Әлеумет

Еңбегіміз еш кетпеді

Еңбегіміз еш кетпеді

Биыл Жаңаталап ауылындағы он адам бірігіп, 10 гектар жерге «Манас» деп аталатын пияздың тұқымын сепкен едік. Бұрын айналыспаған кәсібіміз болса да тәуекелге бел будық. Тәжірибелі дихандардың, мамандардың ақыл-кеңестерін пайдаланып, жаз бойы күтіп-баптадық. Пияз өсіру оңай емес екен. Арам шөбі қаулап кеткенде адам жалдауға тура келді. Оның үстіне суды да көп қажет ететін өсімдік болып шықты. «Ынталы» су қоймасынан су шаруашылығы кооперативімен келісім-шартқа отырып, алқабымызды уақтылы суғарудың арқасында өніміміз бітік шықты. Күз айы басталысымен оны жинауды қолға алдық. Соның арқасында бар өнімді мезгілінде жинадық. Өнімнің 150 тоннасын аудан мекемелері мен «Қаратау» тау-кен кешені ұжымына килограмын 50 теңгеден саттық. Қалғанын Тараз қаласына сатуға дайындап жатырмыз. Алдын ала есебіміз бойынша шыққан шығын (біз банктен несие алмай өз инвестициямызды жұмсадық) ақталып, пайда табатын түріміз бар. Табыс бізді тағы да талпындырып отыр. Әрі алған сабақтарымыз бар. Мысалы, суды пайдалануды үнемдеуіміз керек. Сондықтан келесі жылы пияз егуді әрі қарай жалғастырып, тамшылатып суғаруды қолға алсақ па деп отырмыз. Сонымен қатар, қырыққабат, қызанақ егу де ойымызда бар. Қысқасы азық-түлік қауіпсіздігін өзіміздің жасай алатынымызға көзіміз жетті.

Марқаш Мизамбаев, «Жаңаталап» шаруа қожалығының төрағасы.

Сарысу ауданы.