- Advertisement -

Қысылғанға қол ұшын созу – адамдықтың белгісі

42

- Advertisement -

Қайырымдылық пен бітімгершілікті қолдау ертеден еліміздің қанына сіңген қастерлі ұғым. Басымызға күн туған ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы кездерінде де еліміз бен жерімізді паналап келген өзге ұлттарды бауырымызға басқанбыз. Соның нәтижесінде бүгін біз көпұлтты мемлекетке айналдық.

Сүрінгенге сүйеуші, жығылғанға демеуші бола білетін қамқоршы халқымыздың қазіргі таңы татулықпен атып келеді. Тағдырлас ұлттар мен ұлыстардың табиғатын түсініп, олармен ортақ келісімге келіп, бір шаңырақ астында достасып ғұмыр кешу – бұйырған бағымыз. Қайырымдылық пен ұлтаралық келісім, медиация ұлтаралық араздықтың алдын алып, ел тыныштығын сақтауда үлкен рөл атқарады.

Ұлт болып ұйысқан, халық болып қабысқан бірлігімізге қылау түспей «Қазақстан» атты қасиетті шаңырақта ынтымақтасып өмір сүріп келе жатқанымызға талай ғасырлар өтті. Ғасырлар тоғысында, замандар ағысында достығымыз бұзылмай бейбіт күн кешіп келеміз. Әлеуметтік ынтымақтастығымыз жарасып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық шараларын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Бүгінгі таңда мемлекеттен қайырымдылық іске қайтарымсыз гранттарға қаражат бөлініп, көпбалалы аз қамтылған отбасыларға, жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке кәсіп ашуына жол ашып отыр. Қайырымдылық көмекке мұқтаж қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын түзеуге, жұмыссыздықты жоюға, жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамтуға қамқорлық көрсетіліп жатыр.

Қайырымдылық істерге мол қаржысын бөліп, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытушы Атымтай жомарттар немесе кәсіпкер демеушілерімізбен дін өкілдері де ел өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.

Жамбыл облысының Қазақстан халық Ассамблеясы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басынан бері бітімгершілік операцияларды қолға алу жөніндегі қойған міндеттеріне орай іс-шаралар атқаруда. Мемлекет басшысы Қазақстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет екенін төрткүл дүниеге әйгілі етіп, көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұдайы ұсынып келеді.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиеваның айтуынша, осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы – бітімгершілік миссияларын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да тиянақты орындап келеді екен. Мәселен, осы жылдың қараша айында «Қоғамдық келісім» мекемесінде облыстық ҚХА медиация кабинетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинеттері» атты ашық есік күні республикалық акциясы ұйымдастырылған.

Сонымен қатар жыл қортындысы ретінде желтоқсан айында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «2022 жылғы ҚХА үздік медиаторы» облыстық байқауының қорытындысы бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

– «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, облыстық этномәдени бірлестіктердің Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акциялары, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай «Ізгілік айы» акциясы, «Мектепке жол», Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек, Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте» акциясында «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі 1080 адамға 1 520 000 теңгеге, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері 1000 адамға, яғни әкімшілік және полиция басқармасының қираған ғимараттарын қалпына келтіріп жатқан полиция қызметкерлері мен жұмысшыларға түскі ас ұйымдастырды. «Жақсылық айы» акциясы бойынша «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы мұқтаж 10 отбасыға 100 000 теңгеге азық-түлік пакеттерін таратты және «жіті лимфобластық лейкоз» диагнозы қойылған Р.Т есімді баланы емдеу үшін оның ата-аналары Эльнара Аббасоваға 3 200 000 теңгеге материалдық көмек көрсетті.

«Вынхуа» этномәдени бірлестігі 4 164 000 теңгеге Алматы және Алматы облысының тұрғындарына азық-түлік, көкөністер жіберді. Жамбыл облысының блокпосттарында болған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер үшін ыстық түскі ас ұйымдастырды.

ҚХА «Ассамблея жастары» өңірлік қоғамдық бірлестігі «Жылу» қайырымдылық акциясы аясында тұрғылықты үйлері өрт құрсауында қалған көпбалалы Табуровтар отбасына қайырымдылық қорын ашып, 200 000 теңгеге тұрмыстық қажетті заттар, азық-түлік, балаларға тәттілер жеткізді. Бұған қоса планшет сыйлады.

Алғыс айту күніне орай «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, облыстық ҚХА мүшелері 200 000 теңгеге 20 отбасына, неміс этномәдени орталығы (Гибнер А.А.) 450 000 теңге көлемінде азық-түлік түрінде көмек берді. «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «Альбакер турист компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Буюкиди Георгий 1 отбасына 15 миллион теңге қаражатқа Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер алып берді.

Ұйғыр этномәдени орталығы Қаңтар оқиғасы кезінде қиыншылыққа тап болған 5 отбасына 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Жуалы аудандық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасы Лечи Өздамиров 14 отбасын 200 мың теңгеге сүт өнімдері, өсімдік майымен қамтамасыз етті. Қордай, Жамбыл аудандарында дүнген этномәдени орталығы меценаты Лугмар Буларовтың көмегімен аурухана емделушілеріне, аудан ардагерлеріне 500 мың теңгеге 250 адамға түскі ас таратты. Сонымен қатар дүнген кәсіпкерлері 30 мың теңгеден 8 отбасына

ақшалай сертификат, 1 500 000 теңгеге 1 отбасына жеке көмек, 30 адамға азық-түлік пакеті түрінде жалпы көлемі 3 миллион теңгеге қайырымдылық шараларын ұйымдастырды, – дейді «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестік төрағасы Абдурахман Зайнутдинов.

2022 жылдың сәуір айында діни мерекелерге байланысты ҚХА мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов пен Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Айша Идыбо мен дүнген кәсіпкерлері 3500 000 теңге көлемінде 250 адамға арналған қайырымдылық түскі ас ұйымдастырып, 50 адамға азық-түлік салынған себеттер таратыпты. Сондай-ақ аз қамтылған көпбалалы 38 отбасына да көмек көрсетілген. Қордай ауданында 300 адам, аудандық полиция бөлімі, аудандық орталық аурухана, ардагерлер кеңесі секілді бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар қайырымдылық акциясымен қамтылған.

«Ахыска «түрік этномәдени орталығы»қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалынан Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының 100 аз қамтылған отбасына 1,5 миллион теңгеге азық-түлік себеттерін алған. Бұған қоса Жамбыл облысының «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері аз қамтылған 60 отбасыға 500 000 теңгеге азық-түлік таратып, дәрі-дәрмек берді.

Сонымен бірге Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі де белсенді түрде қайырымдылық көмек көрсетуде. Оның төрайымы Мухаббат Миражапова мен мүшелері қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 40 тәрбиеленушісіне 200 000 теңге көлемінде азық-түлік пакеттерін тапсырды. Қасиетті Рамазан айында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Махмутжон Мираддинұлы Давришев бастаған меценаттары ауқымды қайырымдылық акциясын өткізді.

Акциямен Жамбыл облысының 5 ауданы мен Тараз қаласының тұрғындары қамтылды. Атап атсақ, Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарында және облыс орталығында тұратын мұқтаж жандарға жалпы сомасы 2 миллион теңгеге 140 азық-түлік жиынтығы түрінде көмек көрсетілген. Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығының меценаттары «Омад» кафесінде қайырымдылық ауызашар өткізді.

Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әлішер Кәрімовтің 35 адамға арналған қайырымдылық іс-шара өткізуге көмек көрсетуі де өзгеге үлгі боларлық жайт. Осындай игі шаралар арқасында «Наргиз» кафесінде 30 адамға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық түскі ас берілген. Қасиетті Рамазан айында «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестік төрағасы А.Зайнутдиновтың бастамасы және Рустам-қажы Ахметовтің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап «Бахор» дәмханасында кезекті қайырымдылық түскі асы берілген. Іс-шараға жұмыспен қамту орталығының өкілдері келіп, қатысушыларға мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңдарды түсіндіріпті. Жалпы 1 000 000 теңге 100 адамға жұмсалған.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өңірдегі этномәдени бірлестіктерінің меценаттары 1 миллион теңгеге қайырымдылық акциясын өткізген. Тараз қаласының 30 әлеуметтік аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтықтары (ұн, макарон, өсімдік майы, шай, кондитерлік өнімдер, жемістер) таратылған. Азық-түлік себетін «Вайнах «Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі, «Жамбыл облысының тәжік этномәдени бірлестігі», «Қарашай және балқар –
Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Архыз» Жамбыл филиалы, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени бірлестіктері, ҚХА меценаттары ұйымдастырыпты.

1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері және «Ассамблея жастары» өңірлік ҚБ Тараз қаласында орналасқан Қабылбек Сарымолдаев атындағы балалар үйіне барып, сыйлықтар, тәттілер таратты. Демеушілік еткен ҚХА мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт қайраткері, «Ордабасы» топтық ойыны РҚБ Қазақстандық федерациясының» президенті – Руслан Исмазов.

Тараз қаласының «Өзбек» мәдени орталығы «Мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктері» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Жамбыл облысының Байзақ және Жамбыл аудандарында тұратын мүмкіндігі шектеулі 50 адамға 250 000 теңге көлемінде қайырымдылық түскі асын берді.

Дүнген этномәдени бірлестігі 2022 жылдың 6 айында 1150 адамға 13 миллион теңгеге қайырымдылық жасады.

– Біздің «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының этномәдени бірлестігінің өкілдері үй құрылысына үлкен материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар Құрбан айт мерекесінде олар ет пен басқа да қажетті өнімдерді жинап, үлестірді. Барлығы 2000 келі ет таратылды. Қайырымдылық көмек ретінде өсімдік майы мен кеспе де берілді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған мұқтаж адамдарға көптеп көмек көрсетілді.

