Қоршаған ортаға құрмет керек

56

Ағымдағы жылдың өткен он айында өңірдегі экологиялық ахуалды реттеп отырған Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің мамандары шаруашылық субъектілерінде 56 тексеріс жүргізген. Оның 21-і жоспардан тыс, 16-сы профилактикалық бақылау және 19-ы бақылау мақсатында жүзеге асқан. Профилактикалық бақылау қорытындысымен 29 анықтама толтырылып, қоршаған ортаны қорғау бойынша олқылықтарға жол бергендерге 80 шешім шығарылып, 35,5 миллион теңге айыппұл салынған. Бүгінде 74 әкімшілік айыппұл бойынша 28,5 миллион теңге ел қазынасына құйылып отыр. Ал қалғандары өндіріс үстінде.

Жалпы, аймақта экологиялық ахуалды тіпті төмен деп айтуға келмес, дегенмен мәселелер бар. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су шаруашылығы және табиғатты үйлестіру» институтының «Экология» кафедрасы ұйымдастырған «Жамбыл облысының экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде осы мәселелер қаузалды. Студент жастар алдында Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Темір Смағұлов пен осы департаменттің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің зертхана меңгерушісі Жаһангер Назарбеков өңірдегі экологиялық жағдайды баяндап, студенттердің сауалдарына жауап берді.

Жиынды ашып, жүргізген «Экология» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Анар Жұмаділова барлық өркениеттер мен халықтарда табиғатты құрметтеу, қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы түсінік бұрыннан қалыптасқанын айтып өтті. «Экология – жүйелі ғылым, ол дәстүрлі пәндерге мүлдем ұқсамайды. Табиғатты қорғауды орындау үшін ешқандай аса ауқымды шараларды өткізудің қажеті жоқ.

Мұнда халықтың мәдениеті, технологиялық және жергілікті басшылардың экологиялық сауаттылығы мен тәртібі жоғары болғаны абзал. Мысал ретінде бірнеше облыстарды кесіп өтетін өзенді алайықшы. Көптеген адамдар оның тазалығына қызығушылық танытады. Жоғарғы ағысының тұрғындары төменгі ағысындағы өзеннің жай-күйіне аса мән бере бермейді. Сондықтан өзен бассейні тұрғындарының қалыпты бірлескен өмірін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде мемлекеттік, кейде мемлекетаралық деңгейде нормалар қажет. Өзен мысалы, планеталық сипаттағы мәселелерді айқындап тұр. Олар жалпы адамдық стратегияны қажет етеді. Оны дамыту үшін тек мәдениет пен экологиялық білім жеткіліксіз.

Құзыретті Үкіметтің әрекеттері де аз. Әмбебап стратегияны құру қажет. Ол сөзсіз адам өмірінің барлық аспектілерін қамтуы керек. Бұл қалдықсыз және ресурсты үнемдейтін индустриялық технологиялардың жаңа жүйелері. Бұл – ауылшаруашылық технологиясы. Сондықтан адам табиғатпен үйлесімді өмір сүруі керек», деді Анар Қаратайқызы.

 Өңірдегі ахуал бақылауда

«Тараз қаласында кәріз жүйесіндегі шайынды суды тазалайтын биологиялық қондырғы жоқ. Үлкен мәселенің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, көзін жою, апатты күл-қоқыс төгетін алаңдар төңірегінде де түйін көп» – деді облыс бойынша Экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Темір Смағұлов. Және ол қала аумағында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС өндіріс қалдықтары – фосфогипстің тау-тау болып үйіліп жатқанын да тілге тиек етті.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге бұл қалдықтың көлемі – 14 миллион тоннаны құраған. Жылына 2 миллион қалдық шығарылатын болса, өздеріңіз есептей беріңіздер, алдағы уақытта не болатынын?! Сондықтан экология департаментінің мамандары бұл қалдықтарды қайта өңдеп, оны ауылшаруашылық саласына, құрылыс материалына пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруды сан мәрте ұсынып келеді.

– Осыдан біраз уақыт бұрын «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыш зауытында күкірт қышқылын өндіретін цехта апатты жағдай орын алып қала атмосферасына күкірттің үш тотығы тарағаны естеріңізде болар. Сонда цех 18 минутқа тоқтағанның өзінде ауаға тонналаған улылығы жоғары химиялық элемент – күкірттің үш тотығы тарап үлгерді. Кәсіпорынды тексеру барысында эколог мамандармен айыппұл салынды. Дегенмен 2024 жылы «Қазфосфат» ЖШС цехтарына ауаға шығатын лас қалдықтарды анықтайтын жаңа қондырғылар қойылады.

Тараз қаласында кәріз жүйесіндегі шайынды суды тазалайтын биологиялық қондырғының жоқтығын жоғарыда айтып өттім. Соның салдарынан Жамбыл ауданының «фильтірлеу алаңына» жақын орналасқан елді мекендерде ауыз су сапасы төмендеп, егін және жайылым алқаптарының құнарлылығы жойылып барады.

Ал «Жамбыл су» КМК-не қарасты «фильтірлеу алаңында» тәулігіне 50 текшеметр кәріздегі шайынды су төгілетінін ескерсек, бұл көлем жылдан жылға арта береді. Алаңдағы 92 фильтірлеу карталары ескіріп, жөндеуді қажет ететіндіктен, мұндай көлемді ұстай алмайды. Бүгінгі таңда облыс әкімінің шешімімен қосымша фильтірлеу алаңдары соғылып, пайдалануға берілді. Дегенмен бұл мәселені уақытша ғана шешу. Сондықтан алдағы екі-үш жылдың көлемінде кәріз шайынды суларын тазалау қондырғысы құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Ол үшін облыс әкімдігі Еуропалық даму және экономикалық қайта құру банкімен қаржы мәселесін шешу мақсатында келіссөздер жүргізуде.

