ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ
ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ
Облыста агроөнеркәсіп саласында соңғы төрт жылда жалпы сомасы
8,9 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
Абдалы НҰРАЛИЕВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек» деп атап өткен болатын. Бұл тарапта облыстың агроөнеркәсіп кешені саласы тұрақты даму үстінде. Жыл сайын саланы қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық көздерден 8,2 миллиард теңге бөлініп, ағымдағы жылдың 10 айында оның 5,7 миллиард теңгесі игерілді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге субсидия бөлінсе, жергілікті бюджеттен 6,2 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 10 айында ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 132,3 миллиард теңгені құрады. Ауылшаруашылығында өндірілетін өнімнің 60 пайыздай бөлігін беретін негізгі саланың бірі – егін шаруашылығы. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек пен қолдаулар нәтижесінде облыс көлемінде егіс алаңдары құрылымының тұрақтануы мен өнім өндірудің арту үрдісі байқалуда. Ағымдағы жылы ауылшаруашылығы дақылдары себілген алқап көлемі 580,4 мың гектарды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 37,6 мың гектарға артты. Дегенмен, биылғы жылы ауа райының қолайсыздығынан шаруалар масақты дақылдарды 236,2 мың гектар алқаптан жинап, әр гектардың орташа түсімділігі 8,6 центнерден айналып, барлығы 202,9 мың тонна астық бастырылды. Облыс бойынша Талас ауданы гектарына – 10,0 центнер, Сарысу ауданы – 9,7, Жуалы ауданы – 9,2, Қордай, Меркі аудандары – 9,0 центнерден жоғары өнім алды. Облыстың егіншілік саласында ауылшаруашылық мәндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу және ылғал сақтау технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Озық технологиялардың бірі – нөлдік және минимальды технология өткен жылы 23,5 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл 24,0 мың гектарға жетті. Сонымен қатар, былтырғы жылы су үнемдеу технологиялары 2,9 мың гектар алқапқа енгізілсе, үстіміздегі жылы 4,9 мың гектарға жеткізілді. Бұл ретте, биыл Қордай және Шу аудандарында өткен «Егінжай күні – 2014» дала семинары барысында белгіленген нысандар бойынша су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы мол өнім алуға болатынына көз жеткізілді. Мысалы, аталған озық технологиялар Шу ауданындағы Ләззат Көкірекбаева жетекшілік ететін «Бектібай» шаруа қожалығында, Қордай аудандағы Евгений Трубников басқаратын «Самғау», Айбек Жолдасбаев басшылық ететін «Нөсер», Мейрамбек Мақұлбаев жетекшілік ететін «Мақұлбаев» сияқты шаруа қожалықтары мен Саттар Бейсеқожаев басқаратын «Қордай халал ет» ЖШС-да жүйелі жолға қойылған. Облыста мал шаруашылығын дамыту саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылмен салыстырғанда, үстіміздегі жылдың он айында мүйізді ірі қара саны – 328,3 мың басқа жетіп, 3,5 пайызға артса, қой мен ешкі саны – 2,6 миллион басқа жетіп, 2,2 пайызға артты. Сол сияқты жылқы саны 99 251 басты құрап, 5,0 пайызға ұлғайса, түйе 5 684 басты құрап, 1,2 пайызға ұлғайды. Соңғы жылдары облыста негізгі ауыл-шаруашылығы өнімдерінің өндірісі артып келеді. Үстіміздегі жылдың 10 айында 77,3 мың тонна ет өндіріліп, 6,5 пайызға артса, 246,4 мың тонна сүт өндіріліп, 1,9 пайызға артты. Сонымен бірге, 5148,7 тонна жүн өндіріліп, 0,2 пайызға ұлғайды. Еліміздегі ет экспортының әлеуетін көтеру мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 2011-2013 жылдары 12 692 аналық басы мен 568 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, үш жылға белгіленген жоспар 139,2 пайызға және 171,6 пайызға орындалды. Аталған бағдарлама аясында үстіміздегі жылы 3300 аналық бас сатып алу жоспарланса, ағымдағы жылдың он айында 3506 аналық бас сатып алынып, бүгінгі күнге жоспардың орындалуы 106,2 пайызды құрады. Жалпы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде облыста асыл тұқымды малдың жайылымдағы үлес салмағы жылдан-жылға артуда. Сонымен бірге, елімізде халықаралық талаптарға сәйкес келетін дамыған инфрақұрылымы