Сол секілді жаңа оқу жылы қарсаңында ҚХА меценаттары, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясына белсенді қатысты. Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығы да «Мектепке жол» акциясы аясында №4 орта мектептің аз қамтылған және мұқтаж 7 оқушыға демеушілік көмек көрсетілді. Балаларды мектепке дайындауға көмектесетін меценаттар арасында Шамұхтар Шаюнусов, Мирусман Қасымов және Шаниер Шосабиров бар, – дейді облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрайымы Айша Идыбо.

Акция аясында Жамбыл облысы «Радонеж» орыс кеңесінің мүшелері отбасылық жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға мектеп және спорт киімдерін, сондай-ақ басқа да керек-жарақтарын алып беріпті. Бұған қоса олар І топтағы мүгедектігі бар отағасына да материалдық көмек көрсеткен. Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға керекті мектеп құралдарын таратқан. Еврей қауымының мүшелері Тараздағы бастауыш сыныптардың екі оқушысына оқу жылының басталуына қомақты сыйлық жасаған. Қоғам жинаған ақшаға ата-аналар балаларына мектеп формасын сатып алған.

Сонымен қатар жазбаша және компьютерлік үстелдер, орындықтар берілді. Облыстық ҚХА Қостанай облысындағы қайғылы оқиға салдарынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде керек-жарақ, азық-түлік жөнелткен. Бұл бойынша Тараз қаласында Достық үйінде жедел штаб құрылған екен. Шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктер, меценаттар, ҚХА Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары» белсенді қатысқан.

Бірінші болып «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі көмек көрсетіпті. Оның өкілдері 260 мың теңге сомасына азық-түлік себеттерін сатып алып берген. Сонымен қатар оларға 300 мың теңге қаржылай көмек берілген. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшелері Тараз қаласындағы «AMANAT» партиясының ғимаратында орналасқан облыстық штабқа азық-түлік жеткізіп берген. М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі 100 000 теңге, қарашай-балқар этномәдени бірлестігі 50 мың теңге қаржы аударды. Жамбыл облысының тәжік этномәдени бірлестігі 200 мың теңге, ал «Жамбыл облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек қолын созған. Бұған қоса облыстық «Днепро» украин этномәдени бірлестігі 25 мың теңге аударса, ҚХА мүшесі Юрий Минаков зардап шеккендерге көмек ретінде 50 мың теңге жіберіпті.

– Қостанайлықтарға көмек ретінде біз 3-4 бөлмелі үй салып беруді ұсындық. Ал «Мирзоев Князь Ибрагимович атындағы ғылыми және мәдени мұра қоры» директорының міндетін атқарушы Латиф Айдаров 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Облыстық «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігі 30 мың теңге аударды. Облыстық «Ассамблея жастары» гуманитарлық көмек ретінде 50 мың теңге көлемінде азық-түлік, киім-кешек және қаржылай көмек жинады. Қазақстан Республикасы күрдтері «Барбанг» қауымдастығының облыстық филиалы қоғамдық бірлестік жетекшісі Сартиф Алиев этномәдени бірлестіктің атынан жиылған 235 000 теңгелік қаржылай көмек берді.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласындағы Өзбек орталығы «Водопад» дәмханасында қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды. Ал қайырымды істің демеушісі, кәсіпкер – Дилшод Ханбабаев. Іс-шараға мүмкіндігі шектеулі 40 адам және қарулы күштер ардагерлері шақырылды.

Өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері қала тұрғындарының әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық жасады. Белсенді жастар «Жылу» қайырымдылық акциясын өткізді. Ең алдымен әлеуметтік желілерге хабарландыру таратылды. Сондай-ақ мұқтаж жандарға мектеп киімдері, қыстық киім және аяқкиімдер таратылды, – дейді облысытық «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Бахром Муминов.

Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде 25 қазан Қазақстан Республикасы күні қарсаңында «Қыран елім – Қазақстаным» жобасы аясында «Жанашыр жүрек», «Кітап сыйла», «Тал егіп, қалаңды көркейт» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылыпты. Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова мен кеңес мүшелері облыстық көпбейінді аурухананың перзентханасына барып, алғашқы ана атанған жас аналарға ақ орамал және он төрт балаға жөргектер, сәбилерге қажетті гигиеналық жабдықтар сыйға тартқан. Облыстық ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері №13 бөбекжай-балабақша мен Д.Қонаев атындағы облыстық жасөспірімдер және балалар кітапханасына мемлекеттік тілдегі түркі халықтарының ертегілері кітаптарын сыйлапты. Өңірлік ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері – Жамбыл облысы ПД ОӘБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова, облыстық Қан орталығының басшысы, Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Гулам Умаров қалалық №45 бөбекжай-балабақша аумағында ҚХА республикалық «Жаңа Қазақстан бөбектері» жобасына қатысушы бүлдіршіндермен бірге туя ағаштарын отырғызған. Қараша айында дүнген этномәдени бірлестігі 50 отбасыға 2 500 000 теңгеге көмек көрсеткен.

Міне, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірде қайырымдылық пен бітімгершілік бағытында атқарған жұмысының реті осындай. Бұл аталған қоғамдық институттың игі істерге белсене араласуының, аталы іске ұйытқы бола білуінің көрінісі.

 

Нұржан ӘЛІШ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support