Салада жаңалық бар

Қазір технология дамыған заман. Бүгінде экология департаментінің мамандары апатты күл-қоқыс алаңдарын анықтауда «Ғарыш сапары» бағдарламасы аясында геопорталмен анықтап отыр. Бұл космостық құрылғылармен жүргізілетін мониторинг тұрақты бақыланады. Жыл басынан бері «Ғарыш сапарымен» анықталған 157 апатты күл-қоқыс полигондарының 100 пайыз көзі жойылған. Оның үстіне тексеріс барысында қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 37 алаң типтік полигондар екені анықталған.

– Аймақта экологиялық мәселелерді кешенді шешу мақсатында 2021-2024 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілген болатын. Жол картасына 15 бағыт кіргізілді. Алдымен қатты тұрмыстық қалдық полигондарын экологиялық талаптарға сай жүргізу қолға алынды. Бүгінде облыс аумағында қолдарында рұқсаты бар 158 коммуналдық меншіктегі және күл-қоқыс алаңдарын ұйымдастыру полигондары бар. Жол картасымен 2021-2022 жылдар аралығында 65 полигон аумағын қоршау жүргізілді. Дегенмен департамент тарапынан бірқатар полигондарды жабу бойынша да ұсыныс берілді. Екінші мәселе – Тараз, Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларының айналасын «жасыл желекке» айналдыру мақсатында жер телімі де беріліп отыр. 2021-2025 жылдар аралығында 970 мың тал-дарақ отырғызылу керек болса, ағымдағы жылы 276 830 шыбық егілді. Бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Алайда «Жол картасындағы» 15 бағыттың бесеуі орындалмай отыр. Осыған орай департамент облыс әкіміне хатпен шығып, бұл бағыттарды орындамай отырған лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке шақыруды сұранып отыр, – деді Темір Мәмбетұлы.

 Пандемия кезінде ауа тазарған

Студенттерге лекция оқыған департаменттің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің зертхана меңгерушісі Жаһангер Назарбеков қызық дерек келтірді. Оның айтуынша, пандемия кезінде атмосфера көп тазарған. «Оған себеп, пандемия кезінде оқшауланған азаматтар үйінде отырды. Көшеде көліктер де жүрмеді. Қоғамдық және жүк, жеңіл көліктерден ауаға шығатын түтіннің атмосфераны қаншалықты ластайтынын жақсы білесіздер. Қазір жол-патрульдік полиция қызметкерлері газ талдағыш құрылғылар арқылы жеңіл көліктерді тексеріп айыппұл сала алады. Ал жүк көліктерін тексеру көлік инспекциясының құзырында», – деді ол. Жалпы, департаменттің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің зертханасында аталмыш жоғары оқу орнының студенттері өндірістік тәжірибеден жиі өтеді.

Маманның айтуынша, уақытында қала-архитектуралық құрылысы ғылымға жүгінетін. Яғни, желдің қай жақтан соғатыны, тіпті «Қазгидрометтің» күнделікті болжамдары басшылыққа алынып құрылыс соған негізделетін. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. Сондықтан әлі де болса шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, «қалдықсыз қалдық» жобасына келуіміз күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр екен.

– Қалай дегенде де қалдықты өңдеу тиімді. Мен шетелдерде өтетін экология тақырыбындағы форумдар мен жиындарға жиі барамын. Әсіресе Жапон мемлекетінің экология саласында жүргізіп отырған саясаты ұнайды. Ол мемлекетте заң түзілген, халықтың мәдениеті жоғары. Ал бізде әлі де болса кей заңнамалар оң жамбасымызға келмей жатады. Өндіріс дамыған сайын полигондар салыну керек. Сондай-ақ тиынның екінші шеті бар. Жаңа әріптесім айтып кеткен қала маңындағы тау-тау болып үйіліп жатқан фосфогипс үшін «Қазфосфат» ЖШС Үкіметке ақша төлейді. Бюджетке түсетін бұл қаржы біріміздің айлық жалақымыз, біріміздің стипендиямыз, – деді Жаһангер Назарбеков.

Бүгінгі таңда қолайсыз метрологиялық ахуал экологтарды да алаңдатып отыр. Облыс орталығында «Қазгидромет» мекемесінің атмосфералық ауа райының болжамын жасайтын 5 бекет бар екен. Тек Сәтбаев көшесіндегі бекет қана толық автоматтандырылған, қалған бекеттерде ауа райына болжам жасау мамандардың қол күшімен жүзеге асады. Бұл да кей жағдайда экологиялық ахуалды болжауға кедергі келтіріп отырса керек-ті.

Жиын соңында мамандар студенттерді оқу орнын аяқтаған соң жұмысқа келуге шақырды. Расында, бүгінде мемлекеттік мекемелерде жұмыс орны шектеулі болғанымен, экологиялық бағытта жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлік нысандарда мамандар тапшы көрінеді. Сондай-ақ мамандар студенттердің сауалдарына жауап берді.

 

Ерман ӘБДИЕВ

 

Comments are closed.