Ұлтым басқа болса да, жүрегім – қазақ

Ұлтым басқа болса да, жүрегім – қазақ
Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Мемлекеттік тілді өзімнің ана тілімнен еш кем көрмеймін. Екі тілде де тең дәрежеде сөйлеймін. Менің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуімнің себептері көп. Нағашыларым – қазақтар. Нағашы атам– Нариман Сәлімов Диқан ауылында тұрды. Бір қызығы, нағашы апам – Мария Лейхнер неміс ұлтының өкілі еді. Сарыкемер ауылында дүниеге келдім, қазір осында тұрамын. Одан соң балабақшада қазақ тобына бардым. Мектепте де қазақша сөйледім. Бала күнімнен қазақы болмысты, қазақтың мінезін, құндылықтарын бойыма сіңірдім деп айта аламын. Кейіннен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті атанып, қазақша «Көңілді тапқырлар клубына» (КВН) қатыстым. Бұл күнде Сарыкемердегі Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияда география, биология пәндерінен сабақ беремін. Мектепте әр күніміз көңілді. Жақсы ұстаздар, үлгілі оқушылар көп. Жергілікті ұлт өкілдеріне сабақ беріп, білімдерінің артуына үлес қосып жүргенімді жақсы жетістігім деп бағалаймын. Оқушылардың да білімге деген құлшыныстары, жақсы ұстаздарға деген құрметтері жоғары. Гимназия директоры жас мамандарды үнемі қолдайды. Маған да көп нәрселерді үйретіп, үнемі жол көрсетіп келеді. Өзім күнделікті гимназиядағы ұстаздығымнан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысамын. Облыстық деңгейде түрлі іс-шараларды қазақ тілінде жүргізіп, ұлт өкілдерінің достығына тамшыдай үлес қосып жүргеніме қуанамын.
Евгений КРАВЧУК,
мұғалім.
Байзақ ауданы