- Advertisement -

Электр қуатын өндіретін станса саны артып келеді

27

- Advertisement -

Орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, «жасыл» экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда облысымызда күн, су және жел электр стансаларының көптеп салына бастауы соның дәлелі.

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажет етеді. Сондықтан да еліміз «Жасыл» экономикаға бет бұрды. Бұл мемлекетіміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар.

«Жасыл» экономиканы дамыту аясында республика көлемінде 90-ға жуық жаңа жоба енгізіліпті. Қазіргі таңда аймақта жалпы қуаты 437,8 мегаватты құрайтын 18 нысан жұмыс істеуде. Оның жиынтық қуаты 24,4 мегаватын 6 су электр стансасы, 162,15 мегаватын 6 жел электр стансасы, сондай-ақ қуаты 251,25 мегаватты құрайтын 6 күн электр стансасы беруде.

Бүгінгі таңда республикамызда барлығы 2330 мегаватт қуаттылығымен 141 нысан жұмыс істеуде. Бұл ретте облысымыз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша алдыңғы орында. Өткен жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі, құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 мегаватт құрайтын Тасөткел су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.

Сонымен республикалық 2330 мегаваттық жиынтық қуаттың 20 пайыздан астамы біздің облысымызға тиесілі екен. Бұл облыстың аталған саладағы өз мүмкіндігін тиісті деңгейде пайдаланып отырғандығын көрсетеді. Дегенмен облыстың күн, жел және су энергиясын өндіру бойынша әлі де болса игерілмеген үлкен мүмкіндіктер бар екендігін атап өту қажет.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасының құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар жалпы қуаты 13,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасының құрылыс жобалары іске асырылып, пайдалануға жақында беріліп отыр. Олардың барлығы Талас ауданында орналасқан. Атап айтсақ, олар қуаты 4,5 мегаватт «Шеңгелді ЖЭС», қуаты 4,5 мегаватт «Шеңгелді ЖЭС-2», қуаты 4,5 мегаватт болатын үшінші «Новатэкс ЖЭС» электр стансалары.

Бұдан бөлек, қолға алынған жобалар көп. Соның бірі Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу межеленіп отыр. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Жуалы ауданында Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды. Көксайдан бөлек, «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарланған.

Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасын жүзеге асырды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен іске асырылған болатын. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған.

Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген.

Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан қатарында.

Сонымен қатар Жуалы ауданында су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтсақ, «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Бірақ нысан құрылысының жұмыстары созылуда. Ал «Ақсай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысының инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды.

Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда «жасыл» экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.

Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек.

Жамбыл облысы өңірінде күн инсоляциясының көрсеткіші сағатына 1500-1600 киловатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншілктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісіне қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында сағатына – 1 465, Меркі ауданында – 1471, Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда – 1520 киловатт күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар.

Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғы шарты. Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады. Қалған аудандарда, картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы 5 метрсекундтан аспайды.

Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды.

Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді.

Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту бойынша жұмыс күшейтілген.

Қорыта айтсақ, табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы, бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жұмыс осылай жалғасын табатын болса, алға қойылған мақсат – электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізу өз мәресіне жетеді деген сенімдеміз. Ол кезде өндірілетін қуат көзі 1251 мегаватқа жетпек. Бұл бізді көрші мемлекеттерден электр энергиясын сатып алу тәуелділігінен арылтары анық.

 

Құдайберген ҚОРҒАНБАЕВ,

облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық

шаруашылығы басқармасының

басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support