Мәдениет саласына қатысты мәселелер көтерілді
Мәдениет саласына қатысты мәселелер көтерілді
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып беріп, жүргізіп отырды. Әуелі Дәурен Әскербекұлы еліміздің мәдени өміріндегі ауқымды жобалар мен алдағы жоспарлар туралы айтып өтті. – Сан ғасырлық тарихы бар, тұғырлы тұлғаның талайына киелі бесік болған көне Тараз шаһарында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі. Биылдан бастап мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаттағы қызметкерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға көтеріле отырып, нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды. 2023 жылға дейін дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждердің қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға жетеді. Сонымен қатар чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларын өмір бойы қамтамасыз ету мөлшері 4 есе өседі. 2024 жылға қарай спорт төрешілерінің жалақысы негізгі лауазымдық жалақының 100 пайызына дейін көтеріледі. Атап айтқанда, 2024 жылға қарай халықаралық санаттағы спорт төрешілері күніне 17 мың теңгеден астам жалақы алатын болады. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы жалақы 6 есеге өседі. Осылайша, біз жарысқа күні бойы әділ және жауапкершілікпен төрешілік ететін ең жақсы төрешілерді тартуға мүмкіндік аламыз, – деп министр жалақы мәселесі алдағы бір, екі жылда толығымен шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар өңірге қатысты ауқымды жобалар туралы да айтты. – Біз кино саласына ерекше назар аударамыз. Тек 2022 жылы конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 60-қа жуық киножоба мемлекеттен қаржыландырылады. Жыр алыбы Жамбыл атамыздың өмірінің соңғы тоғыз жылына арналған «Жамбыл. Жаңа Дәуір» фильмі көрерменге жол тартатын болады. Жамбыл атамыздың фильмінен Жамбыл өңірі кеш қалмайды деп ойлаймын. Оған қоса халқымыздың материалдық мұрасын қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде биыл жыл соңына дейін Қолөнершілер орталығы ашылады. Болашақта ашылатын ол орталықта қазақ өрнектерімен жасалған зергерлік бұйымдар, қыш ыдыстар, тоқыма түрлері, киіз өнімдері, ұлттық аспаптарымыз қойылатын болады. Өздеріңіз білесіздер, Тараз шаһары биыл әлемнің 60-қа жуық қаласын қамтитын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне еніп отыр. Сондықтан өңірдің үздік қолөнер шеберлері жоғарыда айтып кеткен орталықтың жұмысына белсене қатысады деп сенемін. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейінгі жоспарға сәйкес республика бойынша 1 500 объектінің құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Тек, биыл елімізде 35 объектінің құрылысы мен 265 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың ішінде, Жамбыл өңірінде 32 мәдениет нысанында жөндеу және 4 нысанда құрылыс жұмыстары көзделіп отыр. Және тек сіздердің өңірде биылдың өзінде 4,8 мыңнан астам бала қосымша тегін үйірмелермен және 5,2 мыңнан астам бала спорт секцияларымен қамтылды. Келесі жылдан бастап біз 2025 жылға дейін 13 миллиард теңгеден астам сомаға 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 демалыс аймағы, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені және «Көксай» этно-туристік кешенін салу, сондай- ақ «Қаралма» тау шаңғысы базасын салу жоспарда бар. Тараз қаласы – Қазақстанның мәдени туризмінің ең танымал төрт бағытының қатарына кіреді. Облыс орталығы Тараз қаласы ғана емес, жалпы Жамбыл облысының қай аудан, қай ауылынан болсын құнды жәдігерлерді, тарихи мекендерді көптеп кездестіруге болады. Тағы бір атап өтерлік жайт, ішкі туризмді дамыту мақсатында біз «Neo Nomad 2022» жобасын іске қостық. Әрбір қазақстандық еліміздің барлық өңірінен таңдап алынған 20 локацияға барып, арнайы фотоспоттар жанында естелік суретке түсіп, әлеуметтік желілерге жариялауы тиіс. Жыл бойы еліміздің барлық өңіріне барып, арнайы фотоспотта түсірілген 20 фотосуретін жариялаған белсенді азаматтар қазіргі заманғы көшпенді мәртебесі мен бағалы сыйлықтарға ие болады. Әулиеата жерінен Айша бибі кесенесі бұл акцияға қосылған, – деді министр. Жиын барысында жас мамандарды тұрғын үймен қамту, жөндеу жұмыстарына мұқтаж болып тұрған «Ежелгі Тараз» мұражайы, әлі күнге дейін бір ғимаратта отырған қос театрдың тіршілігі, бұрындары жұмыс істеген, кейін жабылып қалған мәдени ағарту училище секілді кадр даярлау ошағының қажеттілігі секілді бірқатар мәселелер көтерілді. – Мамандардың өзекті проблемаларына қатысты бірталай сұрақтар болды. Әрине, ең өзектісі мәдениет пен өнер саласындағы қызметкерлердің айлық жалақысы. Шындығында олардың қазіргі таңда айлықтары шайлығынан артылып жатқан жоқ. Әйтпегенде мәдениет пен спортта ел намысын қорғап жүрген жастарымыз жетерлік. Міне, солардың жағдайын жақсарту арқылы елімізді әлемге танытудың жолдарын, тетіктерін қарастыруды да министр айтып өтті. Енді осы айтылған мәселелердің оң шешімін күтеміз, – дейді «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев. Министр Дәурен Абаев жүздесуде көтерілген бірқатар мәселелерді жергілікті билік өкілдерімен бірге қарастыратынын мәлімдеді. Басқосудан кейін Мәдениет және спорт министрі облыс тұрғындарын, сала мамандарын жеке қабылдап, мәселелерін назарға алды.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