- Advertisement -

10 мың үйді жарықпен қамтуда

106

- Advertisement -

Айша бибі ауылдық округінде орналасқан «Айша күн шуақ» электр стансасы жарты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір онда 50 мегаватт электр қуаты өндірілуде. Жобаның инвесторы «Unigreen Energy» ЖШС, ал жоба операторы «АЕС Аsa» ЖШС. Жобаның жалпы құны 20,8 миллиард теңгені құрайды.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда республикада өндірілетін электр қуатының 20 пайызы біздің облысқа тиесілі екен. Жуалы ауданындағы «Burnoye Solar» күн электр стансаларынан кейінгі үлкен күн электр стансасы «Айша күн шуақ» стансасы.

Облысымызда күннен, желден және судан энергия өндіретін 327,6 мегаваттық 18 станса жұмыс істеуде. Оның 6-ауы күн, 6-ауы су, 6-ауы жел электр стансалары. 2021-2030 жылдар аралығында электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізіп, 1251 электр энергиясын өндіру жоспарлануда.

Құрылыс жұмысы өткен жылы басталып, жақында ғана пайдалануға берілген күн электр стансасының құрылысын украиналық «Родина» ЖШС жүргізген болатын. 110 гектар аумақты алып жатқан стансаға 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күн шығуына қарай қозғалып отырады. Бұл панельдердің бір артықшылығы екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс мезгілінде жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған.

Стансаның басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салуға аудан аумағынан жалпы 300 гектар алқап берілген. Бүгінде оның 110 гектарына күн панельдері орнатылған. Онда 15 адам еңбек етуде.

– Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен қатар қатты желге де төтеп бере алады. Биыл қазан және қараша айларында облысымызда орын алған қатты дауыл кезінде бұл панельдер өзінің төзімділігі мен ыңғайлылығын дәлелдеді. Бұл панельдер секундына 40-50 жылдамдықпен соғатын дауылға төтеп беретіндей етіп есептелген. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді, – дейді ол.

Бұл стансаның құрылыс жұмысының жобалық құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Күніне 50 мегаватт электр қуаты өндіріліп, КЕГОГ-тың бір тұтас энергия жүйесіне берілуде. Мұнда өндірілген қуат көзі 10 мыңнан аса үй мен өндіріс ошақтарына жетеді екен.

Сондай-ақ серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салуды жоспарлауда. Оның мегаватын кезең-кезеңімен көбейту үшін Жамбыл ауданы аумағынан 300 гектар жер телімін алған.

Станса айналасын станса жұмысшылары тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техникасы бар. Панельдерді шаң-тозаңнан сүртіп тазалау да жұмысшылардың міндеті.

– Компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылған. Бұл ауданның ғана емес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз. Осының барлығы да халықтың игілігі үшін жасалып жатыр, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support