Денсаулық

Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы

Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы

Жамбыл атындағы No5 мектеп-гимназиясында «Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы» тақырыбында арнайы шара өтті. Қазақ әдебиеті мен журналистикасы қаранарының өнегеге толы өмірі ұлықталған жиынға саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбай, жазушының інісі, Президент күзеті қызметінің департамент бастығы, полковник Тастайбек Жарқынбекұлы, Шерхан Мұртазаның сыныптасы Әбдуәлі Данаев қатысты.

Сондай-ақ филология ғылымдарының доценті Темірбай Мұқашев, филология ғылымдарының докторы, профессор, шерхантанушы Меруерт Көпбаева, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова, ардагер ұстаз, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілұлы, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Керімқұл Бегалиев және өзге де тарихшылар мен жазушының жақын туыстары әдемі кештің куәсі болды. Салтанатты жиын аталған мектепте Ш.Мұртаза атындағы қазақ тілі мен әдебиеті сыныбының ашылуымен басталды. Жазушының есімімен аталған кабинеттің лентасын Ш.Мұртазаның сыныптасы Әбдуәлі Данаев пен кабинеттің ашылуына демеушілік жасаған Қайрат Айтбай қиды. Оныншы сынып оқушысы Сабина Бейсентай кеш қонақтарын сыныппен таныстырды. Мұнан соң мектеп-гимназия кітапханасына Шынар Ниязованың есімі беріліп, «Анаға тағзым» бұрышы ашылды. Мұндағы басты мақсат – халқымыздың ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген парасатты, текті, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Кіріспе сөзді мектеп- гимназия директоры Эльмира Қойлыбаева алды. Іс-шараны мектеп кітапханашысы Айткүл Қалиқызы жалғастырды. Жиын барысында оқушылар Қайрат Айтбайдың «Түркібастың Шынары» кітабының желісі бойынша өз ойларын айтты. Іс-шара әдеби-сазды кешке ұласты. Онда аталған мектеп- гимназияның өнерпаз оқушылары Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесі бойынша қойылым ұсынып, философиялық ой-толғамға толы «Бір кем дүние» шығармасынан үзінді оқыды. Қойылымның көркемдік жетекшісі – ҚР Халық артисі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Мәкен Рахымжанқызы. Әдеби кеште қазақ тілі пәнінің мұғалімі, жас прозаик Нұрлан Ерлан да проза оқып, өз өнерін ортаға салды. Ардагер ұстаз, «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Тоймұрат Қожамұратұлы жазушыға арналған өлеңін оқып, рухани кештің маңызын арттыра түсті. Кеш соңында Қайрат Айтбай керемет кештің ұйымдастырылуына атсалысқан мектеп ұжымына, өнерлерімен тәнті еткен оқушыларға алғысын білдіріп, мектеп ұжымына құнды кітаптар табыс етті. Өз сөзінде жыл соңына таман астана қаласында Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған іс- шаралардың жиынтығы ретінде республикалық форум өткізуді жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ наурыз айында мектепке арнайы көлік жіберіп, 30 шақты оқушыны Түлкібас ауданының әсем табиғатыментаныстырып,тарихи орындарды аралатуға уәде етті. Сонымен қатар қор атынан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашевты Шерхан Мұртазаның мұраларын зерттеуге қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады. Шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның құрметіне ұйымдастырылған байқауда жеңімпаз атанған оқушылар да марапатталып, сыйақыға ие болды. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова да мектеп ұжымына алғысын білдіріп, жазушының жазбалары мен күнделіктері топтастырылған кітапты сыйға тартты.  

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ,

журналист.