бар, қазіргі заманға сай бордақылау алаңдарын құру белгіленген. Осыған орай, үстіміздегі жылы облыс шаруашылықтарында 3000 басқа бордақылау алаңдарын құру белгіленген болса, бүгінгі күнге 4128 басқа бордақылау алаңдары құрылып, жылдық жоспар 137,6 пайызға орындалды. Бұл ретте мал бордақылау кешендерін құруда Меркі ауданындағы Сара Егембердиева басқаратын «Олжа» шаруа қожалығы мен Қордай ауданындағы Айман Ашимова басшылық ететін «Байнұр» шаруа қожалығының мал бордақылау кешендерін атап өтуге болады. Бүгінгі күні аталған шаруашылықтарда қосымша 3000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2012 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін облыста сыйымдылығы 7060 басқа арналған 18 бордақылау алаңы құрылып, жұмыс атқаруда. Яғни, 2011-2015 жылдарға арналған (10000 мал орны) 5 жылдық жоспар бүгінгі күні 70,6 пайызға орындалды. Сондай-ақ, биылдан бастап, қой және жылқы шаруашылығын дамытуға арналған «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары іске асырыла бастады. Оның ішінде, «Құлан» бағдарламасы арқылы 10 айда 98,5 миллион теңгеге 324 бас бие мен 31 бас айғыр сатып алынса, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 348,0 миллион теңгеге 10 606 бас қой мен 183 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынды. Техникасыз тірлік өнбейтіні де белгілі. Сондықтан өңірімізде ауылшаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың басынан бері (10 айда) ауылшаруашылығын жаңа техникалармен жарақтау мақсатында облыс бойынша барлығы 1 637,2 миллион теңгеге 283 дана жаңа техника алынды. Бұл ретте айта кететін нәрсе, үстіміздегі жылдың 29 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» жөніндегі №421 қаулысы қабылданды. Мұндай қолдау ауылшаруашылығы саласында бұрын-соңды болмаған. Бүгінгі күні аталған қаулының ереже талаптарына сәйкес, 2 556,6 миллион теңгені құрайтын өндіріс орындарын құру, жаңа технологияларды енгізу, тауарлы фермаларды техникалық жарақтандыру сияқты 68 жобаның өтініші қабылданды. Бұл жобалар бойынша инвесторларға 652,5 миллион теңге субсидия берілді. Қазіргі таңда облыс көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 433 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар бар, оның ішінде бүгінгі күні нақты 293 кәсіпорын жұмыс істеуде. Мұнда 4 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтылған. Облыста сүт өңдеуші кәсіпорындар тарапынан шикізатқа деген қажеттіліктің орнын толықтыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Пилоттық жоба ретінде Жуалы ауданында орналасқан «Бурный ірімшік зауыты» ЖШС-ның өз қаражаты есебінен 40 миллион теңге бөлініп, кәсіпорынға жақын орналасқан ауылшаруашылығы тауарын өндірушілеріне 230 сауын сиыр сатып алынды. Сатып алынған сиырлардан сауылған сүт кәсіпорынға белгіленген бағада өткізіліп, бөлінген қаражат өніммен өтелетін болады. Ағымдағы жылы алғаш рет сүт өңдеуші кәсіпорындарына сары май, қатты ірімшік, құрғақ сүт өндірісіне қажетті шикізат көлемін сатып алу шығындарын субсидиялауға 277,6 миллион теңге қарастырылып, қаражат игерілу үстінде. Жоғарыда аталған шаралардың нәтижесінде облыста өндірілетін сүтті қайта өңдеудің үлесі 30,2 пайыздан 40,0 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, бүгінгі күні 4 шаруа қожалық, атап айтқанда, «Жадыра» ШҚ, «Ағали» ШҚ, «Тимофеев» ШҚ, «Медеу» шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен израильдік «Тесса» фирмасынан сүт өнімдерін өңдейтін қондырғыларды алуға тапсырыс беріп, құжаттарын рәсімдеуде. Маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында жыл сайын жылыжай кешендері бой көтеріп келеді. Бүгінгі күні 29,7 гектарды құрайтын 406 жылыжай бар. Бұл ішкі қажеттіліктің 42 пайызын құрайды. Елімізде ауылдық жерлердегі өмір деңгейін жақсартуға, ауылға білімді, білікті мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 886 әлеуметтік сала мамандары тартылып, 430 маман тұрғын үймен қамтылды. Бұл – жастарға мемлекет тарапынан жасалған жағдайдың бірден-бір жемісі деуге болады. Өңірде ағымдағы жылы эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру, тамақ және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде біршама жұмыстар атқарылды. Жалпы облыста 2010 жылдан бастап ветеринария саласы жергілікті атқарушы ұйымға міндеттелген болатын. Осы уақыт аралығында облыста ветеринарлық жұмыстар үшін 11 коммуналдық мекеме, 154 ветеринарлық пункт, сонымен қатар, әр ауданда ветеринария бөлімдері ашылып, материалдық-техникалық базасы толығымен жабдықталды. Үстіміздегі жылы облыста мал қорымдары 41-ге жеткізіліп, 18 мал сою алаңдары салынды. Соның нәтижесінде облыста ауылшаруашылығы жануарларына өте қауіпті саналатын аурулардың деңгейі төмендеді. Шетелдік инвесторларды тарту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Облыс басшысының шақыртуымен келген инвесторлар, атап айтқанда, Малайзия корольдігінің ханзадасы, Мадияр елі мен Словен кәсіпкерлері Жамбыл облысының ауылшаруашылығында инвестициялық жоба жасауға қызығушылық білдіріп, бірлесіп жұмыс жүргізу көзделуде. Меморандум жасалып, қол қойылды. Сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бастамасымен, 2020 жылға дейін облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде концепциясын әзірлеу мақсатында, арнайы шақыртуымен Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик Ғани Қалиев бастаған бір топ ғылыми-зерттеу институттарының басшылары және алыс-жақын шетелдерден келген инвесторлармен бірлескен кеңес өткізілген болатын. Кеңес барысында, облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы арасында жұмыс бағыттарын айқындау, облыстың әр ауданының даму әлеуетін белгілеу мақсатында үш жұмыс тобы құрылып, бүгінгі күні бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы мүйізді ірі қара мал санын көбейту, өнім өндірісін арттыру үшін салаға шетелден инвестициялар тарту, инвесторларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, малайзиялық «Агроста фармс» компаниясымен Меморандумға қол қойылды. Осы жоба арқылы 350 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Бұл үшін Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандарынан мүйізді ірі қара малын өсіруге 651 мың гектар ауылшаруашылығы жерлері белгіленді. Жоба бойынша 30 мың ірі қараға арналған 500 мал фермасы салынатын болады. Мойынқұм ауданында «Мойынқұм-Агро» ЖШС тарапынан инвестиция көлемі 5 миллиард теңгені құрайтын ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын құру бойынша жоба қолға алынуда. Оған 26,6 мың гектар жер бөлінді. Аталған жоба аясында 20 мың бас асыл тұқымды мал сатып алынады. Сондай-ақ, аймақта «Қазақтың сұр малы көне тұқымын (венгрдің сұр малы негізінде) заманауи Қазақстан жерінде жаңғырту» жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Қазақстан жағынан жобаға қатысушылар «ҚазАгро» ҰБХ АҚ, Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті, «Даму» қоры, «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциум және Жамбыл облысының 4 шаруа қожалығы болса, Венгрия жағынан «Nodus», «Szomor Ekofarm», «Agro Largo» компаниялары қатысады. Жобаға Мойынқұм ауданынан 4 200 гектар, Жуалы ауданынан 325 гектар жер бөлінді. Ет бағытындағы мүйізді ірі қара тұқымдарын жақсарту бойынша асылдандыру орталығы құрылады. Жыл соңына дейін Венгриядан 200 бас ірі қара мал жеткізу көзделуде. Облыс әкімінің тапсырмасымен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан әзірленіп, 2013 жылдың 27 қыркүйегінде облыстық мәслихатпен бекітілген «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысының ауылшаруашылығы құрылымдарын ірілендіру» бағдарламасы негізінде бүгінгі күні 604 шаруашылық 131 агроқұрылымға іріленіп отыр. Жалпы осы уақыт аралығында облыстың ауылшаруашылығы саласының дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ауылшаруашылығы еңбек ардагерлері Халел Бейсеев, Амангелді Карентаев, Сағынхан Әміреқұлов, сондай-ақ, Нұрмұхан Тілегенов, Владимир Синельников, Балтабай Бекежанов, Шолпан Даутов, Жұмахан Түкебаев, Нұрдәулет Әлібеков және тағы да басқа көптеген аға буын өкілдерінің сіңірген еңбектерін атап өтпеске болмайды. Бұл кісілердің сіңірген еңбектері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді.