ауылға апаратын жол арқылы су тасқыны болды. 17 аула аумағы, 5 тұрғын үй су астында қалып, 12 шаруашылық құрылысы зақымданды. Барлығы 71 бас мал қырылды.

Аудан әкімі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылдады. Ал 15 қарашада қатты желдің екпіні («Қазгидромет» РМК деректері бойынша секундына 30 метрге дейін) Тараз қаласы, Төле би көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкетті. Құлаған шатыр үйдің ауласында тұрған 2 көлікті зақымдады. 30 қарашада метеожағдайлардың нашарлауына

байланысты (жел екпіні секундына 23-28 метр, қар, жаңбыр жауған) Жуалы ауданындағы 7 ауылдық округте 1708 абонент электр қуатынсыз қалды.

 5 адам суға кетіп қаза болды

Биылғы он бір айда облыстың су айдындарында 4 оқиға тіркеліп, 5 адам қаза болды. Атап айтар болсақ, 2 сәуірде Қаратау қаласының шетінде бір адамның жансыз денесі табылды. Ол су қоймасынан өтер кезде абайсызда суға құлап батып кеткен. 5 маусымда Шу ауданының Бірлік ауылынан 1 шақырым жердегі Шу өзенінен жергілікті тұрғындар 2012 жылы туған баланың мәйітін тауып шығарды. Ол арнайы жабдықталмаған жерде шомылу барысында суға батып кеткен.

Ал 23 шілдеде Талас өзеніне батып бара жатқан немересін құтқару кезінде бір азамат суға батып кетті. Осындай қайғылы жағдай 31 шілдеде Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылынан 50 шақырым жерде орын алды. ТЖД күшімен арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде батып кеткен 2002 жылы туған азаматтың мәйіті судан шығарылды.

 Табиғи өрттің 4 фактісі тіркелді

2022 жылы жазғы өрт қауіпі кезеңінде 4 табиғи өрт тіркелді. Материалдық шығын 2,67 миллион теңгені құрады. 6 маусымда Байзақ ауданында 60 тонна орылған жоңышқа өртенді. Ал 14 маусымда Мойынқұм ауылынан 80 шақырым жерде, «Қосқұдық» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің аумағында (86 орам) 10 гектар алаңда сексеуіл өрті орын алды. 15 шілдеде Байзақ ауданында көлемі 300 шаршыметр егістік алқаптағы арпа өртенді. Келесі күні Меркі ауданының Тәтті ауылынан 70 шақырым жерде орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің (22 орам) аумағында құрғақ шөптің өртенуі орын алды.

 Адамдардың қауіпті жұқпалы аурулары және улануы

Ағымдағы жылдың 11 айында облыста адамдардың тағамнан улану фактісі тіркелген жоқ. Ал ҚР ТЖМ берген мәліметтер бойынша облыс аумағында 1 (COVID-19) жұқпалы ауру тіркелген, салдарынан 10467 адам зардап шекті. Сонымен қатар күйдіргі індетімен аурудың 10 оқиғасы тіркелген. Салдарынан 14 адам зардап шегіп, 1 адам қаза болған.

Жыл басында Талас аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Майтөбе ауылының 1994 жылы туған тұрғыны «күйдіргі індеті» ауруына күдікті деген диагнозбен жатқызылды. Ал 26 ақпанда осындай жағдай Жуалы ауданының Т.Дүйсебайұлы ауылында орын алды. Күйдіргі індеті диагнозымен ауруханаға жатқызылған ауылдың мал союмен айналысатын бір тұрғыны қайтыс болды.

Күйдіргі індетіне шалдыққандар Тараз, Жаңатас қалаларында да кездесті. Ал Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылының тұрғыны «сібір жарасымен» ауырған деген күдікпен аудандық ауруханаға жатқызылды. Ол кейін расталып, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Науқаспен 7 адам байланыста болғаны анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. «Сібір жарасы» аталатын аурумен ауырғандар тамыз айында Қаратау қаласында, Жуалы ауданының Рыспек батыр ауылында, Талас ауданының Тамды және Қасқабұлақ ауылдарында кездесті.

Өткен айларда облыста Конго-Қырым қанды безгегінің 2 оқиғасы тіркеліп, екі адам зардап шегіп, бір адам қаза болған. 13 шілдеде Тараз қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» диагнозымен 1963 жылы туған азамат жатқызылды. Ол Жамбыл ауданының Бірлесу- Еңбек ауылында шөп шабу кезінде денесінен кене тауып алып, оны өз бетінше алып тастаған. Ал 21 шілдеде Байзақ ауданының Көкбастау ауылының тұрғыны «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» күдігімен аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Өкінішке қарай, ол азамат көп ұзамай қайтыс болды.

 Құтқару операцияларын жүргізу

Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері өткен айларда 3709 рет авариялық- құтқару жұмыстарына шықты. Нәтижесінде 440 адам құтқарылып, төтенше жағдай аумағынан 610 адам қауіпсіз орынға көшірілді.

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі дабыл бойынша 2812 рет, оның ішінде: өрттерге 679 рет, авариялық-құтқару жұмыстарына – 280, өрт ретінде есепке алынбайтын жану оқиғаларына – 1788, дәлелденбеген жану оқиғаларға 65 рет шықты. Жалпы 272 адам құтқарылып, 578 адам қауіпсіз орынға көшірілді.

Он бір айда жедел құтқару жасағы 897 рет шақыруға шығып, нәтижесінде 168 адам құтқарылды, 32 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Оқиға орнынан қаза болған 51 адамның мәйіті, онын 11-і судан шығарылған.

Он бір айдың ішінде облыста геофизикалық және гидрологиялық қауіпті құбылыстар тіркелген жоқ.

 

Облыстық төтенше жағдайлар

департаментінің ақпараттық- аналитикалық тобы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support