- Advertisement -

Достық дастарқаны жайылды

191

- Advertisement -

«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» демекші, еліміздегі өзге этностардың әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын жаңғырту, басқа ұлттарға қазақ халқының ұлттық тағамдары мен дәстүрлерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Тараз қаласы №34 орта мектебінде «Достық дастарқаны» атты ана мен қыз бала арасындағы тәрбие ізгілігіне арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Әртүрлі ұлт өкілдері білім алатын оқу ошағында осынау іс-шараның өтуі жарасымын тауып тұрды. Тараз қаласы ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Орынбайқызы сол мектепте білім алып отырған ұлт өкілдерінің, яғни, ана мен қыз арасындағы тәрбиелік мәдениетті ұштастыру үшін қазақ, орыс, дүнген, өзбек халқы ұлттық болмысын таныту аса маңызды екеніне тоқталды.

Іс-шара барысында қазақ, орыс, дүнген, өзбек халқының түрлі тағамдарының дайындалуын, әзірленуін аналары қыздарына үйретті. Өзінің ұлты орыс болса да мемлекеттік тілді еркін меңгерген Зинаида Казаченко орыс халқының тіл үйіретін тұшпарасы қалай тез әрі әдемі түйілетінін көрсетті. Таза қазақ тілінде сөйлеп, ел назарын аударды. Мектебіміздің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Зарина Нұрланқызы қазақ салтында шай құю тек қыз-келіншектің еншісіне тиіс және шай ішу қазақ халқының өмірінде өте байырғы дәстүр-салтымен ұштасып жатқаны, шеберлікпен шай құйып, қонағына ишарат білдіріп құрмет көрсетуі қыз тәрбиесіне тән қасиет екенін айтты.

Ынтымағы мен татулығы көрініс тапқан достық дастарқаны басында Ғалия Орынбайқызы: «Қыз, әйел, ана – қасиетті ұғымдар, өйткені олар – өмірдің ұрпақ өрбітетін бастау-бұлағы. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын – әйел-ана. Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі деп танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» дей келе, мән-маңызы терең тәрбиелік ойларымен бөлісті.

Мектеп директоры, дүнген ұлтының өкілі Динара Нұралиева жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, ұлттар достығының нығаюына мұндай іс-шараның әсері мол екенін айтты.
Шеберлік сағатында түрлі ұлт өкілдерінің арасынан жиналған шебер аналарымыз мектеп директорының Алғыс хатымен марапатталды.

 

Лаура ҚОЛДАСОВА,
№34 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support