- Advertisement -

Қаржыландыру екі есе өскен

51

- Advertisement -

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылдың басынан қолданысқа енгені мәлім. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе, яғни 2019 жылы 1 триллион теңгеден 2021 жылы 2,2 триллион теңгеге дейін өскен. 2022 жылы халыққа медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 триллион теңге, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 триллион, МӘМС бойынша 838 миллиард теңге бағыттау жоспарланған. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландыруды жақсартуға мүмкіндік берген.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова баяндады.

Негізі МӘМС жүйесінің негізгі принциптеріне тоқталар болсақ, мемлекет 15 жеңілдік санатындағы шамамен 11 миллион азаматқа жарна төлейді, халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты, әрбір сақтандырылған тұлға төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлеміне құқығы бар болады.

Пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады, егер ол ұйым Қордың өнім берушісі болса, Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.

– Халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың 1-ші қарашасынан бастап, сақтандырылғандардың үлесі – 75,5 пайыз, бұл 918 237 адамды құрайды. МӘМС жүйесінен облыстың 297 245 мың тұрғыны тыс қалып отыр.

Бұл халықтың осы бөлігінің, яғни сақтандырылмаған жағдайда, МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерге қолжетімділігін шектейді. Алайда олар әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы. Осы тұрғыда, сақтандыру мәртебесін алудың жаңа механизмін енгізу МӘМС жүйесіндегі көпшілік күткен және тиімді өзгерістердің бірі болып табылады.

Ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінен бастап, бір жыл бұрын алдын ала сақтандырылу мүмкіндігі пайда болды. Бұл тұрғыда өткен 12 айдың қарызын өтеу міндетті емес. Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмек алады. Оған салалық дәрігерлердің консультациялары, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер (рентген, УЗИ, КТ, МРТ және т.б.), жоспарлы емдеуге жатқызу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып емдеу, аурулардың алдын алу және диагностикалау кіреді, – деді Жанар Мықтыбекқызы.

Облыс бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жалдамалы жұмысшылардың үлесі – 19 пайыз, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер – 2,7 пайыз және жеке кәсіпкерлер 2,6 пайызды құрайды.

Соның ішінде МӘМС жарналары мен аударымдарын уақтылы төлеуі тиіс. Әр азаматқа сақтандыру мәртебесін тексеріп, төлемдердің болуын нақтылауы қажет. Ең тиімді жолы, әрі оңай жолы «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасын жүктеу немесе Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы тексеру. Төлемдердің сомалары мен кезеңдерін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тексеруге болады.

Мемлекет тарапынан сақтандырылуға балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, оларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі), жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар, мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар, тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар, жұмыс істемейтін қандастар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай- ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан студенттер қамтылған.

Сонымен қатар әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарна төлеуден босатылады. Мемлекет саласында жұмыс істейтіндерге жарна жұмыс орнынан төленеді. Жұмыс істемейтіндер өздері төлейді.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support